Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақтөбе мен Қызылорда өңіраралық әріптестікті күшейтпек

15.01.2026, 16:25 38

Қызылорда облысына Ақтөбе облысының ресми делегациясы жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Іссапардың негізгі мақсаты – өңіраралық байланысты нығайту, әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларға жол ашу.

Сапар аясында делегацияны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қабылдады. Кездесуде тараптар өңірлердің даму қарқыны, инфрақұрылымдық жобалар және өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері төңірегінде пікір алмасты. Ақтөбелік қонақтар алдымен халықаралық стандарттарға және УЕФА талаптарына сай салынған 11 мың орындық Орталық стадионды аралады. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асатын спорт кешенінде бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, таеквондо, ауыр атлетика, спорттық гимнастика мен фитнес залдары орналасқан. Нысан тұрғындар үшін үздіксіз әрі қолжетімді қызмет көрсетуге бейімделген. Сондай-ақ делегация Президент саябағын және сол жағалаудағы тарихи-өлкетану музейін көрді. Қазіргі таңда саябақты жаңғырту жұмыстарын Alem Qurylys AQ серіктестігі жүргізіп жатыр. Жоба аясында 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ салу қарастырылған.

Жаңғырту жоспарына сәйкес, саябақ аумағында аллеялар, субұрқақтар, амфитеатр, спорт және би алаңдары, балалар ойын аймақтары, workout және демалыс орындары бой көтермек. Бұдан бөлек, фудкорт, велосипед және жүгіру жолақтары, аттракциондар, теннис үстелдері, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары салу жоспарланған. Ботаникалық бақ аумағында да абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы аумағы 2,41 гектар болатын бақта Оңтүстік Африка, Қытай, Жапония, Мадагаскар, Орталық және Оңтүстік Америка аймақтарына тән өсімдіктер отырғызылмақ.

Ал балалар лагерінің құрылысына 6,02 гектар жер бөлінген. Мұнда әкімшілік ғимарат, тұрғын корпустар, қонақүй үлгісіндегі нысан, киіз үйлер, ашық бассейн, футбол алаңы, стадион және мәдени іс-шараларға арналған алаңдар салу көзделген. Сапар өңірлер арасындағы байланыс тек ресми кездесулермен шектелмей, нақты жобалар арқылы жалғасуы тиіс екенін көрсетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: