Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

24.12.2025, 8:45 57

HALYQLINE.KZ

Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына және Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында салтанатты марапаттау іс-шарасы өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараның басты мақсаты – қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, еңбегін лайықты бағалау және Шиелі ауданында таза, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды құрметтеу.

Салтанатты жиында аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы еңбекке адал азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды шешім екенін атап өтті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, елді мекендер, көшелер мен қоғамдық орындардың көркі айтарлықтай жақсарғанын жеткізді.

Өтіп бара жатқан Жылан жылының аудан үшін табысты болғанын атап өткен аудан әкімі Шиелінің «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауында «Үлгілі аудан» атануын, сондай-ақ тазалық жұмыстарын күшейту мақсатында арнайы техникалардың алынуын оң нәтиже ретінде атап өтті.

Сөз соңында аудан басшысы Айтбай Жандарбеков тазалық әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, еңбек адамдарына алғысын білдіріп, барша аудан халқын бірлік пен еңбекке шақырды.

Салтанатты іс-шара барысында 5 азаматқа «Сарыағаш» шипажайына жолдама, 27 азаматқа қаржылай сыйлық табысталды.

Сонымен қатар аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, еңбек адамдарына мерекелік көңіл күй сыйлады және салтанатты іс-шараға қатысушыларға аудан әкімдігінің атынан жаңажылдық сыйлықтар таратылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: