Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әділдік бар жерде адамдардың сенімі нығаяды

27.11.2025, 11:00 224

Ибадулла  ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,

Қызылорда  қалалық  мәслихатының  төрағасы:

Білім саласы өте нәзік сала саналады. Бұл саланың жауапкершілігі қандай ауыр болса, сұрауы сондай терең. Бүгінде қоғамда білім, бала тәрбиесі туралы түрлі пікір бар. Ұстаздардың қадір-қасиеті, оқушылар арасындағы әлімжеттік, басқа да сан  алуан  сауал  күн тәртібінен  түскен емес. Мектепішілік  асхана жайлы да айтылар уәж  табылады. Астың сапасы мен оқушылардың білім сапасы туралы салыстырмалы сын көп. Осы және қоғамдағы өзге де сауалдар төңірегінде Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаевпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

ҮЙДЕН  ТОЙЫП  БАРАТЫН  БАЛА  АСХАНА  ТАМАҒЫН  ЖЕМЕЙДІ

– Ибадулла Дүйсенбайұлы, ең алды­мен сұхбатқа келісім бергеніңізге алғыс айтамын. Әрқашан қоғамдық мәселелерді көтеріп келесіз. Соның бірі – мектеп асханаларындағы тамақ беру жағдайы. Осы жайында толы­ғырақ  тарқатып   берсеңіз.

– Рақмет. Бұл – қоғам үшін өте өзекті мәселе. Себебі мектеп асханасындағы тағам сапасы – балалар денсаулығына тікелей әсер ететін фактор. Мемлекет тарапынан осы мәселеге ерекше назар аударылып, бастауыш мектептегі балалардың жақсы дамып, қалыптасуына жаса­лып жатқан қамқорлық. Соңғы жылдары бұл салада біршама жүйе­лі өзгеріс болды. Дегенмен, толық шешімін табуы үшін тұрақты бақылау қажет. Ас мәзірінің құнарлылығы, санитарлық талаптардың сақталуы, тағамның уақытылы әрі сапалы дайын­далуы біздің назарымыздан тыс қалмайды. Қоғамдық мониторинг топтарымен бірлесіп рейдтер өткізіп, анықталған кемшіліктерді тез арада жоюға ықпал етіп жүрміз. Баланың  амандығы – бәріміздің  ортақ  жауапкершілігіміз.

– Жалпы, білім беру мекемелеріне азық-түлікті жеке кәсіпкерлер бермейтін бе еді? Әлде білім басқармасының  қаражаты есебінен  алына  ма?

– Мемлекеттік білім беру ұйым­дарындағы ыстық тамақты ұйым­дастыру конкурстық негізде мемле­кеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылып, жеңімпаз анықталады. Аталған қызметті ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен аудан, қала мектептеріне жобамен 9 млрд теңге қаржы қаралады. Әр балаға 625 теңге көлемінде. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Бұл республикадан бекітілген. Сондықтан 4-сыныпқа дейін жалпы оқушылардың бәрін қамтымай, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы балала­рын ғана қамтып, 1 балаға жұмсалатын қаржыны 625 теңгеден 1,5-2 мың теңгеге дейін көбейтуге болар еді. Үйден тойып баратын ауқатты отбасы балалары асхана тама­ғын жемейді, не ауыз тиіп қана қояды. Соның салдарынан біраз тамақ  рәсуа  болып  жатады.

– Арнайы берілетін ас мәзірін қа­дағалау­шы комиссия  немесе  жауап­ты  мекеме  бар  ма?

– Ас мәзірін облыстық денсау­лық сақтау басқармасы бекітеді. Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығының 109-тармағына сәйкес білім алушыларға сапалы тағам беру үшін орта білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі өкілдерінің, білім беру ұйымының медициналық пунк­ті медицина қызметкерінің қатысуымен тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия құрылады. Комиссияның төрағасы орта білім беру ұйымының басшысы болады. Сонымен  қатар қалалық деңгейде білім беруді басқару органдары  жанында  жұмыс істейтін тамақ­тану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топтар тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комис­сиялардың қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді және оқушылардың тамақтануын тиімді ұйым­дастыру бойынша шаралар қабылдайды.

БАЛАЛАР  БҰРЫНҒЫДАН  ДА  ТАЛАПШЫЛ

– Байырғы ұстаз ретінде бүгінгі білім беру жүйесіне көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі білім жүйесінде жаңа­шылдық та бар, сын-пікірді талап ететін тұстар да бар. Балалар бұрынғыдан  да талапшыл, ақпаратты жылдам меңгереді. Бірақ мұғалімнің беделін арттыру, оқу бағдарламасын оңтайландыру, мектеп инфрақұрылымын заманауи стандартқа  жеткізу мәселесі әлі өзекті. Ең қуантатыны – ұстаздарға деген  құрметтің артып келе жат­қаны. Ал, бұл – білім сапасын жақсартудың  басты  тетігі.

Қазір мұғалім мамандығына қызығу­шылық көбейді. Жоғары оқу орындары да талапты күшейтуде. Тест қорытындысымен 70 балдан жоғары  жинаған үміткерлер конкурс­қа қатысады. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» дегендей, ұстаздардың мықты болуы – ең басты мәселе. Себе­бі, балаларды білім нәрімен сусын­датып, болашаққа шабыттандыратын – ұстаздар. «Мұғалім – мектеп  жүрегі»  деген  осыдан.

– Халық қалаулысының міндетіне не кіреді?

– Депутаттың ең үлкен міндеті – халықтың  сөзін тыңдап қана қоймай, оны нақты іске асыру. Біз тұрғындардың мәселелерін жинақ­тап, оны шешу жолдарын ұсынамыз, бақылау жасаймыз. Шешім қабылдап, қол  көтеру  ғана емес, әлеуметтік  нысандарды  аралап, жағдайды өз көзімен көру, халықпен үнемі байланыста болу – депутаттық жұмыстың ажыра­мас бөлігі. Халық сенімін ақтау – біздің ең басты пары­зымыз. Халық та қоғамдағы өзекті мәселелердің тез шешілуін, бәрінің ашық, әділ болғанын қалайды. Әділ қоғамда адал адамдар болып, адал еңбек етсе, еліміздің болашағы жарқын болады. Бұл – біздің ұрпақтың кейінгі ұрпақ­қа  жасар  ең  басты  міндеті.

ХАЛЫҚТЫҢ  ШЫНАЙЫ  АЛҒЫСЫ  –  ДЕПУТАТ  ЖҰМЫСЫНЫҢ  ЕҢ  ҮЛКЕН  МАРАПАТЫ

– Халықтың базынасын билікке жеткізіп, оң нәтижеге қол жеткізіп, ел қуанған  сәттер  есіңізде  ме?

– Әрине, мұндай сәт көп. Мәселен, өзіме қарасты сайлау округімнің инфрақұрылым мәселесі көп жыл бойы шешімін таппай келсе, бүгінде оншақты көше жолы салынып, су жүйесі, электр желісі тартылып, тұрғындардың сұранысына сәйкес «келешек мектебі» бой көтеріп, іске қосыл­ды. Әлеуметтік көмекке мұқтаж отба­сы тиесілі көмегін алуда. Оларға  да қажетті қолдаулар жасалуда. Халық­тың  шынайы алғысы – депу­тат  жұмы­сының  ең  үлкен  марапа­ты.

– Қызметтегі  басты  ұстанымыңыз қандай?

– Адалдық, әділдік және ашық жұмыс істеу. Қандай шешім қабыл­дасақ та, оның халыққа тигізер пайда­сы бірінші орында тұруы керек. Жемқорлықтан, жалған есептен ада болу – азаматтық және қызметтік міндет. Ал ең басты ұстаным – сөз  бен  істің  сәйкестігі.

– Өзіңіз басқаратын қалалық мәсли­хатта нендей жұмыстар жүзеге асуда?

– Шын мәнінде VIII шақыры­лымдағы Қызылорда қалалық мәсли­хаты жыл көлемінде ауқымды жұмыс­тар атқарды. Мәслихаттың негізгі нысаны – сессия. Жыл басы­нан бүгінгі күнге дейін Қызылорда қалалық  мәслихатының 11 сессия­сы (3 кезекті, 8 кезектен тыс) өткі­зілді. Кезекті сессияларда халықты тол­ғандырып жүрген өзекті мәселе­лер қаралады. Мәселен, биылғы жылы наурыз айындағы кезекті сессияда қаралған өзекті «Қалалық емхана­лар мен  ауылдық  елді мекендердегі емдеу ұйымдарының халыққа сапа­лы медициналық қызметтер көр­сетуі және тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету» мәселесі бойынша ұсыныстар жинақтау мақсатында қала­л­ық мәслихат депутаттары өз сайлау округтеріне қарасты меди­цина  меке­мелерін   аралау шара­ларын   өткізді.  Депутаттық аралау­лар жұ­мы­сының қорытындысы бойынша бірқатар  ұсыныс  берілді. Бюджет пен бағ­дарламалардың орындалуы – мәслихаттың негізгі бақылауында. Әрбір тиынның тиімді, мақсатты жұм­салуына бөлінген қаражаттың нақты нәтижеге бағытталуына  ерекше  мән  береміз.

Депутаттардың белсенділігі – мәслихат жұмысының негізгі күші. Халықпен кездесулер, қабылдаулар, нақты мәселелерді көтеру арқылы әрбір депутат өз округіндегі проб­лемаларды шешуге барынша атса­лысып келеді. Нақтырақ айтсақ, ай сайын  депутаттардың  қабылдау күндері белгіленіп, әлеуметтік желіде жарияланып отырады. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 253 азамат қабыл­дауда болып, түрлі бағыттағы мәселелерді көтерген. Тұрғындар тара­пынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі, яғни 180-і баспана алу, жолдарды жөндеу, газдан­дыру, аула­ларды абаттандыру, ойын алаңын салу, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, қоғамдық көлік, аял­дама салу, аяқсу, каналдарды таза­лау, саяжайлар мәселесі, көпір, өткелдер салу болса, қалған 73-і – емделу, қаржылай көмек көрсету, әлеуметтік қолдау, басқа да мәселелер. Оның ішінде, 115 мәселе бо­йынша жауапты мекемелерге хаттар жолданды. Бұдан бөлек, депутаттар өз округтеріндегі мәселелерге қатыс­ты 84 депутаттық сауал жолдаған. Олардың басым бөлігі, яғни 65 сауал коммуналдық салаға қатысты. Қала­лық мәслихат депутаттары жалпы барлық қоғамдық-мәдени, қайырымдылық іс-шараларға белсенді қатысып, өз үлестерін қосуда. «Мектепке жол» акциясы аясында 261 оқушыға оқу құралдары мен мектеп формалары сатып алынды. Сонымен қатар, қарттар күні, 9 мамыр – Жеңіс күні өз округіндегі ардагерлер мен қарттарға  құрмет  көрсетілді.

Қалалық мәслихат өз қызметінде ашықтық, жариялылық және қоғаммен тұрақты кері байланыс орнату ұстанымдарын берік ұстанады. Осы бағытта қалалық мәслихаттың барлық отырысы тікелей эфир арқылы өткізіледі. Сонымен қатар, қалалық мәслихаттың барлық іс-шарасы ресми парақшасы және әлеуметтік желідегі фейсбук, инстаграм парақшалары арқылы тұрақты ақпараттандырылып, тұрғындармен кері байланыс жасалып отырады. Қорыта айтқанда, қалалық мәслихаттың жұмысы – тек құжат қабылдау емес, ол – халықтың сенімін ақтау, жауап­кершілікті атқару, шаһардың дамуы­на үлес қосу. Басты мақсатымыз – Қызылорданың таза, қауіпсіз, қолай­лы қала ретіндегі халыққа деген мүмкіндігін арттырып, тұрғындардың  тұрмыс  сапасын  жақсарту.

ҰСТАЗ  ҚҰПИЯНЫ  САҚТАЙ  ОТЫРЫП,  ЖҰМЫС  ІСТЕУІ  КЕРЕК

– Қазіргі кезде жасөспірімдер­дің арасында бұзақылық, құқықбұзу­шы­лық  көбеюде. Қоғамда дүрбелең туды­рып жатқан мәселеге орай сіздің жеке  пікіріңіз  қандай?

– Бұл – қоғамды алаңдататын үлкен мәселе. Жасөспірімдердің қателікке бой алдыруына көбіне отбасындағы назардың әлсіреуі, ақпараттық кеңістіктегі теріс әсер, сыныптастар арасындағы қысым, психологиялық қолдаудың жетіспеуі себеп  болып  жатады.

Мен №144 мектепте он үш жыл ұстаз, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Түнгі сағат 11-12-ге де­йін елді мекенді аралап, балаларды бақыладым. Қиын жағдайға түскен балаларды анықтап, қолдап, ортаға қосып жүрдім. Сенімді оқушылар, ата-аналар арқылы сыртта болатын төбелес, кикілжіңдерді біліп, алдын алып отырдым. Қазіргі ұстаздар мен оқушылардың қаланың әр түпкірінде тұруы да тығыз байланысқа кедергі болуы мүмкін. Бірақ, қазір бәрінде ұялы телефон бар. Жанын қинаған мәселені оқушы ұстазына жеткізе алады. Ұстаз құпияны сақтай отырып, жұмыс істеуі керек. Оқушы мен ұстаз арасында зор сенім болуы қажет.

Бүгінде бұл өзекті мәселе қалалық мәслихаттың да үнемі назарында тұр. Қалалық мәслихаттың экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы тікелей осы бағытта жұмыс істеп, комиссия отырысында талқылап, депутаттық аралау барысында мониторингтер жүргізеді. Биылғы жылдың 14 тамызында аталған тұрақты комиссия отырысында «Жастарды қолдау және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шаралардың Қызыл­орда қаласында жүзеге асырылуы туралы» мәселесі тыңдалып, атқаралып жатқан істермен таныс­тық. Мәселені талқылау барысында депу­таттар тарапынан «Жастар ресурс­тық» орталығының штатын ұлғайту, материалдық базасын жақсартуға   жәрдемдесу,  оның  ішінде үлкен сыйым­дылықтағы авто­көлікпен қамтамасыз ету, жастар жұмыссыз­дығын төмендету, тәжі­рибе жинақ­тау шара­ларын күшейту және  қала  аума­ғынан жаңа лагерьлер ашу тура­лы ұсыныстары айтылды. Осы ұсыныс­тардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, қолымыз­дан келгенше шешілу  бағытында  жұмыс  істейміз.

Сонымен қатар, жыл басында өткізілген тұрақты комиссия отыры­сында «Қалалық қоғамдық даму бөлімінің 2024 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы» мәселесін талқылау алдында депу­таттық аралау өткізіліп, Жастар театр­ына да барып, жағдаймен таныс­қан  болатынбыз.

ЖАСТАРДЫҢ  БОЙЫНАН  ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ  КӨРГІМ  КЕЛЕДІ

– Жастардың бойынан қандай қасие­ттерді  көргіңіз  келеді?

– Жастардың бойынан ең алды­мен еңбекқорлық пен жауапкершілікті көргім келеді. Қазіргі заман білімді талап етеді, сондықтан білімге деген құштарлық, ізденімпаздық, жаңаға ұмтылу – маңызды қасиеттер. Президентіміз 2025 жылғы Жолдауында атап өткендей, жаңа дәуірдің талабы – зама­науи білімді игерген, технологиялық өзгеріс­терге бе­йім, цифрлық мәдениеті жоғары жас буын қалыптас­тыру. Осыған орай, еліміздегі жастардың білім алуына, кәсіп бастауына, стартаптар құруына қолдау көрсетіп, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек нарығында жастарға басымдық берілуі тиіс екендігі айтылды. Жастарымыз елдік мәселеге келгенде мінезді, білімді болуы керек, «Иә» мен «Жоқты»  ашық  айта  білуі керек. Елім дегенде, ештеңеден  тайынбауы  қажет.

– Ұлт болып ұйысу жолында басты керегі – бірлік, білім, тағы не қажет?

– Бірлік пен білім – ел іргесінің мықты болуының негізгі факторы. Бірақ оған қоса қоғамда әділдік орнауы керек. Әділдік бар жерде адамдардың сенімі нығаяды. Рухани тұтастық, еңбек мәдениеті, бауырмалдық, өзара сыйластық – ұлтты ұйыстыратын құндылықтар. Ұлт болу – тек тілді, дәстүрді сақтау емес, жүректің тазалығын, ниеттің дұрыс­тығын қалыптастыру. Адамның пейілі дұрыс болмай, ештеңе жақсы болмайды. Пейіл адал болуы керек. Бақталастық, көреалмау­шы­лық, бос сөзден аулақ болуы қажет. Әр нәрсеге байыппен қарап, дұрысын таңдай білуі, дұрыс бағытта дами білуі – бас­ты нәрсе. Бәрі де пенде болғасын өзінің жақсы, жаманы болады. Жаман­ды жойып, жақсы жағын  күшейту  керек.

– Қоғамдағы қандай мәселелер жиі ойландырады?

– Елдің бірлігі, әділдік, сыйлас­тық, жастар тәрбиесі, қоғамдық қауіп­сіздік, инфрақұрылым сапасы, тұрғындардың күнделікті әл-ауқатының жақсы болуы – бұл менің ғана емес, кез келген басшының ойланатын мәселелері. Сондай-ақ шешім қабылдауда халықпен ашық пікір алмасу мәдениетін қалыптас­тыру маңызды. Қоғам үнін ести алған билік қана нәтижелі жұмыс істейді. Жоғарыға ұсыныс айта білу керек, орынды ұсынысқа құлақ аспайтын басшы  жоқ.

– Ардагер деп кімді атауға болады? Қария сөзінің  құндылығы  неде?

– Ардагер – елге қызмет етіп, еңбек жолында айрықша із қалдыр­ған, парасаты  мен тәжірибесімен ұрпаққа өнеге көрсеткен тұлға. Ал қария сөзі – елдік пен даналықтың мектебі. Қария­ның әрбір айтқан ойы – тәрбие, үлгі, өмірлік тағылым. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген сөз тегін айтылмаған. Біз үлкенді құрметтеп, олардың батасы мен ақылын  қадірлей  білгенде ғана руха­ни  бай  ел  боламыз.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер:
  • Керемет сұхбат,ауқымды мәселе айтылған. Сұрақта ,жауапта сауатты.
    Тәрбиеге берері көп.Әсерлі сұхбат.
    Рахмет!!!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: