Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәжіліс депутаты кәсіпкерліктің дамуын тежеп тұрған негізгі мәселелерді атады

19.01.2026, 16:40 45

Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов елдегі кәсіпкерлікті өркендетуге кедергі келтіріп отырған басты факторларға тоқталды.

Депутаттың айтуынша, ең өзекті мәселенің бірі — шағын және орта бизнеске берілетін несиелердің тым жоғары пайызбен ұсынылуы. Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге 20–25 пайыздық мөлшерлемемен несие ұсынып отыр, бұл бизнесті дамытуға мүмкіндік бермейді.

— Несие қолжетімді болуы керек, пайыздық мөлшерлеме 8 пайыздан аспауы тиіс. Сонда ғана кәсіп бастаймын деген азаматтарға нақты жағдай жасалады, — деді ол.

Сонымен қатар Нұртай Сабильянов биыл күшіне енген Салық кодексін қайта қарау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге түсетін жүктеме тым ауыр, ал олардың қызметін пайдаланатын заңды тұлғалар іс жүзінде жауапкершіліктен тыс қалып отыр. Осыған байланысты депутат кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуге дайын екенін мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы саласына қатысты «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5–7 жылға 2,5 пайызбен несие беріліп жатқанын атап өткен ол, бөлінетін қаржы көлемін арттыру және кепіл мәселесін жеңілдету керектігін жеткізді. Себебі ауылдағы тұрғын үйлердің нарықтық құны төмен болғандықтан, кепілге жарамсыз болып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2025 жылғы экономикалық даму нәтижелері мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасаған болатын.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: