Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2026 жылы 540 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізеді

13.01.2026, 13:55 53

Қазақстанда ауыз сумен қамту мәселесін шешуге бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2026 жылы сумен жабдықтау саласында бірқатар маңызды жобалар аяқталатынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, келесі жылы бұл бағытта 12 жоба пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде жалпы халқы шамамен 540 мың адамды құрайтын 142 ауылдық елді мекенде ауыз судың сапасы жақсарады. Бұл – елді мекендерді таза сумен қамтудағы маңызды кезеңдердің бірі.

Негізгі нысандардың бірі – Шардара топтық су құбыры болмақ, оның құрылысы 2026 жылдың шілдесінде аяқталып, Шардара қаласын жерасты көздерінен ауыз сумен қамтамасыз етеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың ауыз сумен қамтамасыз етілуі толығымен жаңа су құбыры есебінен жүзеге асырылады. Осының арқасында Шардара су қоймасындағы су көлемінің азаюы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге әсер етпейтін болады, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Министрлік сонымен қатар елдің үш облысында тағы 5 ірі жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл жобалар аясында ірі топтық су құбырларының бас құрылысжайларын салу жоспарланған.

Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптама қорытындысын алу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр. Осыдан кейін аталған жобаларды қаржыландыру мәселесі қаралатын болады.

Айта кетейік, бұл бастамалар ауылдық елді мекендердегі өмір сапасын арттыруға, су тапшылығы қаупін азайтуға және өңірлерді тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: