«Еңбек ер атандырады» дейді халық даналығында. Қайсыбір саланың болсын қиындығы мен қызығы қатар жүрері анық. Жұмыстың жауапкершілігін жанымен сезініп, соның өркендеуі жолында өз өмірін арнаған ардагерлерге қандай құрмет көрсетсе де жарасады.
Өткен жұмада мұнай саласында қолтаңбасы қалың іргелі кәсіпорын «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның ұйымдастыруымен бірқатар қызметкерін құрметті еңбек демалысына салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні аясында өткен іс-шараға «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның бас инженері Жұмабек Қонысбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Басқарма төрағасының еңбек ресурстары және әкімшілік жөніндегі орынбасары Тұмар Шалбаева, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Басқарма төрағасының қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орынбасары Бақыткүл Есіркепова, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақыт Мұқашева және ардагерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 34 жыл толып отыр. Осындай мерейлі мезетте еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай тер төккен мұнайшылардың да адал еңбегін атап өту қажет.
Мереке аясында бірқатар азамат құрмет төрінен табылып, сый-сияпат табысталды.
– «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өз қызметкерлерін де ұдайы елеп-ескеріп, қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі күні «ПетроҚазақстан» компаниясының зейнеткерлер саны – 298 адам. Оның ішінде 60, 70, 80 жасқа толған ардагерлеріміз де бар. Мерейтой иелерін компания басшылығы атынан құттықтаймын. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ілтипаты – халқымыздың қанына сіңген ұлы қасиет бүгінде жалғасын тауып отыр. Сіздер компанияның қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің қайнар бастауында тұрдыңыздар. Компанияның кен орындарын дамытуға өз тәжірибелеріңіз бен шеберліктеріңізді танытып, зор еңбек сіңірдіңіздер. Біз сіздерді кәсібіне шынайы берілген қажырлы еңбек адамы деп танимыз. Әрдайым адал еңбектің айқын үлгісін көрсетіп, мұнайшылар қауымының ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі жалғасы болдыңыздар деп есептеймін. Бүгінде өздеріңіз секілді майталман мамандардың арқасында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ облыстағы жетекші кәсіпорындардың бірі саналады, — деді «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның бас инженері Жұмабек Қонысбаев.
Аталмыш компания бұған дейін де көптеген қоғамдық іс-шараның басынан табылып, өз қолдауын көрсетіп келеді. Аймақтағы жүйелі жұмыстардың негізгі қолдаушысы да – осы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ. Бұл компания өңір дамуына өз септігін тигізіп, Сыр елінің салтанатты көшіне серпін беріп, аймақ ажарының айшықты келбетінде қолтаңбасын қалдыруда.
Мерекелік кеш барысында бірқатар ардагерге құрмет грамотасы, алғыс хат және арнайы медальдар табысталды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Қазизхан Жамишев, Нұрлыбек Жанәлиев, Тымаркүл Әбенова, Рая Алтаева, Баян Жанұзақова марапатталды. Бұл ұзақ жылғы табанды еңбек пен төгілген тердің өтеуі іспетті.
Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, сала ардагерлеріне жылы лебізін білдірді.
– Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында сіздердің сіңірген еңбектеріңіз ерекше. Мұнай өндіру жұмысы үлкен табандылық пен шыдамдылықты қажет етері сөзсіз. Осындай жауапкершілік жүгі ауыр жұмысты абыроймен атқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сіздер кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге көрсеттіңіздер, — деді Серік Әбішұлы ізгі тілегін білдіріп.
Қызметіне көп жылын арнаған әрбір адам үшін зейнеткерлікке шығу – өте маңызды және көңіл толқытарлық сәт. Бұл кезде тек қана адал еңбегімен өмір сүрген адамның мақтанышты көңіл күйіне толы болса да, оның еңбек ұжымымен қоштасуы жүрек тебірентер сәтпен ерекшеленеді.
Кеш қорытындысында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шаутай Тілеуберген сөз алып, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ақ батасын берді. Мерекелік басқосу барысында өңір өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, кеш шырайын айшықтай түсті.
Сонымен қатар, қайырымдылық акциясы өткізіліп, барлық ардагерге Тәуелсіздік күніне орай азық-түлік себеті таратылды.
Тұрар Бекмырзаев.
Суретті түсірген Андрей Тайгунов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!