Әліби БЕКЖАНОВ,
«Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы,
«Парасат» орденінің иегері:
Сыр өңірі ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік аймақтар қатарында көш бастап келеді. Ала жаздай дала төсін дүбірге бөлеген диқандар еңбегі қоңыр күзде көрінеді. Көктем келісімен кетпен, күрегін сайлап, атыз жағалап, жер ашуды дағдыға айналдырған еңбекші қауымның жұмысы ерлікке пара-пар еңбек десек, артық айтқандық емес.
Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы жұмысшылары да осы бағытта қоңыр тіршілік қамымен жұмыс атқарып келеді. Әліби Бекжанов төрағалық ететін шаруашылық азаматтары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл – береке-бірлік пен тынымсыз тірліктің нәтижесі.
Осы орайда, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы, «Парасат» орденінің иегері Әліби Бақытбекұлымен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласы бойынша аз-кем әңгімелескен болатынбыз.

БІРДЕН АУЗЫМЫЗ МАЙҒА ТИІП, ШЕКЕМІЗ ШЫЛҚЫҒАН ЖОҚ
– Әліби Бақытбекұлы, жақында мемлекет басшысының Жарлығымен алған марапатыңыз құтты болсын. «Еңбек ер атандырады» деп осындайда айтылса керек-ті. Жалпы, еңбек адамға не үшін қажет, не береді?
– Рақмет! Жалпы алғанда марапат алу еңбектің еленгенін білдіреді. Өзім марапат, мадақтама, мақтау есту, мақтау күту дегенге аса жоқ адамын. Алайда ел ескеріп, құрмет көрсетіп жатса, шынайы көңілден ризашылығымды білдіремін. Кәсіпкерлік саласында жүргеннен кейін біраз жұмыс атқардық ғой. Шаруашылыққа дайын басшы болып барғаным жоқ. Тәуелсіздік алған жылдары ел ыдырап жатқан уақытта біз сияқты жастар сыртқа кете берсе, кім істейді деп сол елде қалып, еңбек еттік. Еңбекке ерте араласқаннан жермен жұмыс істедік. Жалпы, біздің аймақ егін шаруашылығына бейім болып келеді. Бірден аузымыз майға тиіп, шекеміз шылқыған жоқ. Көп қиыншылықты бастан өткердік. Марапаттау, құрмет көрсету бұрыннан бар дәстүр десем болады. Еңбек еленгені шығар біз үшін. Кейбіреулер осы марапат алу жағында айтысып, тартысып жатады. Шынымды айтсам, ізін қуғаным жоқ. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы елде болды, шаруашылықты көрді. Жалғыз облыс әкімі ғана емес, республикалық деңгейдегі министрлердің көпшілігі шаруашылық жұмысын көрді десем, артық айтқандық емес. Аймаққа іссапармен келген Сенат, мәжіліс депутаттары да жақсы таниды, біледі. Өңірге келген қонақтар қай жақта жақсы инновация бар, жақсы технология бар, соны көруі үшін барады ғой. Елімізге келген меймандардың басым бөлігі біздің шаруашылықта жиі болды. Кешегі марапат соның нәтижесі шығар деп ойлаймын. Бір жағынан жастарға тәрбиелік мәні де бар. Оларды еңбекке, елдік іске араласуға, халықпен жұмыс істеуге баулиды. Халқымызда «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» деген даналық өсиет бар. Бүгінгі қолдау, қошемет осы сөзімізге дәлел шығар деп ойлаймын.
– Кеше ғана Президенттің қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті. Алқалы жиын Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өткізілгенін білеміз. Мұндай алқалы жиынның нәтижесінен не күтесіз?
– Алқалы жиын – ауыл шаруашылығы мамандарының жылына бір бас қосатын форумы. Кеңес үкіметі кезінде мұны съезд деп жатады. Жалпы, жылды қорытындылап, еңбеккерлердің басын қосып, болашақта үкімет тарапынан қандай бағыт дұрыс, қандай жұмыс істелуі керек, нендей бағдарламалар бар? Осы жақтары жан-жақты насихатталып, айтылатын форум деп білеміз. Бұл елімізде екінші мәрте қатарынан өткізіліп отыр. Өткен жылы да барып қатысқанмын, биыл да бардым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы көп нәрсені біледі ғой. Дүниежүзілік саясатпен тығыз байланысты отырған елдің тұлғасы. Ауыл шаруашылығы мамандары үшін болашақ қандай тұс тиімді, сол жағына бағыт-бағдар беріп отырады. Қазіргі уақытта дүниежүзінде су тапшылығы өте қиындап барады. Соған байланысты дақылдың басқа бағыттарын егу мәселесі, инвесторлармен дұрыс жұмыс істеу саясаты айтылды. Міне, осы жұмыстарды Үкімет құрамына, министрлерге тапсыруы президент пәрменін көрсетеді. Президент форумда жерге байланысты көп дүниенің бетін ашып айтты. Жерді тиімді пайдалану керектігін, игерілмеген жерді қайтадан мемлекетке қайтару керек деп қадап айтты. Мұның барлығы – көп көкейіндегі маңызды мәселе. Біз елде отырып осындай келеңсіздіктерді көріп отырмыз. Кейбір шаруалар отыз жыл болса да меншігінде жері бар, я өспейді, я өшпейді, сол бір отырыс. Жасыратыны жоқ, құдайыжолыдағы ақтық секілді жерді кім болса соған метрлеп сатып, кәсіп қуып отырғандар бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Мұның барлығын президент білмейді емес, жақсы біліп отыр. Соған байланысты жергілікті органдар, биліктегілер соған қатты жұмыс істегені дұрыс деп ойлаймын. Жер – елдің асыраушысы. Қаншама ауыл-аймақ болса, соның айналасындағы жер – сол өңір тұрғындарының асыраушысы. Соны тиімді пайдалану керек, болмаса тиімді пайдаланатын шаруаға беру керек. Біреудің әкесі, біреудің көкесі деген болмайды. Оның заманы өтті. Жер ешқашан, ешкімге жекеге айналмауы керек. Ол – мемлекет меншігіндегі жер.
АУЫЛДЫ САҚТАП ҚАЛЫП ОТЫРҒАН АЗАМАТТАР БАР

– Ауылды қалай сақтап қаламыз?
– Бұл – бүгінгі күнгі күрделі мәселе. Ауылды сақтап қалып отырған азаматтар бар. Бұл көбіне-көп шаруашылық басшыларына тікелей байланысты. Шаруашылық адамдарының отбасы, оған қарап отырған балалары барын шынайы сезінсе, шаруашылық басшысы жұмыс істер еді. Кейбір басшы бар, жеке басының мәселесін бірінші ойлайды. Ондай басшысы бар ауылдардың жағдайы қиын. «Кім бай болғысы келмейді, Құдайы қаламайды. Кім би болғысы келмейді, халқы қаламайды. Кім батыр болғысы келмейді, жүрегі дауаламайды» дейді. Әрине, тегін адам басшы бола алмайды. Жақсы дамыған ауылдар бар, жоқ деуге болмайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген даналық сөз бар. Мен шаруашылық басқарып жатқан жақта үш елді мекен бар. Судың аяғы, өте қиын. Бірақ судың аяғында отырмыз деп, қарап отырған жоқпыз. Әрекеттерді жасап жатырмыз. Су болмайды деп, егіс көлемін қысқартып жатқан жоқпыз. Тиісінше жүйелі жұмыстар істеп жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған өзекті мәселенің бірі – еліміздегі су шаруашылығын дамыту. Президенттің пайымынша, аталған олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қабылдануы қажет. Суды тиімді пайдаланып, суармалы жерлерді ұлғайту керек. Біз осыған байланысты суармалы жерді ұлғайтып, 630 гектар жерді инженерлік жүйеге келтіріп, айналымға қостық. Мен елді мекендерден зауыт, фабрика сала алмаймын. Жаңадан жерді ашып, өндіріске қоссам, сол – зауыт, фабрика ашқанмен бірдей шаруа. Ол жерде кемі 5-6 адам жұмыс істеп, отбасын асырайды. Су тапшылығы болатынын алдын ала сезініп, жиырма бес шақырым электр желісін тартып, қашыртқыларға су жеткізіп, оны қайта егіске пайдаландық. Жалағаштың Аққыр деген ауылын білесіздер. Кеңес үкіметі тұсында қырық мың қойы бар дүркіреген совхоз. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін тіршілік қиындап, бәрі жекешеленіп, малдың да басы кете бастаған тұс болды. Халықтың несібесі болар, қасынан күріштің қашыртқысы сол ауыл арқылы өтеді. Сол жаққа тоқ тартып, жерін егінге айналдырып, тың жерді игеріп, малшы ауылды егін шаруашылығы ауылына айналдырған жайымыз бар. Жыл сайын жайлап егіс көлемін арттырып, осындай жұмыстарды істеп жатырмыз.
Ауылды сақтап, өз қалпында ұстап қалуы үшін ауыл тұрғындарында тұрақты жұмыс көзі болу міндетті. Бұл тұрмыс сапасының артуына сеп болмақ. Жұмысшының еңбекақысын уақытылы беріп отырсаң, ауылды сақтап қалуға болады. Сыртқа жұмысқа кетіп, аузынан ақ май ағатындай жағдайлар бірен-саран. Сөйтіп қалаға жұмысқа кетіп, отбасымен қайта келіп жатқандар да бар. Кейбір адамда қанағат, ынсап деген қасиет бола қоймайды. Әр маусымда ай сайын жақсы жалақы беріп отырамыз. Күзгі егіннің жиын-теріні біткесін қалыптасқан қағида бойынша қосымша ақы беріп келеміз. Бұл – қыс бойы демалыста азық-түлігін алсын, тіршілігіне жаратсын деген жанашырлық. Өкініштісі сол, қасындағы адамнан бес-он тиын кем алса, соны сөз қылып, сөз қуып жүретіндер де бар. Бірақ адам салыстырмалы түрде айналасына қарауы керек. Адам болғасын, пенде болғасын, ондай-ондай болуы да заңдылық шығар деп ойлаймын. Ақша, табыс үлкен еңбекпен келеді. «Кіндік қаның тамған жерге, маңдай терің де тамуы керек» дейді. Сол мақсатта туған елге болсын, бір ісіне жарайын деп жұмыс істеп келеміз. Кез келген адам бір кәсіппен тұрақты айналысуы керек. Сонда ғана ол өз жемісін береді.
БІЗ ЗАМАНАУИ ҚАЛЫПҚА БЕЙІМДЕЛГЕН ШАРУАШЫЛЫҚПЫЗ
– Сіз басшылық ететін шаруа қожалығы ұдайы тың әдіс-тәсілдерді қолданып келеді. Бұл туралы қандай ой бөлісесіз?
– Мәселен, Жапония мемлекеті әлемде ең бай дамыған ел ретінде танымал. Осы елді қарасаңыз, теңіздің ортасында орналасқан алақандай аумақта тұратын мемлекет. Бірақ даму жағынан әлдеқайда алда кетіп қалған. Дымы жоқ тау-тастың ортасында тұрса да, өз брендін қалыптастырған. Міне, адам да сол секілді қиналған кезде тың дүниені ойлап табады. Өндіріс орындарын ашады. Жаңадан инновациялық жобаларды іске асырады. Бұл – мұқтаждықтан туған қажеттілік. Әлі есімде, мен алғаш күріш егіп бастаған кезде су жетіспейтін. Масаханамызды құрып, судың кезегін күтіп, басында жататұғынбыз. Суға жарымағаннан кейін біз қайтсек молынан су аламыз, дұрыс өнім аламыз деп, ең бірінші жерді тегістеуді бастадық. Бұл қаражаттың көптігінен емес. 2013 жылы аймақ бойынша алғаш рет Жапонияның экскаваторын сатып алдық. Ол кезде 200-300 гектар ғана күріш егеміз. Сыртқы шет мемлекеттерге барып, тәжірибе жетілдіріп келіп жүрдік. Солардың жұмыс тәсілін шаруашылығымызға енгіздік. Тың технологияның барлығы суды үнемді пайдалану сияқты тәсілдерден бастау алды. Күріш оруды да келер жылдан бастап технология тәсілімен жинауды қолға алмақпыз. Жақында Қытайдан күріш кептіретін жаңа апарат сатып алдық. Мұны да әзірге ешбір шаруашылық ала қойған жоқ. Болашақта су болмаса, өнім азайып, артық шығын болдырмаудың алғышарттары. Күріштен кейінгі дақыл – жоңышқа. Қызылорда облысында шығымы жақсы өнім деуге болады. Оны да келешекте экспортқа сату мәселесі терең зерттеліп қарастырылуда. Қазіргі уақытта көрші Қытай мемлекетінен жоңышқаға жақсы сұраныс түсуде. Бұған да Германияның тәуір аппаратын сатып алып отырмыз. Ол да әзірге басқа шаруашылықтарда жоқ. Бұл бір ақшамның көптігінен емес, 3-4 жылда жоңышқа сатылымынан түсетін қаражат, былай қарасаңыз. Бірақ, тәуекелге барып отырмыз. Онсыз тағы болмайды. Біз заманауи қалыпқа бейімделген шаруашылықпыз.

САУДАНЫҢ НАҒЫЗ ОРНЫ – СЫР ӨҢІРІ
– Аймақта көкөніс дақылдары сырттан тасымалданады. Осыларды өзімізде неге игермеске?
– Әр өңірдің өзіне сай климаттық жағдайы болады. Ауа райы ылғалды, картопқа жайлы аймақтар бар. Сол сияқты алма Шымкенттен әрі қарай жақсы өседі. Бізде де өседі, өспейді деп айта алмаймын. Бірақ, біз жақтағы күннің өте ыстықтығы алмаға кереғар әсер береді. Шығарасың, бірақ біраз бейнет жасайсың. Мысалы, бидай шыққан жерге күріш шықпайды ғой. Мәселенің негізі осында жатыр. Шымкент мақтасын, Жамбыл жуасын егеді. Ал, біздің өңір жер құнары жағынан кемшіндеу түсетінін мойындауымыз керек. Бізге қауын, қарбыз, басқа дақылдар жақсы, дәмді шығады. Көкөніс дақылдары анау айтқандай сапалы шығуы қиындау. Жасыратыны жоқ, адамдарымызда жалқаулық та бар. Еңбектенсе, әрине, өнім береді. Сыр өңірі – Ұлы Жібек жолының бойы. Сауданың нағыз орны – осы облыс.
– Алма бағыңыз барын да білеміз. Жалпы, жеміс-жидектерге деген тәуелділіктен арылуға бола ма?
– Бір ғана мысал айтайын, жеміс-жидекті не үшін егемін? Басқа да шаруашылықтар соны жасасын деймін. Көбі күріштің айналасында кетіп қалған. Жердің дауы – оны бөліп алу мәселесі. Күріштен басқа да өнімді егу керектігін өзім жасап көрсетіп те келемін. Әлеуметтік желі немесе баспасөз арқылы жазып та жүрмін. Бұл – аса білімпазбын деген сөз емес. Әр адам осылай тіршілік жасауға болатынын айту – негізгі мақсатым. Әр ауыл 5-6 гектардан алма егуге болады. Бір жағынан түсінуге де болады, мұндай қадамға баруға шаруалардың экономикасы көтере бермейді. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің аймақ – суармалы аймақ, оны өздеріңіз білесіздер.
Алғашында алма көшеттерін Сарыағаштан алдырдық. Жалпы, бес гектар аумаққа отырғызылды. Тамшылатып суару әдісі қолданылады. Төрт түрлі сорт егілген. Егін басында 2-3 адам тұрақты жұмыс істейді. Барлық күтімімен солар айналысып отыр. Шыққан өнім облыс аумағын қамтып отыр.
МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫ ШАРУАЛАРҒА КЕРІ ӘСЕР ЕТЕДІ
– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маман ретінде нендей пікір айтар едіңіз?
– Бұл жалпы мемлекет міндетіндегі дүние деп білемін. Мемлекет ауыл шаруашылығына дұрыс саясат жүргізсе, азық-түлікті қамтамасыз етуге болады. Осы сала бойынша жыл сайын заң өзгеріп жатады. Мұның барлығы шаруаларға кері әсер етеді. Суды аз қажет ететін дақылға көшу қажеттігін айтады. Бірақ оның механизмін жасау қажет. Министрлікте әр аймақтың субсидиялау ережесі бар. Қай өңір қандай өнім ексе де, бір заң. Бұл дұрыс емес. Өйткені, күріш, бидай, бақша дақылдары – бөлек-бөлек дүние. Осы жағы кемшін түсуде. Бұл – терең зерделеніп барып, шешім қабылданатын дүние.
– Бақша дақылдарын экспорттау мәселесі қалай жүзеге асуда?
– Біздің аймақтың негізгі дақылы бақша егу емес. Шаруашылық бақшасына келетін болсақ, ол ауыл-аймақтан аспайды. Ол – қосымша ауыл азаматтарының жасап жатқан еңбегі.
– Жастардың еңбек майданына ынтазарлығы қандай? Оларды ауылға тарту үшін не істеу керек?
– Жастардың жұмысқа деген ынтасы ерекше зор. Шаруашылықтың 70-80 пайызын жастар легі құрайды. Ауылдан жырақтаған жастар жоқтың қасы. Техникалардың басым көпшілігі – заманауи шетелдік құрылғылар. Жастар қызығушылығы басым. Ауылымыздың болашағы – осындай жалынды жастардың қолында. Мен үнемі айтып келемін, ауылды көркейтіп, ертеңін нұрлы ететін де, болашағын бұлыңғыр ететін де – жергілікті жастар. Бір данышпан қарияға ел ертеңін болжап берші деп сауал тастаған екен. Сонда көпті көрген көреген кісі «Ауылыңның жастарын көрсет, мен саған еліңнің ертеңін айтып беремін» деген. Міне, бұл – боямасыз өмір шындығы.
Жастардың ауылдық елді мекенге тұрақтануы тікелей басшылыққа байланысты. Ауыл әкімі немесе шаруашылық төрағасы жастарды қолдап, қамқорлық танытып, тұрақты жұмыс көзін тауып беріп отырса, ол жастар ақымақ емес. Өздері үшін ауылда қалып жұмыс істейді. Ал, өкініштісі сол, кейбір замандасымыз жастарды онша-мұнша көзге іле қоймайды. Ал, мен ол жастарға ауылда қалып, еңбек ет деп айта алмаймын. Олар да отбасыларын асырауы керек. Бұл – түсінікті жайт. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз осы сауалға дұрыс жауап болды ғой деп ойлаймын.
ҚЫЗЫЛОРДАДА 90 ПАЙЫЗ ШАРУАНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚИЫН
– Фермерлерге нендей жеңілдік жасалуда?
– Фермерлерге жеңілдік жоқ емес, бар әрине. Жанар-жағармай, тыңайтқыш жағынан қолдау көрсетіледі. Дүниежүзілік геосаяси жағдайға байланысты күріштің бағасы түсіп кетіп отыр. Жасыратыны жоқ, егіншілердің жағдайы қиындау болып тұр. Қызылордада 90 пайыз шаруаның жағдайы қиын десем болады.
– Ауыл шаруашылығындағы реформалардың кемшін тұсы қандай?
– Су болмай қалса не істеймін деп, алдын алып техника сатып алдым. Бірақ, өкініштісі сол, ол ауыл шаруашылығы саласы бойынша субсидияға енбей қалған. Сонда ол ауыл шаруашылығы техникасына жатпай ма? Әлде заң шығарушы органда отырған мамандар бұл жайынан алаңсыз хабарсыз болғаны ма? Сұрақ осында. Осы жағына аздап қынжыласың. Министрлік өкілдерінен сұрастырсам, отандық техникаларды алу керектігін айтады. Қостанайда бір апаратты көрдім, ол жүгері, бидай, басқа да өнімге сәйкес келеді де, біздің күрішке жарамайды. Сонда қалай? Тұқым шаруашылығындағы ережені қарасаңыз, онда да сондай түйткілді мәселе көп. Осы мәселелерге байланысты министрлікке хат жаздым. Келген жауапты оқып түсіне алмадым. Хат қазақша жазылған, мен де қазақпын. Ал олардың жауабын түсіну қиынға соқты. Ол өзі де білмеуі мүмкін не жазғанын. Соған қарным ашады. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы қалай дұрыс реформаланады? Қытай мемлекетін көріп жүрміз. Олардың жұмыс тәсілі өте керемет. Кәсіп істеймін десең, алдыңа дұрыс жүйесін, қаражатын, басқасын бәрін қояды. Гектарына алдын ала субсидиясын төлейді. Бізде болмайтын жағын айтады. Министрлік отандық өндірісті қолдау керектігін айтады, сонда отандық шаруаны қолдамай ма? Ауыл шаруашылығын дамытамын десе, кәсіпкерді шектемеуі керек.

БҰЛ – ӘР АЗАМАТТЫҢ БАЙЛЫҒЫ
– Сіз өзіңізді баймын деп ойлайсыз ба?
– Байлық, бақыт деген ұғымдарды әркім әрқалай түсінеді. Отбасың, балаларың болса, әрине, байсың. Бұл – әр азаматтың байлығы. Ал, дүние жинау жағынан баймын деп ойламаймын. Қарапайым қатардағы қоңыр тірлік кешіп жүрген көптің бірімін.
– Досыңыз көп пе? Қасыңыз ше?
– Досы көптің бірі өзім. Шүкір, жақсы азаматтармен шынайы доспын. Есеппен емес, таза көңілмен араласып жүрміз. Біреулер қасындай көретін шығар. Бірақ, мен ешкімді өзіме дұшпан санамаймын. Бар болсаң, көре алмайтын, жоқ болсаң, бере алмайтын пендешілік қасиет болуы да заңдылық шығар. Ол әркімнің көңіл әйнегінің тазалығына байланысты дүние деп есептеймін.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!