Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерді былай қойғанда қарапайым халыққа қалай әсер етеді?

25.12.2025, 6:00 28

HALYQLINE.KZ

ЖАЛҚЫ СҰРАҚ

Мақсат  ХАЛЫҚ,

қаржы  сарапшысы:

— Жаңа Салық кодексіндегі қуантарлық бір жағдай, прогрессивті табыс салығы енгізіліп жатыр. Яғни, табысы көп азаматтар көбірек салық төлеуі керек деген норма бар. Бұл идея бұрыннан айтылып келе жатқан, яғни кім зәулім үйде тұрғысы, кім қымбат көлік мінгісі келеді, табысы көп азаматтар көбірек салық төлегені жөн деген. Мұны дұрыс жағы деп ойлаймын. Ал, екінші жағы бар. Егер де ол нормадан көп болып кетсе, онда біздегі ауқатты адамдар Қазақстаннан кетуі, азаматтығын ауыстыруы мүмкін. Бірақ, әзірге ол қойылған пайыздық мөлшерлемені өз басым жоғары деп есептемеймін. Неде болса ақырындап енгізіліп жатыр. Яғни, 8500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі табыс тапқан азаматтарға 10 пайыз салық салынады, ал одан жоғары табыс тапқан азаматтарға 15 пайыз енгізіледі.

Енді келесі жағы бар, қосымша құн салығының өзгеруіне байланысты. Бүгінгі күннің өзіне дейін инфляцияның қарқынды сипат алуына әсерін тигізді. Әлі қосымша құн салығының жоғарғы көрсеткіші енгізілген жоқ, бірақ шешім қабылданған күні-ақ көптеген компания өз қызметін немесе тауар бағасын өсірді. Оны анық көріп отырмыз, тіпті артығымен өсіргендер де бар. Негізі қосылғаны 4 пайыз ғой, бірақ 10 пайызға дейін өсіргендер бар. Мұның барлығы жаппай баға өсіміне әкеліп жатыр. Келер жылы шағын және орта кәсіпкерлерге де осы салықты төлеуге тура келеді. Сол уақытта олар да өз шығындарына салықты есептеп, тауар бағасын қымбаттатады. Бұл, сайып келгенде, халықтың төлем қабілетінің нашарлауына, табысының ортаюына алып келеді. Өкініштісі – осы.

Жазып  алған  Н.АҚПАН

 Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: