Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановпен кездесіп, өңір үшін стратегиялық маңызы бар «Қараөзек» су қоймасы мен «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбыры жобаларының қазіргі ахуалын талқылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде бірінші кезекте салынатын 9 су қоймасының қатарына енген «Қараөзек» су қоймасы бойынша жобалық құжаттар әзірленген. Жоба Ислам даму банкінің «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту» бағдарламасы аясында қаржыландыруға ұсынылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін бастау жоспарланып отыр.
Кездесуде Арал және Қазалы аудандары тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбырының мәселелері де көтерілді. 1986 жылы пайдалануға берілген желілердің тозуына байланысты апаттық жағдайлар жиілеп, су беру тұрақсыз күйге түскен. Осыған байланысты су құбырының екінші тармағын салуға арналған жоба-сметалық құжаттама дайындалған.
Жоба аясында 43,7 млрд теңгеге 234 шақырым су желісін салу көзделіп отыр. Былтыр республикалық бюджеттен бөлінген 5,5 млрд теңге есебінен 23 шақырым құбырдың құрылысы аяқталған.
Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі Ислам даму банкі арқылы тартылатын қарыз қаражаты есебінен жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны қолдаған. Бұл жобалар «Қараөзек» су қоймасын салуға және су жеткізу каналдарын күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған.
Кездесу барысында тараптар өңірдегі су тапшылығын жүйелі шешу, инфрақұрылымды жаңарту және жобаларды уақытылы іске асыру мәселелеріне басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Коллаж автордікі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!