Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев аудандық мәслихат төрағасы, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары және қала әкімімен бірге қаладағы елге еңбегі сіңген ардагерлердің шаңырағына арнайы барды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазыналы қарияларға аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ерекше құрметі мен арнайы сәлемін жеткізді.
Алдымен аудан басшысы жазушы-журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Арал ауданының Құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағамбетовтің шаңырағына ат басын тіреп, абыз ақсақалдың хал-жағдайын білді. Қарияны мерекесімен құттықтап, аудан әкімінің арнайы мерекелік құттықтауын табыстады.
Ғасыр ғұмырға таяған абыз ақсақал – тұтас бір дәуірдің тірі шежіресі. Қалам құдіретімен елге танылған руханият жанашыры бүгінде 98 жастың биігін бағындырып отыр.
Мұнан соң елдегі қазыналы қариялардың бірі Әбілбай Садықбайұлының шаңырағына барды. Елдің амандығын тілеп, жақсылыққа үмітпен қарайтын қарияға құрмет көрсетіп, батасын алды.
Әбілбай Садықбайұлы – өз ғұмырында мемлекет ісінің басы-қасында болып, біршама қызметтік сатылардан өту арқылы қоғамның құрметіне бөленген қадірлі жан. Аудан ардагерлерінің ағасы іспетті болды десе болғандай. Біткен іске «бәрекелді» деп шабыттандырып, ел азаматтарына батасын беріп келеді.
Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған қариялардың ақыл-кеңесі қазіргі қоғамға керек-ақ. Мұндай жандар бүгінде саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – қарттықтың қадірлі кезеңіне аяқ басқан, Арал ауданының Құрметті азаматы Кішкене Айбосынов.
Аудан басшысы қазыналы қариялардың шаңырағында болып, мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Ғұмырының мағыналы кезеңдерін басшылық қызметтерге арнап, қызмет еткен жылдары жақсы жетістіктерге қол жеткізген жанның тәлімінен сабақ алған қаншама қызметкер бүгінде аудан экономикасының қарқынды дамуына айрықша үлес қосып келеді. Өмірі өнеге мен тәжірибеге толы Кішкене Дәуренбекұлы кешеге дейін қоғам өмірінен тыс қалмай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Кейінгі көптеген буынға үлгі болды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мұнан соң «Қамқор тұтыну» ЖШС-нің директоры, Арал ауданының Құрметті азаматы Зияғаладин Өтеновтың шаңырағында болды. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне айтарлықтай үлес қосып жүрген ардагерге арнайы сый-құрмет көрсетіп, аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізді.
Бүгінде аудандағы мәдениет пен өнердің анасына айналған Базар Қостайқызының ел қадірлісі ретінде өзіндік орны бар. Саналы ғұмырын аудан мәдениетіне арнаған ардақты жан бүгінде қарттықтың қазыналы кезеңінде. Мерекеге орай өнер саласының майталманына аудан әкімінің арнайы құттықтауы табысталып, ерекше сый-құрмет көрсетілді.
Бұл кездесулер тек мерекелік сый емес, ел тарихын жасаған тұлғаларға деген терең тағзым, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды. Қазыналы қариялар барда елдің еңсесі биік, рухы берік.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!