Өмір деген төрт әріптен тұратын сөздің астарында үлкен мазмұн, терең ой жатыр. Әркімнің ой таразысы әр қилы. Әр жүректің өз мұңы, өз құпиясы бар. Өмірді әр адам өзінше талқылап, өзінше ой түйеді.
Кең даланың тарам-тарам бұлақтары секілді, өмірдің де қилы-қилы жолы көп. Ал, сол өмірді дұрыс сүріп, оған жүрдім-бардым қарамай, кейінге жақсы із қалдырудың қаншалықты бағалы екенін оқырманның ой таразысына қалдырдық.
Өткенге көз салып, ой өрбітсек, тарих қатпарында қолтаңбасы қалған ата-бабаларымыз қаншама?! Батырлар ерлігімен, ақындар жырларымен, билер қара қылды қақ жарған әділдігімен, хандар ел билеудегі өз ерекшеліктерімен ел есінде қалды емес пе? Тарих тінін тарқатсақ, бабаларымыздың қайсыбірі болмасын өмірлеріне өз өрнектерін салып, артына ізін жалғайтын ұрпағын қалдырып отырған. Бұл – өткеннің өнегесі, болашақтың белгісі.
Енді өзімізге келейік. Жаңарған, жасарған ХХI ғасыр, дамыған дәуір. Бүгінгі буынның, яғни біздің заманымыз тым тәуір ғой. Бағымыз бес елі екен деймін кейде іштей тәубеме келіп. Шіркін, қандай керемет десеңші, бәрі бар ғой бізде. Технологияның түр-түрі – ұялы телефон, интернет, «Отау ТВ», жаныңа не керектің бәрі де табылады. Талғаммен таңдай білсең болғаны, көңілің қалағанға қол жеткізесің. Бұрын осылардың біреуі болып па еді?
Міне, осындай қарыштап дамыған мемлекетте тұрып жатсақ та кейде уақыт күттірмейтін тағдыр талаптарына немқұрайды қарап, салқынқандылық танытып жататын тұстарымыз жиі қылаң береді. Сонымен бүгінгі туындаған қоғам сауалына жан-жақты жауап іздеп көрейік.
Замандастарымыздың арасында жас ортасына келсе де, әртүрлі себеппен үйленбей жүрген бойдақтар саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай отыр.
Нақты себеп! Не? Неге?
– Жұмысқа орналасайын.
– Үй салып алайын.
– Мәшине мінейін.
Осылай кем-кетікті түгендеп жүргенде жасымыздың біразға келгенін байқамай да қаламыз. Халқымызда «Он үште отау иесі» деп ертеректе балаларын ерте бастан үйлендіргені мәлім. Бесікте атастыру салты да – біздің әдет-ғұрпымыз. Ендеше бүгінгі бойдақтарымызға жол болсын. Не жүріс?
Байырғы бабаларымыз «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деп адамның өмір қағидаларын меңзеген болар. Бұған құлақ асып жатқан кім бар? Нәтиже қандай? Ұрпақ өсіру – адамдық борышың. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінің бірінде «Ей, үмбеттерім, ертерек үйленіп, ұрпақ көбейтіңдер. Мен үмбеттерімнің көптігімен мақтанамын» деген еді. Қай жағынан алсақ та бас қосып, ұрпақ сүюді құптамайтын жан жоқ. «Үйленсем, болашақ қандай болады?» деген мазасыз ойлардың мәселесін шешетін уақыт жеткен жоқ па? Жер көлемі жағынан әлемде 9-орында тұратын Қазақстан жері бай елдердің қатарында. Халық санын көбейтудің маңызы зор екені ұдайы айтылып келеді. Халықтың бас ауруына айналған баспана мәселесі де жолға қойылған секілді. Түрлі жеңілдікпен жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама да көп.
«Жалғыздық тек Құдайға жарасқан» дейді біздің қазақ. Расымен, айналаңызға байыптап бір қарасаңыз, барлық тіршілік иесінің өз жұбымен жаратылғанын көресіз. Демек, жұптасып өмір сүру жаратылғандардың маңдайына жазылған заңдылық екені даусыз. Ал, енді осы заңдылыққа қарсы шығып, берілген өмірді бойдақтықпен өткізудің ақыр соңы қандай болмақ?
Осы сұрақ төңірегінде ғалымдар мынандай зерттеу жүргізген. Зерттеу жұмысына 50 мен 91 жас аралығындағы 800 ер адам қатыстырылған. Жиырма жылға созылған түрлі зерттеу нәтижелерін сараптай келе ғалымдар ер адамның ұзақ өмір сүруі оның жұбайлық қарым-қатынасына байланысты деген шешімге тоқталған. Тіпті, елуден асқан еркектердің өзі тұрақты жұбайымен жақындасып тұрса, қатарластарынан орта есеппен 15 жыл ұзақ жасайтын көрінеді. Зерттеушілер ұзақ жасағысы келген жандарға өз жұбайларымен аптасына бірнеше мәрте жақындасып тұруға кеңес беріп отыр. Олардың айтуынша, бұл олардың жүрек-қантамырларына оң әсерін тигізбек. Сондай-ақ, ағза тонусын көтеруге де көмектеседі.
Осы орайда, тақырып төңірегінде көпбалалы ана Райқан Қосназарованың пікірін білген едік.
– Жалпы, ерте жастан үйленіп, отау құру – дәстүрімізде бар дүние. Қазір ауылдық жерлерде тұратын жігіттердің үйленуі қиындап барады. Бұрындары комсомол жастар бригадалары құрылып, әр жақтан қыз-жігіттер жолдамамен баратын. Сөйтіп, ауыл жастарымен араласып-құраласып, би кештерінде танысып, үйленіп жататын. Қазір ондай аралас-құраластық жоқ. Ауылдар тыныш қалпында. Ауылдан шыға алмай қалған жігіттердің жолдары жабылып, алды кәрі бойдақ атанып жатыр. Бұл – өте өзекті мәселе, — дейді бізбен әңгімесінде.
Шындығында да үйленбей қалған жігіттері көп ауылдар бар. Бір отбасында 2-3 жігіт үйленбей қалған. Қыз балалар да сондай. «Отырған қыз орнын табады» деп алғашында аса мән бере қоймаймыз. Уақыт өте келе ол жігіт таңдап отырып, ақыры жас ортасынан асып кеткенін байқамай да қалады. Осылай адам таңдап отырып, өзінің де жасы келгенін, үлкен өмір мектебінен кешіккенін кеш ұғынып жататыны – өкінішті жағдай.
Өздерінен сұрасаң, үйленбеулерінің себеп-салдарын бозбалар бойжеткендерден, бойжеткендер бозбалалардан іздейді. Асылында адамзат баласы кінәні өзгеден емес, өзінен іздеуі шарт. Бұлай жалғаса берсе, суда жүзген кемедей артында із қалмауы әбден мүмкін. Ел болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, ұрпақ сабақтастығы үзілмеуін әрбір бойдақ өз міндетіне алуы тиіс. Сынаптай сырғып жатқан уақыт. Өмір өлшеулі. Абайша айтқанда, қолыңды мезгілінен кеш сермемей, мәңгілікке мөріңді басып, болашағыңды бағамдайтын сәтің келді. Үйленбеу үлгі ме, үрей ме? Осының мазмұнын түсінетін кез келген сыңайлы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!