Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ неге асықпайды?

23.10.2025, 10:20 83

Бүгінгі заманда бәрі жүгіріп жүр. Уақыт жетпейді, жоспар көп, телефонымыздың сағаты да бізді асықтырып тұрады. Ал қазақ ше? Қазақ бәрібір асықпайды. Біртүрлі көрінеді, иә? Бірақ сол «баяулықтың» артында ғасырлық даналық барын байқадыңыз ба?

Асықпаған қазақ өмірдің дәмін сезініп, сәттің қадірін ұққан. «Асық­паған арбамен қоян алады» деп бекер айтпаған. Өйткені ол істің нәтижесін емес, оның ыстық наны мен иісін де сезінгісі келеді. Шайын асықпай ішеді, сөзін байыппен айтады, шеші­мін  салмақтап  шығарады.

Батыс қоғамы жылдамдықты табыс  деп білсе, қазақ баяулықты бере­ке деп түсінген. «Сабыр түбі – сары алтын» дегені де сол. Қазақтың өмір ырғағы табиғатпен үндес: күннің шығуы, малдың өріске шығуы, кешкі түн тынысы – бәрі бір ырғақта, сабырмен. Қазір сол ырғақ жоғалып барады. Көретініміз таңертеңнен кешке дейін асыққан адамдар, бір-бірін тыңдамайды, жолда да, өмірде де жарысады. Бірақ сол асығыстың соңында не бар? Шаршаған жүйке, бос күйік, үзіліп қалған қарым-­қатынас…

Біздегі баяулық – жалқаулық емес, өмірге байыппен қарау. Сондай-ақ, табиғатпен, уақытпен, өзі­мен үйлесім табу өнері. Бәлкім, бүгінгі қоғамға жетіспей тұрғаны да осы  шығар.

Расымен-ақ, қазақтың баяулы­ғы – оның болмысы, өмірге деген көзқарасы. Біз кейде заманауи қарбаластың ырғағына ілесеміз деп жүріп, өз тамырымыздан ажырап барамыз. Ал сол тамырда сабыр мен салауат, тыныштық пен тереңдік бар еді. Асығыстық – нәтиже емес, үнемі жетпей қалу сезімі. Ал сабыр – адамның  өз  орнын,  өз  уақытын  сезінуі.

Қазақ ешқашан өмірді жарыс деп ұқпаған. Өйткені ол жеңісті сабыр­дан, ұтымды ұпайды ұйғарымнан, тоқмейілдікті теңдіктен іздеген. Асықпай отырып айтқан сөздің де, салмақпен істеген істің де ғұмы­ры ұзақ бола­тынын жақсы білген. Сон­дық­тан қария­лары­мыздың «қазақтың асықпауы – кешігудің емес, кемелдіктің белгісі»  дейтіні де сол.

Бүгінгі қоғамда бәрі жылдамдыққа құмар, тез табыс, тез жетістік, тез атақ… Бірақ руха­ни тыныштық сол «тездіктен» табыл­майды. Керісінше, асықпай отырып ішілген шайдың, ата-анамен жай әңгі­мелесудің, бала күлкісін үнсіз тыңдаудың дәмі ерекше. Сондық­тан қазақтың баяулығы – артта қалушылық емес,  өмірдің   өз  ырғағымен жүру мәдениеті. Асықпау – ұтылу емес, әр сәттің қа­ді­рін ұғу. Ал сол қадірді сезінген адам ғана шын мәнінде  өмір  сүріп  жүр.

Ал сізде, оқырман, өмір ырғағыңыз қай сағаттың ырғағымен жылжуда? Қолсағаттың тілімен бе әлде қарапайым қазақтың өзіндік өмір сағатымен бе?..

Перизат  ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: