Достық. Осы бір ауыз сөздің астарында қаншама құнды ұғым мен қасиет бар десеңізші?! Бірақ, бүгінде киелі түсінікке сызат түсіп, атүсті айтыла салатын жағдайға жеттік. Осынау қастерлі сыйластық адамдар арасында қалай пайда болады, қандай жағдайда танылады?!
Жалпы, өмірде жаныңа жақын сырлас, қимас, адал дос табу өте қиын. Ал, оны сақтай білу одан да қиын. Сыйластық қарым-қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау қажет. Өйткені, дос көңілі нәзік өсімдік тәрізді. Біз оны тұрақты ету үшін жан-тәнімізбен, адал ниетпен сақтай білудің маңызы жоғары. Сенім мен жарқын көңіл достықты берік ететін жарқын тірек саналады.
Осы орайда, тақырып төңірегінде мына бір оқиға ойға оралады. Ілгеріде бір жігіт досы мен әйелін сынамақ болып, қорасындағы қойды бауыздап, досына барып, «Мен мына адамды абайсызда жазым етіп алдым. Енді жазаға тартылуым мүмкін. Сен бала кезден қатар өскен бауырым әрі досымсың ғой. Отбасыма қарайласып, көмектесіп тұр. Өзіңнен артық кімге айтамын? Енді мұнан қалай құтыламын? Істегеніме өкініп тұрмын» дейді сұраулы жүзбен күмілжи сөйлеп.
Сонда әлгі досы «Сен ешкімге сыр білдірмей үйіңе апарып, жер астына көміп таста. Өмірдің бір сынағына бола көңіліңді түсірме. Мен адам баласына тіс жарып айтпаймын. Достығымыздан артық не бар? Осы сырды өзіммен ақыретке ала кетемін» дейді қамқор кейіп көрсетіп.
Содан дереу үйіне келіп, болған оқиғаны әйеліне бүкпесіз баяндап береді де, досының айтқанын бұлжытпай орындайды.
Осылайша апталап айлар, жылжып жылдар өте береді. Оқиға ұмыт болды-ау деген уақытта әлгі жігіт әйелін сынамақ ниет танытып, бір жағдайды сылтауратып ұрып жібереді. Сонда жұбайы тысқа жүгіре шығып, «Күйеуім мені ұрып-соғып жатыр. Ол бұрын бір адамды өлтіріп, үйдегі еден астына көміп тастаған. Енді мені де өлтіреді» деп жарияға жар сала айғайлайды. Мұны естіген жұртшылық жиналып, қазыға барады.
Сонда бұрынғы досы да берген уәдесінен айнып, «Қылмыстың өтеуі – жаза. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» деген сыңай танытады. Кезінде барлығы «ауыз ашпаймыз» деп ант-су ішіп, серт бергендерін соншалықты тез ұмытып, жеме-жемге келгенде теріс айналып шыға келеді. Досы мен әйелінің мұндай екіжүзділігіне қайран қалған жігіт қазыға қарата былай депті:
«Мен бұл жағдайды досым мен әйелімді сынау үшін жасаған болатынмын. Әлгі үй ішіндегі еден астына көмілген сойылған қойдың еті еді» деп елді таңғалдырады.
Қазы істің ақиқатын анықтау үшін жер астына көмілгенді алдыртып, анықтайды. Сонда оның расымен малдың еті болғанына көздері жетіп, ер-азаматтың ақылына қайран қалыпты. Уақыт өте келе жұбайын күң, жолдасын құл етіпті деген дерек айтылады.
Міне, аңыздың да ақиқаты бар деген осы емес пе? Достықтың қаншалықты құнды екенін осы бір дерекнама дәлелдеп бергендей.
Бүгінгі өмірімізде адамдар арасында адал және амал достық болып екіге бөлінеді. Кейбіреулер өз мүддесі үшін біреудің ақ адал көңілін пайдаланып, онымен араласып жүріп, ақырында басқамен сыйласқан болып кете барады. Мұндайларды амал достық дейді. Ал, екіншісі дос қамын көбірек ойлап тұрады. Досымның тамағы тоқ, киімі бүтін болсын деп тілек тілейді. Бұлар – нағыз адал достар. «Бір досың бар қораңнан малың шыққанша, бір досың бар кеудеңнен жаның шыққанша» деген – осы.
Алайда, өкініштісі сол, ажалы сенімді достарынан келген адамдар да қаншама?! Мұны да ескерген жөн. Сатқындық, екіжүзділік, өзімшілдік достықпен сыйыспайды. Жолдасты дұрыс таңдай білу де – өмірлік мақсаттардың бірі. Жолдас жолдан қосылған деген мағынада айтылады. Бірақ, оның да әр түрі болады. Бала кезгі, жастық шақтағы, егде уақыттағы араласатын жолдастар.
Халқымызда «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деп тегін айтылмаса керек-ті. Жолдастың да ішінде ауыз толтырып айтарлықтай адалдары болады. Олардың отбасы болып араласатынын да өмірден көп кездестіруге болады. «Доссыз өмір – тұзсыз ас» деп бекер айтылмаса керек-ті. Бұл – шексіз қамқорлық пен рухани жақындықтың белгісі. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев:
«Дос болам десең, досыңды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десең, мендегі доспен достасқын.
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын», — деп жырлайды.
Иә, өмірде қанша адам болса, сонша ой-пікір, көзқарас болуы да – табиғи заңдылық. Алайда, әркім әрқалай түсініп бағамдайды. Біреулер екі жігіттің ғана арасында достық болады десе, енді бірі қыз бен жігіт арасында да шынайы адал қарым-қатынас болады деген пікір айтады. Сайып келгенде бұл қасиетті үрдіс сүттей аппақ, бұлақтай мөлдір болуы ләзім.
Осындай ұлы қасиет ұлт зиялыларының да өмірінің бір бөлшегіне айналған. Мәселен, қазақтың бас ақыны хакім Абай орыс ақыны Евгений Михаэлиспен пікірлес, жақын дос болған. Шоқан Уәлиханов та ұлы жазушы Федор Достоевскиймен тығыз байланыста болғандығын кәрі тарих айқындап келеді. Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың өзара қарым-қатынасы өте берік болыпты. Міне, бұлар Алаш ардақтыларының бір парасы ғана. Бұлардың достық байланысы мен сыйластығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек.
Достықты теңізден терең, бұлттан биік бағалайтын адамдар – қадір-қасиетін көңілге түйіп, жүрекпен шынайы ұғына алатындар. Оның ыстығына күйіп, суығына тоңады. Сырласы болып, жолдасының жай-күйін қабағынан түсінеді. Жеке басының мүддесі үшін менмендікке салынып, мансабын көксемейді. Аталы сөзге тоқтаған қазақ халқы әрбір сөздің мағынасын тереңінен ұғынып, байыппен бағамдай білген. Ендеше текті елдің ұрпағы достық атты киелі ұғымның қадірін қашырып алмаса екен дейміз. Санадан сәуле шашқан оймақтай ой осыны меңзейді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!