Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлерімен бірге Шиелі кентіндегі абаттандыру және көркейту жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы мен ардагерлер «Руханият» орталығы алдындағы заманауи субұрқақ пен жаңаша келбетке енген аллеяны аралап көрді.
«Руханият орталығы» ауласына тамшылатып суару жүйесі орнатылып, газон төселді. Сонымен қатар, заманауи жарық шамдары, демалыс орындықтары мен субұрқақ кешені тұрғындардың серуендеп, тынығуына қолайлы жағдай қалыптастырған.
Бұл ғимаратта неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар ресурстық орталығы, ардагерлер мен аналар үйі, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдар тұрақты түрде жұмыс істейді.
Келесі нысан – 200 орындық “Оқушылар үйі” мен 50 орындық “Өнер мектебі”. Жаңа ғимаратта балалардың шығармашылығын дамытуға арналған үйірмелер тұрақты түрде өтуде. Нысанның аумағы жарықтандырылып, балаларға қауіпсіз әрі тартымды орта жасалған.
Сондай-ақ, аудан басшысы мен ардагерлер А.Яссауи мен Тәуелсіздік көшелерінің қиылысында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) маңындағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Мұнда заманауи автотұрақ, лазерлі әдіспен жасалған декоративті темір қоршаулар, бастырмалы орындықтар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жүйесі орнатылған.
Көлік қозғалысын реттеу және кептелістің алдын алу мақсатында бағдаршам орнатылып, тұрғындар үшін ыңғайлы және қауіпсіз орта қалыптастырылды.
Аудан әкімі өз сөзінде бұл жұмыстар аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан абаттандыру, көгалдандыру және көркейту бағытындағы жүйелі істердің нақты нәтижесі екенін атап өтті.
Ал ардагерлер өз кезегінде ауданның ажарын арттыруға бағытталған игі істерге ризашылығын білдіріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар үшін алғыстарын жеткізді.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!