Шымкент қаласында автокөлік иелері газ құю бекеттерінде жиі кезекте тұратынын айтып, шағымданды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform cайтына сілтеме жасап.
Осыған қатысты Kazinform тілшісінің сауалына Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының м. у. а. Ильяс Есжанов жауап беріп, жағдайды түсіндірді.
— Автокөлік жүргізушілерінің шағымы негізінде қаладағы газ құю бекеттеріне барып, арнайы мониторинг жүргіздік. Бүгінде Шымкентте 4 газ толтыру станциясы және 203 автогаз құю станциясы жұмыс істейді. Кезек күту жағдайлары негізінен қаланың шығаберістегі бекеттерінде болып жатыр, бәрінде емес. Себебі үлкен мегаполис болған соң, келіп-кетіп жатқан көліктер көп. Жүк көліктері мен такси жүргізушілері көбіне қаладан шығар кезде тоқтап, қамданады. Мысалы, үлкен жүк көлігі жеңіл көліктің мөлшерінен 2-3 есе көп газ құяды. Тағы бір себебі, зауыттан жеткізу барысындағы кешігу немесе кептеліске де байланысты. Дегенмен, бұл — уақытша мәселе, қазір жағдай тұрақталып келеді, — деді ол.
Қала әкімдігі қазіргі уақытта автогаз құю станциялары қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын және газ тапшылығы жоқ екенін мәлім етті.
— 2025 жылғы 9 желтоқсандағы жағдай бойынша қалада тәуліктік сұйытылған мұнай газының (СМГ) қоры — 453 тонна. Шымкентте СМГ сатумен айналысатын 44 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Өндіруші зауыттардан жеткізу көлемі жоспарға сай орындалып жатыр. Қаладағы сұйытылған газдың орташа бағасы — литріне 102 теңге, — делінген қала әкімдігі ұсынған ақпаратта.
Ведомствоның хабарлауынша, 4-тоқсандағы автогаз жеткізу көлемі қазанда — 7043 тонна, қарашада — 8410 тонна (оның ішінде қосымша 500 тонна), ал желтоқсанда — 8959 тоннаны көрсеткен. Биыл қала бойынша бір айдағы орташа қажеттілік жұмыс істейтін 44 газ желілік ұйымды қамтығанда 12 000 тонна шамасында болған.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылы қалада 463 мыңнан астам көлік тіркелген, олардың 66 мыңнан астамы (14,3%) сұйытылған газ қолданады. 2022 жылмен салыстырғанда автогазбен жүретін көліктер саны 34%-ға артқан.
Фото: Ғайсағали сейтақ/Kazinform
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!