Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

V Ұлттық құрылтай: Қызылордада әлеуметтік-мәдени дамудың өзекті бағыттары талқыланды

19.01.2026, 20:11 33

Қызылордада V Ұлттық құрылтай аясында «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясының отырысы өтті. Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Отырысқа Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Секция барысында мәдениет саласын дамыту, креативті индустрияны қолдау, әлеуметтік саясатты жетілдіру және отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Әсіресе балаларға арналған контент пен анимация индустриясын дамыту тақырыбына ерекше назар аударылды.

Аида Балаева Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта қордың материалдық-техникалық базасы қалыптастырылып жатыр. Сонымен қатар қор құрылымында анимацияға арналған жеке бағыт ашу жоспарлануда. Министр бұл салада саннан бұрын сапаға мән беру керектігін, контенттің бала психологиясына, жас ерекшелігіне және тәрбиелік ықпалына ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін айтты.

Отырыс барысында ұлттық дәстүрді сақтау, «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру мәселелері де көтерілді. Кітаптарды аудару және басып шығаруға ұсынылатын шығармаларды іріктейтін арнайы комиссия құру, жас авторлардың еңбектерін кітапханалар қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігі айтылды.

Құрылтай аясында «Білім және ғылым», «Азаматтық қоғам» және «Экономикалық даму» бағыттары бойынша секциялық талқылаулар жалғасуда. Бұған дейін өткен төрт Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер негізінде бірқатар заңдар қабылданып, Президент жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізілген.

Айта кетейік, ертең, 20 қаңтарда Мемлекет басшысының қатысуымен V Ұлттық құрылтайдың пленарлық отырысы өтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: