Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таңертең медицинамен оянып, кешке медицинамен ұйқыға кетемін

25.12.2025, 11:00 158

Денсаулық сақтау – тек есеп беруге емес, сенімге негізделген сала. Осы сенімді ақтау үшін салалық басқарманың еңбегі әр сәтте елеулі, әр әрекеті маңызды. Бұл еңбектің мәнін ең нақты түрде бағалау өмірге сәби келіп, сағаттап жасалатын оталардағы дәлдік пен жауапкершілік секілді.

Жылдар тоғысында аймақтық денсаулық сақтау саласының басшысы Олжас Ысқақовпен өткізген тұшымды әңгімеміз осы жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екенін көрсетті. Олжас Ермекұлы – жүйені сырттан бақылап келген шенеунік емес. Медицинадағы алғашқы еңбек жолын емханадан бастаған ол кейін орталық деңгейдегі басқару сатысына дейін көтеріліп, әр кезеңнен тәжірибе, әр қызметтен көзқарас алған маман.

Әңгіме тек жоспарланған сұрақтарға негізделмей, адамның өз ойынан, ішкі толғанысынан, өткенін еске алу барысында өрбіді. Осы арқылы әңгіме басқарушының кәсібилігі мен адамгершілігінің, тәжірибе мен жүрекке жақын ойлардың үндесуінен  туған  табиғи, шынайы  күйге  енді.

– Олжас Ермекұлы, ең алдымен сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Өмірлік тәжірибеңізді еске алғанда, саланы өзгерту барысында қоғам тарапынан сынға ұшыраған, бірақ өзіңіз дұрыс деп  сана­ған  шешімдер  болды  ма? Солардың  бірі  тура­лы  айтып  берсеңіз.

– Алғаш  қызметке орналасқан  кезімде аймақ басшысының тапсырмасы бойынша ден­саулық сақтау саласына тиесілі бос ғимарат­тарды тиімді пайдалану мәселесі алға қойылды. Бұл менің  алғашқы үлкен жауапкершілігім бола­тын. Сол уақытта модульдік аурухана, аудан­дардағы  бірнеше  аурухана  ғима­раты және қаладағы бұрынғы перзентхана ғимараты бос тұрды. Оларды қолдану маңызды еді, сондық­тан ең  алдымен онкологиялық аурухананы қала сыртындағы модульдік ғимаратқа көшірдім. Сол кезде қоғам тарапынан біраз қарсылық болды, бірақ уақыт өткен сайын бұл шешімнің  дұрыс  екенін  дәлелдеді.

Кейін 2018 жылы Сырдария ауданындағы тубер­кулездік аурухананы жаптық. Мен сол кезде басқарма басшысының орынбасары едім, ғима­рат  алты жыл бойы бос тұрды. Біз оны оңалту орталығы және палиативті бөлімше ретінде қайта аштық. Сол кезде де көпшілік «неге қала емес, Сырдариядан ашып жатыр?» деп сын айтты. Бірақ мен әрдайым айтып жүремін: көпбейінді ауруханада ең күрделі оталар мен жаңа медицин­алық қызмет түрлері жүзе­ге асуы керек. Қазір де сол шешімнің дұрыс­тығы  уақытпен  расталды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы барлық бос ғимарат пен кішігірім амбулаториялық орталықтарды қолданысқа енгіздік, бұл өңірдегі медициналық қызметтің қолжетім­ділігін  арттыруға  мүмкіндік  берді.

– Жаңа  айтып  өткенімдей,  денсаулық  сақтау  тек  статистика мен есепке сүйенетін сала емес. Дегенмен,  бұл  саладағы жұмыстар көбіне көрсеткіштер арқылы бағаланады. Осы тұрғыда облыс­та  соңғы  жылдары  көрсеткіштер  қалай өзгерді  және олардың артында нақты қандай нәтиже бар? Ал  алдағы  жылда қандай даму үрдісі  байқалуы  мүмкін?

– Тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында өңірлік медицина қарқынын арттыруға бағытталған жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Әрбір көрсеткіштің артуы немесе аурулардың азаюы – тек сан ғана емес, нақты адамдардың өмірі мен денсаулығының жақсарғаны. Әрине, бұл – ең алдымен Алланың қолында, бірақ сонымен бірге дәрігерлер мен сала қызметкерлерінің күндіз-түні еңбегінің  нәтижесі.

Басты бағыттардың бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Соңғы жылдары экстрагенитальды аурулары бар жүкті әйелдерге қолжетімділікті арттыру үшін облыстық көпбейінді ауруханада 70 төсекке арналған босану бөлімі ашылды. Сонымен қатар, соңғы үш жылда жергілік­ті бюджеттен дәрігерлердің біліктілігін арттыруға 375 млн теңге бөлінді, оның ішінде 192 млн теңге шетелде оқытуға жұмсалды.

Нақты мысалдар айтар болсақ, 84 акушер-­гинеколог, 44 неонатолог, 42 реаниматолог және 19 педиатр дәрігер кәсіби дайындықтан өтті. Олар Түркия, Германия, Литва, Беларусь, Ресейдің жетекші клиникаларында тағылым­дамада болды. Сонымен қатар, неонатологтарға Ресей профессорларының қатысуымен көшпелі мастер-класс өткізілді, оған 40 қызметкер қатыс­ты.  Олар Түркия, Германия, Литва, Беларусь, Ресейдің жетекші клиникаларында тағылымдамадан  өтті.  Сонымен  қатар,  ана мен бала денсаулығын сақтау саласының материалдық-техникалық базамен жабдықталуы 90,5  пайызды  құрап  отыр.

 Алдағы уақытта да негізгі мақсат – денсаулық сақтау көрсеткіштерінің төмендеу динамикасын сақтау, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және медициналық қызметтердің  сапасын  үнемі  жақсарту.

– Осы тұрғыда жұмыс барысымен шетелге шығып  жүрсіз? Әсіресе, озық елдерден алатын тәжірибе  қандай?

– Иә, аймақ басшысының қолдауымен біз Еуропа елдерінің, яғни Германия, Латвия, Швейцария, сондай-ақ көрші Ресейдің медициналық жүйелерін көріп, тәжірибе жинап келе­міз. Айта кететін жайт, бұл елдерде медициналық сақтандыру өте дамыған, мемлекеттік қаражат көлемі де жеткілікті. Сол себепті олардың медицинасы жоғары деңгейде және әлемдік рейтингте  озық  елдердің қатарына  кіреді.

Біз үшін ең маңыздысы – сол елдерден алынған тәжірибе бойынша науқастың жағ­дайын барынша жақсартатын, сақтандыру жүйесі­мен үйлесетін тиімді іс-шараларды енгізу. Дегенмен, Қазақстандағы медициналық қызметтер мен ота түрлері осы елдермен шамалас деңгейде. Шетелден үйренетініміз – жаңа жүйелер­ді жылдам енгізу, медициналық аппараттарды  қолайлы  орналастыру  және пациент­ке  арналған  бөлмелерді  ыңғайлы  ету.

Шетелге барған сайын өзіммен бірге бас дәрігерлер мен олардың орынбасарларын ертіп барып, сол тәжірибені көрсетуге тырысамын. Әрине, озық елдердің тәжірибесінен үйренеріміз көп және біз де соларға ұқсас, қолжетімді әрі сапа­лы  жүйе  жасауға  тырысып  жатыр­мыз.

– Келесі жылдан бастап МӘМС жүйесінде жаңа өзгерістер енгізілгелі жатыр. Осы өзгеріс­тердің негізгі мақсаты қандай және олар өңір тұрғындарының денсаулық сақтау тәжірибесіне нақты  қандай  әсер  етеді  деп  ойлайсыз?

– Біріншіден, МӘМС жүйесіне енгізілетін өзгерістер өңір тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Бұл жүйе арқылы әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Сонымен қатар, бүкіл әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, сақтандыру жүйе­сі медициналық қызмет сапасының жоғары­лауына, жаңа технологияларды енгізуге, инфра­құрылымды  дамытуға  мүмкіндік  береді.

Егер сақтандыру болмаса, саланың қаржыландырылуы мен жаңашыл жобалардың енгізілуі шектеліп, медициналық қызметтердің сапасы төмендеуі мүмкін еді. Сондықтан бұл жүйе медицина саласының дамуына ғана әсер беріп қоймай, әр адамның денсаулығын бірінші кезекте өзі қадағалауы тиіс екенін ұғындырады.

– Медицина саласы түрлі реформаны бастан өткеріп келеді. Осы үдерістердің нәтижесінде отандық медицинада нақты ілгерілеу бар ма? Егер бар болса, қазақстандықтардың шетелдік медицина­ға, соның ішінде көрші Өзбекстанға  жиі  баруын  немен  түсіндіресіз?

– Алысқа бармай-ақ, өз өңірімізді мысал­ға алсақ, бүгінде бауыр мен бүйрек ауыс­тыру, жүрекке жасалатын оталардың барлық түрі, тізе буындарын алмастыру секілді күрделі операция­лар толық көлемде жасалып жатыр. Бұл өңірлік және жалпы отандық медицинаның нақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Онкология­лық қызмет те бүгінде жоғары деңгейде  нәтиже  беріп  отыр.

Соған қарамастан, шетелге барып емделуге ұмтылатындар азаймай тұр. Мұндай жағдай көбіне дәрігерлер «бұл отаны жасау мүмкін емес» деген кезде туындайды. Әрине, адам үшін ең қымбат нәрсе – денсаулығы мен өмірі. Сондықтан ата-ана баласы үшін, адам өзі үшін соңғы үмітін іздеп, шетелге баруға дайын болады. Алайда бір нәрсені ашық айту керек. Шетелде ешқандай ем немесе ота тегін жасалмайды. Ол жақта науқасқа қаржы көзі ретінде қарайтын жағдайлар да бар. Сол себепті «болмайды» деген сөз сирек айтылады, үміт беріледі. Бірақ оның нәтижесі әрдайым оң болады деу қиын. Бұл – салада жүрген адам ретінде көріп жүрген  шындығым.

Сонымен қатар, соңғы жылдары керісінше үрдіс те байқалып келеді. Білікті отандық дәрігерлерді шетелдіктер танып, Қазақстанға келіп ем алып, операция жасатып жатқан жағдайлар да бар. Бұл – біздің медицинаның әлеуеті мен мамандарымыздың кәсіби деңгейінің жоғары екенін  дәлелдейтін  маңызды  белгі.

– Облыстағы денсаулық сақтау жүйесінің бүгін­гі деңгейін бағалағанда, ең мықты және ең әлсіз  тұстары  қай  бағытта  деп  санайсыз?

– Облыстық денсаулық сақтау жүйесінің ең мықты тұсы – кадрлық әлеует. Өңірдегі дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары. Мысалы, нейрохирург Шыңжырбай Оразмаханұлы, кардиохирург Берік Русланұлы, травматолог Айдос Сапарұлы, терапия саласында еңбек етіп жүрген Елена Павловна мен Ғалия Абенова сынды білікті мамандарымыз бар. Қалалық, аудандық ауруханаларда да, «Ана мен бала» орталығында да тәжірибелі, өз ісіне жауапкершілікпен қарай­тын кадрлар жеткілікті. Сондықтан ең бас­ты күшіміз  адам  ресурсы  деп  айта  аламын.

Екінші мықты тұсымыз – аурухана, емха­на және амбулаториялық инфрақұрылымның жүйелі дамуы. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына аймақ басшысының көзқарасы мен қолдауы да ерекше. Осы уақытқа дейін көтерген бірде-бір ұсынысым шешімін таппай қалған  емес, бұл да саланың алға жылжуына үлкен  серпін  береді.

Әрине, кез келген саланың әлсіз тұсы бола­ды. Біздің басты қиындық – аудандық елді мекендердің аурухана мен емханалардан алыс орналасуы. Кей жағдайда дәрігердің науқасқа жедел жетуі немесе шұғыл түрде ауруханаға жеткізу мәселесі туындайды. Дегенмен, бұл шешімі жоқ түйткіл емес. Қазір осы бағытта жүйелі  жұмыст­ар  жүргізіліп  жатыр.

Жалпы алғанда, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің әлсіз тұстарынан гөрі, мықты жақтары басым. Біз сол артықшылықтарға сүйене отырып жұмыс істеп келеміз. Бүгінде жасалып жатқан трансплантация оталарының өзі – медицинаның қазіргі деңгейін көрсететін нақты дәлел. Ал біздің алдағы мақсат – осы мүмкіндіктерді одан әрі  дамытып, жаңа  биіктерді  бағындыру.

– Алдағы бес жылда Қызылорда облысының денсаулық сақтау жүйесі қандай деңгейге жетуі тиіс деп ойлайсыз және бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен қандай қадам жасалуы керек?

– Алдағы бес жылда өңір медицинасы тұрғындар үшін барынша қолайлы, сапалы әрі қолжетімді жүйеге айналуы тиіс деп есептеймін. Ең бастысы, облыс тұрғындарының шетел­ге неме­се басқа өңірлерге барып ем іздеуіне қажеттілік болмауы керек. Бұл – алдымызға  қойып отырған негізгі мақсаттың бірі. Қазіргі уақытта әріптестеріме қойып отырған басты талабым да осы – өз қолымыздан келетін мүмкіндіктерді толық пайдалану, бар әлеуетімізді барынша іске қосу. Білікті кадр, заманауи техноло­гия және дұрыс ұйымдастырылған жұмыс бір арнаға тоғысқанда  ғана  нәтиже  болады.

Сонымен қатар, алдағы бес жылда көпбейін­ді облыстық аурухананы толық жаңғыртып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтуды көздеп отырмыз. Бұл тек өңір тұрғындарына ғана емес, сырттан келетін науқастарға да сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни, медициналық туризмнің орталығына айналуға нақты қадам жасап жатырмыз.  Осы бағытта барлық мүмкіндік қарастырылып, кезең-­кезеңімен  жұмыстар  жүргізілуде.

– Қоғам арасында «елде тісті емдету өте қымбат» деген пікір жиі айтылады. Бұған не айтасыз?

– Стоматология – денсаулық сақтау сала­сында алғашқылардың бірі болып ақылы қыз­метке көшкен бағыттардың бірі. Соған қара­мастан, бұл саланың өңірде де, жалпы ел көлемінде де даму қарқыны жақсы. Мәселен, жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан тегін көрсетіледі. Ал ересек, өзін-өзі қамтыған азаматтар жекеменшік клиникалардың қызметін  ақылы  түрде  пайдаланады.

Бұл салада бір өкінішті жайт бар, бірақ ол бағаның жоғары болуынан гөрі, алдын алу жұмыс­тарының әлсіреуіне байланысты. Соңғы жылдары мектептерде балаларға тіс тазалау, ауыз қуысының гигиенасын сақтау бағытындағы жұмыстар жеткілікті деңгейде жүргізілмей қалды. Соның салдарынан бүгінгі күні балалар арасында тіс аурулары жиі кездесіп отыр.

Сонымен қатар, соңғы жылдары жеке стомат­ологиялық клиникалар саны артып келеді. Бәсекелестіктің күшеюі қызмет сапасының артуына және бағаның біртіндеп тұрақ­талуына әсер етеді деп сенемін. Жалпы, отандық стоматология қызметтері шетелдік клиникалармен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді екені де байқалып  отыр.

– Қоғамда көңіліңіз толмайтын не нәрсе? Сынға  қалай  қарайсыз?

– Қоғамның кемшілігін тізіп айту менің болмысыма  жат.  Өйткені мен үшін негізгі орта – медицина. Таңертең  медицинамен оянып, кешке  медицинамен  ұйқыға кететін адаммын.  Сондықтан  да  қоғам  туралы   емес,  медицина   саласы­на   қатысты  айтатын  ойым  бар.  Ол – кейбір азаматтың медицина қызметкерлеріне деген көзқарасы. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, дәрігердің кәсіби жұмысына сырттай баға беріп, өзі маман болмаса да «мен одан артық білемін» деген көзқараспен сын айтатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл кейде таңғалдырып, тіпті ашындыратыны  өтірік  емес.

Одан кейін қазір жасанды интеллект пен интернеттің дамуына байланысты адамдар өзіне-­өзі диагноз қойып, қандай ем қабылдау керегін дәрігерге үйретуге тырысатын жағдайлар да көбейді. Бұл тоғыз жыл білім алып, тәжірибе жинаған маманның еңбегін жоққа шығарумен тең. Мұндай көзқарас дәрігердің сағын сындырып, сеніміне сызат түсіруі әбден мүмкін. Ал ақ халатты жандар ешқашан өз науқасына жамандық ойламайды, керісінше бар уақытын, жүйкесін, кейде тіпті денсаулығын құрбан етіп қыз­мет етеді. Сондықтан дәрігер еңбегін қадірлеу қоғам үшін маңызды. 

Ал сынға келер болсақ, ол қай кезде де орнымен, шындыққа жанасып айтылса, қабылдауға дайынмын. Жеке өзіме айтылған болсын, әлеуметтік желіде көтерілген болсын – негізді, дәлелді сын әрқашан ойлануға, түзелуге мүмкіндік береді. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар ғой, сондықтан кез келген конс­труктивті сынға ашықпын және одан нәтиже шығаруға  тырысамын.

– Соңғы сауалым, медицина  саласына  келуіңі­зге не түрткі болды? Бұл жолды неге таң­дадыңыз?  Өкінішіңіз  жоқ  па?

– Бұл салаға келуіме ең алдымен атам себепші болды. Оның үлкен  арманы дәрігер болу еді. Алайда медициналық оқу орнының үшінші курсында оқуын тастауға мәжбүр болған. Кейін сол орындалмаған арманын маған аманат етіп, дәрігер болып өсіп-өркендеуімді қалады. Осы ниетпен төрт жыл медициналық колледжде білім алып, кейін алты жыл Алматы қаласындағы  жоғары оқу орнын тамамдадым.

Жалпы, бұл салаға он жылымды арнадым. Алғашқы еңбек жолым  №3 емханада учаскелік дәрігер ретінде басталды. Кейін емдеу ісі жөніндегі орынбасар, басқармадағы бөлім басшысының орынбасары секілді қызметтерді атқарып, тәжірибе жинақтадым. Халықтың алғысын алып, өз ісіме адал қызмет ету барысында аға буынның, ел ағаларының сеніміне ие болдым. Сол сенім мен жауапкершілік мені бүгінгі қыз­метке алып келді деп ойлаймын. Бұл жолды таңдағаныма өкінбеймін. Керісінше, адам өміріне араша болуды мақсат еткен осы мамандықты  өз  тағдырым  деп  қабылдаймын.

– Әңгімеңізге рақмет! Адам тағдырымен өлшенетін саладағы жауапты еңбегіңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан

Оразкүл  БАҚЫТЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: