Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында қазақ тілін оқыту жүйесіндегі олқылықтар туралы айтты. Ол қазақ тілінде білім алатын қазақстандықтардың санының өсуіне қарамастан, оларды даярлау сапасының мәселелері өзекті болып қала беретінін баса айтты.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын зерттеуші ғалымдар оқыту әдістемесінің басты кемшілігі – балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламалары арасында өзара сабақтастықтың жоқтығынан деп пайымдайды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшiлiк көп. Қазақ мектебіне түзелген программа жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды…» деген сөзі әлі де өзекті. Бағдарламада баланың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту дұрыс ескерілмеген. Грамматикалық заңдылықтарды тереңдете оқытпайды, баланың жас ерекшелігіне сәйкес лингвистикалық білім берілмейді. Диктант жазу, көркем жазу жоқ», — деді Руслан Рүстемов.
Сенатор сондай-ақ қазақ тілі оқулықтарында нақты ғылыми жүйенің жоқтығын сынады. Оның сөзінше, мектептегі тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» сияқты бөлімдері оқушылардың жасын ескере отырып және жүйені бұзбай, қарапайымнан күрделіге қарай оқытылуы тиіс.
«Бұлай оқытудағы кемшілік – 5-сыныпта фонетиканы өтті ме, ол 11-сыныпқа дейін спиралдық әдісімен күрделендіріле отырып қайталанбайды. «Филология» мамандығының білім беру бағдарламасында да қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің санына ортақ талап жоқ. Әр жоғары оқу орны профессор-оқытушыларының әлеуетіне қарай білім беру бағдарламаларын өз қалауынша дайындайды. Бұл дұрыс емес, бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз бойынша бәріне ортақ болуы керек. Бағдарлама болашақ маманның бойында болуы тиіс құзыреттіліктерге негізделіп жасалуы қажет. Жоғары оқу орындарында тілдік емес мамандықтардың қазақ тобына да қазақ тілін міндетті кәсіби пән ретінде оқыту керек. Яғни тілдік емес мамандықтардың қазақ тобындағы студенттер қазақ тілін кәсіби түрде меңгерсе, болашақта қазақ тілін сол салада ғылым тілі ретінде дамытатын, терминологиясын жүйелейтін білікті маман болып қалыптасар еді», — деп атап өтті сенатор.
Руслан Рүстемов «Қазақ тілі» пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның кемшіліктерін жоюды ұсынды. Ол елдегі барлық қазақ мектептері мен ЖОО-ның қазақ топтарында грамматиканы оқыту қағидаттарын, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдіснамалық негіздерін, сондай-ақ орта мектептің деңгейлік жүйесіндегі «Қазақ тілі» пәнінің рөлін кешенді түрде қайта қараудың маңыздылығын баса айтты.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!