Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаржылық қауіпсіздік мәдениеті қалыптасып келеді

10.01.2026, 14:10 36

Қаржылық қауіпсіздік мәселесі бүгінде тек құқық қорғау саласының емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналып отыр. Осы бағытта Қаржылық мониторинг агенттігі «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы кезеңде ел бойынша 4 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізіліп, олардың аясында шамамен 4 миллион азамат қамтылды. Бұл жұмыстарда азаматтардың қызығушылығын арттыру үшін коммуникацияның заманауи әрі креативті форматтарына басымдық берілді.

2025 жылдың алғашқы алты айында қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада ұйымдастырылып, оған 3,5 мың студент қатысты. Олимпиада қарсаңында еліміздің 2 мың мектебінде, сондай-ақ 1,5 мың жоғары оқу орны мен колледжде қаржылық қауіпсіздікке арналған сабақтар өткізіліп, 800 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды. Бұл шаралар жастардың қаржылық тәуекелдерге қатысты базалық түсінігін қалыптастыруды көздеді.

Маусым және қараша айларында өткен «AFM online 2025: XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» және «AFM Digital Lessons» атты республикалық форумдар қаржылық қауіпсіздік тақырыбын жаңа деңгейде талқылауға мүмкіндік берді. Сабақтар интерактивті форматта өтіп, онлайн-сауалнамалар, жасанды интеллект қолданылған квиз-тапсырмалар және заманауи графикалық шешімдер пайдаланылды. Нәтижесінде 90 жоғары оқу орнынан және 263 колледжден 164 мың студент, сондай-ақ 16 мыңға жуық бюджеттік ұйым қызметкері қамтылды.

Іс-шараларды ұйымдастыру барысында танымал әртістер, блогерлер мен медиа тұлғалар тартылып, ақпараттың кең аудиторияға жетуіне жол ашылды. Серіктестер қатарында Астана қаласының әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және zakon.kz ақпараттық порталы болды. Сонымен қатар «Заңды күлкі» тақырыбымен «Жайдарман» КВН ойыны екі рет өткізіліп, оған елдің 12 үздік командасы қатысты. Ойындарды шамамен 3 мың көрермен тамашалады.

Әлеуметтік осал топтармен жұмыс та назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылдың тамыз айында Қаржылық мониторинг агенттігі «Қарызсыз қоғам» жобасымен бірлесіп елордада 1 мыңға жуық зейнеткер мен несие жүктемесі бар азаматтарға арналған оқыту семинарлары мен консультациялар өткізді. Кездесулер барысында қаржылық пирамидалар, интернет-алаяқтық және заңсыз микроқаржы ұйымдарының қауіптері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.

Күз мезгілінде өткен «FinIQ – 2025» республикалық онлайн-диктантқа 2,8 миллион азамат қатысты. Оның ішінде 1,3 миллионы – оқушылар мен студенттер. Ал 1–15 желтоқсан аралығында ұйымдастырылған «Qarzhy Saqshysy» республикалық компьютерлік ойынына еліміздің барлық өңірінен 800 мыңнан астам жас қатысты. Бұл жоба қаржылық қауіпсіздік тақырыбын ойын форматында жеткізудің тиімділігін көрсетті.

Аймақтық деңгейде де мазмұнды бастамалар жүзеге асты. Қызылорда қаласында Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен «Заң мен тәртіп – ел тұғыры» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтіп, онда заң үстемдігі, қаржылық алаяқтық, дропперлік секілді өзекті мәселелер жыр тілімен қозғалды. Балаларға арналған «Қошқар мен Теке» атты қаржылық қауіпсіздік тақырыбындағы анимациялық мультфильмдер циклі әзірленіп, бүгінде олардың әлеуметтік желідегі жалпы қаралымы 200 мыңнан асты.

Сонымен қатар қаржы пирамидаларының зардаптарын ашып көрсететін деректі фильмдер сериясы жарық көрді. «HAS пирамидасы туралы», «Ақшаның соңынан қуғандар», «Пирамидалық тәуелділік пе, әлде аңғалдық па?» атты фильмдерді шамамен 200 мың көрермен тамашалады. Танымал актерлер мен блогерлердің қатысуымен әзірленген профилактикалық бейнероликтер қаржы пирамидаларына, онлайн-казино мен дропперлік схемаларға қарсы бағытталып, 3,5 миллионнан астам қаралым жинады.

Алдағы кезеңде Агенттік халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға, қаржылық тәуекелдерге қарсы тұрақты дағдыларды қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды заманауи әрі креативті тәсілдер арқылы жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы басты мақсат – қоғамды қорқыту емес, қаржылық шешім қабылдауда саналы таңдау жасау мәдениетін орнықтыру.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: