Ұлттық құрылтайда сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық өзгерістер дәуірінде мемлекет дамуының негізгі тірегі – халықтың әлеуеті екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елдің болашағы азаматтардың жасампаздық қуатына және жаңа шындыққа бейімделу қабілетіне тікелей байланысты.
— Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінгі кезеңнің ерекшелігіне де тоқталып, әлемнің аса жылдам өзгеріп жатқанын айтты. Оның пікірінше, жаңа дәуір адамдардың ойлау жүйесін түбегейлі өзгертуде.
— Қазіргі кезең аса серпінді. Ол адамдардың қалыптасқан ойлау жүйесін бұзып, менталдық құрылымдарды шайқалтып жатыр. Цифрландыру мен жасанды интеллект мүлде жаңа шындықты қалыптастыруда. Бұл шындықта бұрын орныққан түсініктер мен тәжірибелердің көпшілігі өз мәнін жоғалтады, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық цифрлық экономика жағдайында елдердің халық саны бұрынғыдай шешуші фактор бола бермейді.
— Алдағы уақытта елдердің табысты болуы халық санына емес, жасанды интеллект қалыптастыратын жаңа шындыққа қаншалықты бейімделе алғанына байланысты болады. Бұл үдеріске тек бейімделіп қана қоймай, оны қалыптастыруға белсенді әрі нақты түрде қатыса алған ұлттар ғана алға шығады, — деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Президент Қазақстанның цифрландыруды жедел дамыту және жасанды интеллектіні қоғамдық әрі жеке өмірдің барлық саласына енгізу жолын таңдағанын атап өтті.
— Сондықтан Қазақстан цифрландыруды жедел дамыту және жасанды интеллектіні қоғам мен адамның өмірінің барлық саласына енгізу жолына түсті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!