Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуы мүмкін бе? Тоқаев конституциялық норманы нақтылады

20.01.2026, 13:50 59

Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтауы мүмкін жағдайларға қатысты қоғамда жиі қойылатын сауалға жауап беретін маңызды конституциялық ұстанымды айтты.

Президенттің сөзінше, қолданыстағы Конституцияда Мемлекет басшысы өз міндетін атқара алмайтын төтенше жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат Төрағасына өтеді. Ал Сенат Төрағасы да бұл функцияны атқара алмаған жағдайда, өкілеттік заңда белгіленген тәртіппен өзге лауазымды тұлғаларға беріледі. Алайда дәл осы тетікте ең үлкен мәселе «қалған мерзім» ұғымының нақтыланбауында болып отыр.

— Мұндағы негізгі түйін «қалған мерзім» деген түсінікке келіп тіреледі. Ол алты ай да, алты жыл да болуы мүмкін, — деді Мемлекет басшысы.

Осы белгісіздікті жою үшін Президент нақты ұсыныс айтты. Оның пікірінше, Мемлекет басшысының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда, елде биліктің заңды жолмен қалыптасуы үшін кезектен тыс президент сайлауы қысқа мерзімде өтуі тиіс.

— Сондықтан мұндай жағдайда кезектен тыс президент сайлауы екі айдың ішінде өткізілуі тиіс деген норма Негізгі заңда нақты әрі айқын жазылуы қажет. Бұл – халықаралық озық тәжірибеге толық сай келеді. Кез келген ел басшысы билікке тек сайлау арқылы келуі керек. Бұл – менің принципті және өзгермейтін ұстанымым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл талап тек қазіргі кезеңге ғана емес, болашақта елді басқаратын мемлекет басшылары үшін де мызғымас қағида болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай норма саяси жүйенің ашықтығын арттырып, биліктің легитимділігін күшейтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: