Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«БАЛА БОСАНҒАН БАЛА»: Қоғам қайда қарап отыр?

06.11.2025, 10:40 196

Бүгінгі қоғамның ең ащы шындығы – ерте жүктіліктің етек алуы. Балалық шақпен қоштаспай жатып, аналық жауапкершілік арқалған жас қыздардың тағдыры көбейіп келеді. Бұл – тек жеке отбасының емес, бүтін бір ұлттың болашағына төнген қауіп. Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызына уақыт бөле алмаған ата-ананы ма, әлде ортаны ма? Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Егер біз үнсіз қалсақ, ертең осы қоғамның ең әлсіз тұсын айғайлатып тұратын дертіне айналады. Олай болса, бұл мәселеде елімізде статистика қандай деңгейде? Мамандарымыз не дейді? Бұл қауіпті кері қайтарар жолы бар ма? Осы сауалдар барысында мақаламызды тарқататын боламыз.

Ерте жүктілік – тек медициналық немесе моральдық мәселе емес, қоғамның тәрбиелік, әлеуметтік және мәдени ахуалының айнасы. Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары елімізде 15-18 жас аралығындағы жүктілік жағдайларының көбеюі байқалады. Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 12 мыңнан астам жүктілік фактісі тіркелген. Ал жыл сайын 75 мың түсік жасалатынын министр А.Әлназарова ресми түрде мәлімдеген еді. Бұл – жай ғана статистика емес, нәзік жандылардың денсаулығының, үзілген тағдырдың, жоғалған үміттің, ескерусіз қалған  сәбилердің  сандары.

Мамандар бұл көрсеткішті еліміз үшін алаңдатарлық жағдай деп бағалайды. Себебі мұның артында тек медициналық емес, экономикалық және психологиялық мәселелер де тұр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, осы жағдайды азайту мақсатында министрлік әлеуметтік жағдайы төмен және осал топтағы әйелдерге жоспарланбаған жүктіліктен қорғайтын тегін әдістерді ұсынуды жоспарлап отыр. Мұндай тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар болғандықтан, іс-шараның басты мақсаты – жоспарланбаған жүктілікті азайтып, әйелдердің репродуктивтік денсаулығын  қорғау  дейді.

Алайда мұндай іс-шаралар тек мәселенің салдарымен күрес ғана, ал негізгі түйін – себептерде. Отбасындағы тәрбиенің әлсіз­дігі, ата-ананың баламен ашық сөйлесе алмауы, жастардың сексуал­дық сауатсыздығы және әлеуметтік желідегі шектен тыс еркіндік – ерте жүктілікке алып келетін басты факторлар. Қыз баланың тағдыры­на жауапкершілік тек өзіне емес, оны тәрбиелеген ортаға да жүктелетінін, сондай-ақ ұл тәрбиесіне көңіл бөлу бұл мәселені шешу­дің маңызды бөлігі екенін ұғынуымыз керек. Сондықтан мектеп пен ата-ананың байланысын күшейтіп, жасөспірімдерге психологиялық және тәрбиелік қолдау көрсету – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл тақырыптан  қашу  немесе  «ұят» деп үнсіз қалу баланың тағдырына балта  шабумен тең.

Қазір көптеген ата-ана, әсіресе қыз баласының күнделікті жүріс-­тұрысына көңіл бөлмей, бақылаудан тыс қалдырып жатады. Соның салдары­нан кейбір жасөспірім ойланбай жасаған қадамның ауыр зардабын өзі тартады. Бұған қоса, ата-аналардың көпшілігі ерте жүктілік пен жыныстық  сауаттылық  тақырыптарын  ашық  талқылаудан қашады. Нәтижесінде баласының  бала босануы қаншалықты қауіпті жағдай екенін толық түсіне  бермейді. Мамандар мұндай бейқамдықтың түбі үлкен мәселеге ұласаты­нын  айтып,  әлдеқашан  дабыл  қағып  келеді.

– Қыз баланың 13 пен 18 жас аралығында ағзасында репродуктивтік жүйе­нің қалыптасу кезеңі жүреді. Бұл уақытта организм әлі толық жетілмегендіктен, жүктілікке дайын емес. Егер жасөспірім осы жаста бала көтерсе, оның денсаулығына да, болашағына да зор қауіп төнеді. Мұндай жағдайда инфекция­лық ауруларды жұқтыру, қан кету, баланың шала тууы, ағзаның бұзылуы, тіпті психология­лық соққы алу қаупі жоғары. Сондықтан аналар қыздарымен мұндай маңыз­ды тақырыптарда  ашық  сөйлесіп, үнемі ескертіп отырғаны жөн, — дейді  Жастар  денсау­лығы  орталығының  валеолог-дәрігері  Арай  Алтаева.

Облыста ерте жүктілік бойынша бүгінгі күнге дейін тіркелген нақты жағдайлардың жай-жапсарын анықтау және оның алдын алу бағытында бірқатар жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта облыстық Жастар денсаулығы орталығы тыңғылықты жұмыс істеп келеді деуге болады. Орталық мамандарының айтуынша, ерте жүктіліктің салдары өте ауыр.

– Ерте жүктілік салдарынан түсік тастап, репродуктивтік денсаулығына зақым келтіріп, психологиялық қиындыққа душар болып жатқан қыздарымыздың көбеюі – өте өкінішті жағдай. Мұның бәрінің себебін жиі айтып келеміз. Біз мектеп, колледж, университет қабырғаларында кездесулер өткізіп, ашық әңгімелер ұйымдастырамыз. Сол кезде және орталыққа көмекке жүгінетін жас қыздардың мәселесін бақылағанда, мұндай жағдайлардың басым бөлігі толық емес отбасынан шыққан балалар арасында жиі кездесетінін байқаймыз. Сонымен қатар, жыныс­тық  сауаттыл­ықтың  төмендігі де – негізгі  себептердің  бірі.  Көптеген  қыз  өз  ағзасындағы  өзгерісті түсінбей,  білімсіздіктің салдарынан осындай ауыр жағдайға тап болып жатады, — дейді Жастар денсаулы­ғы  орталығының  гинеколог-дәрігері  Айгерім  Мұратқызы.

Маманның айтуынша, мәселені шешудің ең тиімді жолы – жасөспірімдермен ашық сөйлесу, сенім орнату және дұрыс ақпарат беру. Себебі үнсіздік пен «ұят болады» деген ұстаным жасөспірімдердің өміріне қауіп төндіреді.

Осы орайда валеолог маман ерте жүктіліктің алдын алуда жыныстық сауаттылық пен саламатты өмір салты тәрбиесінің маңызын ерекше атап өтеді.

– Бүгінде көптеген ата-ана баласының жыныстық жетілу кезеңіндегі өзгерістер туралы әңгімеден қашады. Бірақ, бұл – үлкен қателік. Жыныстық тәрбие – ұят емес, ол баланың болашақ денсаулығын қорғаудың ең маңызды бөлігі. Егер жасөспірім өз ағзасын, оның өзгерістерін дұрыс түсінсе, өзіне де, өзгеге де зиян келтірмейді. Сондықтан мектеп бағдарламасында валеологиялық білім беруді күшейту қажет, — дейді Арай Ғалымжанқызы.

Маманның айтуынша, жасөспірімдерге тек тыйым салу немесе қорқыту арқылы емес, сенім мен білім арқылы әсер ету керек. Өйткені жас адамның бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру – оның болашағын қорғаудың ең сенімді жолы.

Ендеше, ерте жүктілік мәселесін тек қыз баланың қателігі деп қарау – қате ұстаным. Бұл – қоғамның, отбасының және білім беру жүйесінің ортақ жауапкершілігі. Жасөспірімдерге тек биологиялық тұрғыдан емес, адамгершілік, рухани және эмоционал­ды  тұрғыдан  да  қолдау  қажет.

Мектептерде жыныстық сауаттылыққа арналған арнайы пән немесе факуль­тативтік сабақтар енгізу арқылы мәселені азайтудың тиімді жолын қарастыруға болады. Мұндай сабақтарда дәрігерлер мен психологтар жастарға денсаулық, жауапкершілік және өз-өзін қорғау мәдениетін түсіндірсе, ата-аналар да бала тәрбиесінде заманауи тәсілдерді үйренуі керек. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің ықпалы орасан зор.

Біздің қоғамға ең алдымен үнсіздікті бұзу керек. Бұл тақырыптан қашу ұрпақ болашағының көрінісін қорқынышты етеді. Сондықтан әрбір ата-ана баласымен сенімге негізделген әңгіме жүргізуді үйренсе, әрбір ұстаз жасөспірімнің жан дүниесін түсіне білсе, әрбір жас өз өміріне жауапкершілікпен қараса, ерте жүктілік мәселесі де азаяды. 

Қорытындылай келе, «бала босанған бала» – тек қоғамның емес, ұлттың қасіреті. Өйткені ұлттың келешегі – рухани сау, білімді және жауапты ұрпақтың қолында. Ал біз сол ұрпақты қорғау мен тәрбиелеуді бүгіннен бастамасақ, ертең тым кеш болуы мүмкін.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: