Астанада ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өршуі байқалып, эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Қалалық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі El.kz интернет порталына сілтеме жасап.
Эпидмаусым басталғалы қалада 82 520 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6%-ға жоғары. Оның 48 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Соңғы аптада аурушаңдық 1,5 есеге өсіп, 23 мыңнан астам жағдай анықталған.
Маусым бойы 1 861 адам ауруханаға жатқызылған, олардың ішінде 190 жүкті әйел, 577 бір жасқа толмаған бала бар. Зертханалық талдаулар 116 A(H3N2) вирусын және 6 COVID-19 жағдайын анықтады. Тұмау немесе коронавирус расталмаған үлгілердің ішінде риновирус, бокавирус, аденовирус, парагрипп және РС-вирус тәрізді 101 басқа респираторлық инфекция кездескен. Биылғы маусымда өзекті болып отырған үш штамм A(H1N1), A(H3N2) және B вакцина құрамына енгізілген.
14 қарашаға дейін қалада 148 948 адам тұмауға қарсы екпе алған, бұл жоспардың 99%-ына тең. Зертханада тексерілген 194 биоматериалдың 44-інде тұмаудың A(H3N2) түрі расталды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл — 1968 жылдан бері айналымда жүрген маусымдық вирус, сондықтан жаңа штамм емес.
ДДҰ дерегі бойынша, 2025–2026 жылғы маусымда да негізгі үш штамм сақталады: A(H1N1), A(H3N2) және B. Мектептерде жағдай тұрақты: сыныптағы аурушаңдық 20%-дан аспай отыр. Порог асса, оқу форматы кезең-кезеңімен қашықтан оқытуға ауыстырылады. 13 қарашадағы мәлімет бойынша, инфекциялық стационарларда 359 науқас ем қабылдап жатыр, 4 574 адам амбулаторлық бақылауда. Қалада екі ірі стационар жұмыс істейді:
Емханалар толық дәрілік және техникалық жабдықпен қамтамасыз етілген. Халыққа көмек қолжетімді болуы үшін 101 сүзгі-кабинет және жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсететін 70 мобильді бригада жұмыс істейді. Қазан айынан бері №3 балалар ауруханасының қабылдау бөлімі тәулігіне 350-500 бала қабылдайды. Негізгі жүктеме 5 жасқа дейінгі балалар.
Дәрігерлер тұрғындарға бірнеше қарапайым профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады:
адам көп жиналатын жерлерде маска тағу;
қолды жиі жуу;
бөлмелерді желдету;
ауру белгілері пайда бола салысымен өздігінен емделмей, емхана немесе сүзгі-кабинетке жүгіну.
Мамандардың айтуынша, ата-аналардың кеш жүгінуі себепті көптеген балалар бірден стационарға түсіп жатыр. Ал учаскелік дәрігерге уақытылы қаралу асқынудың алдын алып, ауруханаға түсетін жүктемені азайтады.
Фото: Informburo
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!