(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан бір түйір үзінді)
Бұрынғы той далада өтетін, көңіл күй – шатыр, самаурын – колонка, жиналған жұрттың әр сөзі – дайын сценарий еді. Ел-жұрттың өзі асаба, қонақтардың өзі қызық қылып беретін. Ұят деген көзге көрінбейтін заң бар болатын – ешкім оны бұзбайтын.
Өткенде қалалық зообақ директорының баласы үйленді. Сол тойға асаба болған жігіт қазір ауруханада жатыр. Тойға зообақтың маймылдары мен жыландар, арыстан мен түлкілер шақырылған ғой. Міне, мақтангершілік! Әйтеуір, бірінен-бірі асып түсулері керек. Қазақ ой қумайды, той қуады. Сол тойдың ортасында маймылдардың он шақтысы жіберілген. Құдағи құдаға қарап: «көп іше берме, ұят болады!» деп наразылық нотасын жіберген ғой, бір қараса, жанында жыртиып, бір маймыл отыр дейді. Белінен құшақтап алыпты! «Ойбай, мынау кім тағы?» деп шыңғырып жіберген екен, бетінен сүйіп алып, қашып кетіпті. Тағы екі маймыл ортада билеп жүр дейді. «Қалай үйретіп қойған десеңші!» дейді қонақтар. Жоқ, маймылдар емес екен, маймыл болып бидің «эпицентрінен» шықпайтын құдашалар екен. Маймылдар банан біткенді таласа алып қашқан. Оны қойшы, қояндар капуста салаттан түк қоймапты. Атауыңды жегірлер! Түлкілер жүр дейді, жүз грамм ішіп… Бір кезде жолбарыстар кіріп келгенде, жұрт тым-тырақай қашқан ғой. Асабаның жүрегі ұстап, сол жерде талып қалыпты. Ішіп алған біреу жолбарыстың алдына тұра қалып:
– Ты меня уважаешь? — дегенде арс ете қалған екен, «кешір бауырым, кешір, менің қатынымнан аумайды екенсің!» деп қисалдаңдап кетіп қалыпты.
Мұхтар ШЕРІМ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!