Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жаңа кәріз-тазарту нысаны іске қосылады

13.01.2026, 14:00 53

Еліміздегі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту аясында биыл бірқатар қалада кәріз-тазарту құрылыстары іске қосылады. Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов қалалық кәріз жүйесінің тозуы санитарлық-эпидемиологиялық қауіптің негізгі көздерінің бірі болып отырғанын айтты. Вице-министрдің мәліметінше, Қазақстандағы кәріз-тазарту құрылыстарының басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Бұл жағдай әсіресе өңірлерде экологиялық және қоғамдық денсаулыққа тікелей әсер етіп отыр. Биылғы жылы бұл мәселені шешу бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұған дейін Ақтау мен Леңгір қалаларында жаңа кәріз-тазарту нысандары пайдалануға берілсе, 2025 жылдың соңына дейін тағы төрт қалада – Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражалда жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу жоспарланған.

Қызылорда үшін бұл жоба ерекше маңызға ие. Өңірде инженерлік инфрақұрылымның тозуы мен экологиялық жүктеме мәселесі жиі көтеріліп келеді. Жаңа нысан іске қосылған соң, қаладағы тұрмыстық ағын суларды тазарту сапасы жақсарып, санитарлық қауіп азаяды деп күтілуде. Жалпы республика бойынша кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғыртуға бағытталған 45 жоба қарастырылған. Бұл жобалар әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері, «Бәйтерек» холдингі арқылы облигациялық несиелер, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі және арнайы трансферттер пайдаланылады. Оның ішінде 7 жоба Еуропа қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкінің несиелері арқылы іске асырылады.

Инфрақұрылымдық жобаларды тиімді басқару мақсатында 2025 жылғы қарашадан бастап Ұлттық жоба аясында Біртұтас электрондық платформа іске қосылған. Бұл жүйе жобаларды өтінім беру кезеңінен бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті қамтиды.

Қазіргі таңда министрлік құзыретінде 89 жоба тіркелген. Оның 52-сі сумен жабдықтауға, 37-сі су бұруға қатысты. Инфрақұрылымы қатты тозған, «қызыл аймаққа» жататын және табиғи монополия субъектілері жүзеге асырып жатқан 31 жоба басымдыққа ие деп белгіленген.

Айта кетейік, аталған бастамалар өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың өмір сапасын арттыруға және коммуналдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: