Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардагерлер – ел бірлігінің ұйытқысы

19.01.2026, 17:10 48

HALYQLINE.KZ

Өткен аптаның жұмасында Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті ІХ конференциясы өтті. Бес жылда бір өтетін ардагерлер жиынына аудандағы бастауыш ұйымдардан сайланған делегаттар және шақырту алған ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.

Конференцияның ашылу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков алғы сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары, Үкіметтің әлеуметтік саясаттағы басым бағыттары және облыс әкімі айқындап берген міндеттер аясында ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету, аға буынның өмірлік тәжірибесін жастар тәрбиесіне тиімді пайдалану басты назарда екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда үлкендердің сара жолы мен тағылымды өнегесінің айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

Конференцияда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары туралы баяндама жасап, аудан көлемінде ардагерлер ұйымдарының белсенділігі мен жүзеге асырылған іс-шараларға кеңінен тоқталды. Қазіргі кезде аудан ардагерлерінің саны 9697-ге жетіп, олар 50 бастауыш ұйымда есепте тұрады. Салыстырмалы түрде айтқанда өткен конференция кезінде бастауыш ұйым саны небары 32 болса, осы аралықтағы ізденіс пен қарқынды жұмыс барысында әрбір ардагер мұқият есепке алынып, қамқорлық аясына топтастырылғандығы аңғарылады. Сондай-ақ, олардың әлеуметтік жағдайы, медициналық көмек қажеттілігі, нақты өмірге белсенді араласу тұрғысында көп жұмыс атқарылған. Туристік саяхаттар, мәдени-спорт жарыстарын ұйымдастыру т.б. іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Осы мәселелерге тоқталған төраға елдің ынтымақ, бірлігі туралы да өз тұжырымын ортаға салды.

Жарыссөзге шыққан аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Айжамал Әбдіхамитқызы, Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет, Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Басаман Примбетов ардагерлердің қоғамдағы орны мен ел келешегіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау нәтижесінде Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшелігіне 49 адам, аудандық ардагерлер кеңесінің Алқа мүшелігіне 11 адам бекітілді. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер алқасының шешімімен төрағалыққа Өркен Исмаил бірауыздан қайта сайланды.

Сонымен қатар, конференция шешімімен облыстық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшелігіне аудан атынан 4 ардагер, облыстық конференцияға делегат болып 4 адам ұсынылды.  

Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Бақыт Нұртазаев облыстық ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстарына тоқтала келе, алдағы міндеттерді де атап өтті. Және де Жуантөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Машрапинге «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ, аудан көлемінде белсенділік танытып, қоғамдық келісім мен ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар белсенді ардагерлер марапатталды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ,

Шиелі  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: