Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ешбір ғылым саясат індеті мен биліктің жемқорлығынан таза емес

09.10.2025, 11:20 233

Бұл сөздің авторы – Джейкоб Броновский. Джейкоб – поляктектес ағылшын ғалымы. Әмбебеп ғалым деп айтсақ та болады. Әйгілі Кэмбридж университетін математика мамандығы бойынша тамамдап, артынша ғылымның адамзат өркениетіндегі рөлін зерттеуге бет бұрған. Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында түрлі әскери жобаға қатысып, атом қаруының зардабын көрген соң ғылым мен адамгершілік байланысына қатты ден қойған.

Жә, мақаламыз қандай да бір жеке тұлға жайлы емес, ол дүниеге әкелген культті сөз, 1973 жылы BBC-де жарық көрген «The Ascent Man», яғни «Адамның өрлеуі» еңбегінде жазылған афоризмі және оның бүгінгі қоғамдағы салмағы мен ауқымы туралы болмақ. Ғалымның басты ұстанымы «Ғылым тек ақиқатқа емес, адамзатқа қызмет етуі тиіс» деген тың ой болатын. Сол туындысында ол әйгілі «No science is immuneto the inflection of politics and the corruption of power» – «Ешбір ғылым саясат індеті мен биліктің жемқорлығынан таза емес» деген сөз айтты. Аталған дәйексөз элитистер арасында әлі күнге дейін актуальді, философияда да ықпалды. Бұл сөз оның қаншама жыл бойғы өмірлік тәжірибесінен туған, ғылым мен билік арасындағы күрделі моральдық шекараға бағытталған терең ескерту іспеттес.

Ғалымның бұл сөзінің тереңдігі соншалық, екіжақты қарамасқа амал жоқ. Оның біріншісі ғылымның саясатқа қызмет етуі болса, екіншісі заман өзгере келе саяси мансабына аталған саланы  кірістірушілер  жайлы.

«Ғылымның саясатқа қызмет етуі» дегенде көпшілік асыра ойлап, тереңіне түспеуі ықтимал. «Әрине, ғылымның саясатқа қызмет етуінде тұрған не бар? Қарапайым көптеген институттың бір бөлігі емес пе?» деуі мүмкін жұрт. Алайда, тарихта өнертапқыштар мен ғалымдар ашқан әр жаңалық адамзаттың оң жаңбасына түскен жоқ. Биліктің мүддесі үшін, жоғары жақтың үстемдігін одан әрі үлкейту үшін де пайдаланылған сәттер шаш етектен. Қысқасы, ғалымдар ойлап тапқан кей жаңалық саясаттың  қолына  өткенде  қаруға  айналып  кетіп  жатады…

Екінші мән-мағынасын қысқаша анықтама етіп ашуға да тырыса­йық.  Толығырақ, нақты мысал мен дәлел-дәйекпен кейін сипаттармыз. Атап өткендей, бұл афоризмнің екінші қыры – саясаттағы өтірік ғылымдар мен жалған бедел мәселесі. Жасыратыны жоқ, кейбір адам ғылымға қосқан титтей үлесі болмаса да, қандай да бір жаңалық ашпаса да, әйтеуір сол салада атақ пен марапаттың маңайында жүреді. Жалпы, ТМД елдері­нің  көп  бөлігінде,  оның ішінде біздің мемлекетте де Академия  мүшелігі, ғылыми атақтар кейде еңбектің емес, байланыс  пен  беделдің арқасында беріліп жатады. Асылында  мұндай «ғалым­дар» ғылымның қадірін арттырмайды, керісінше, қоғамның оған деген сенімін одан әрі азайта түседі. Броновский айтқан «биліктің жемқорлығы» осы құбылысты да меңзеп отыр деуге  толықтай  негіз  бар.

Ғылымның адамзаттың жарық жолындағы шамшырағы екендігі бәрімізге мәлім. Бірақ та, кейде сол жарықтың өзі дұрыс жол сілтемей, биліктің қолындағы қаруға айналып, адамзатт­ың өзіне қарсы бағытталатынын жоғарыда атап өткенбіз. Бұл – Броновский айтып кеткен нақылсөздің алғашқы әрі ауыр  мағынасы.

Мысалдар келтіру үшін алдымен тарихқа көз салайық. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тағы атышулы Манхэттен жобасы адамзат тарихындағы ең ірі ғылыми жетістіктей көрінген. Мыңдаған ғалым түн ұйқысын төрт бөліп, атом энергиясын игеру жолында аянбай тер төкті. Бірақ та, сол еңбек ақыры Хираси­ма мен Нагасакидің қасіретіне ұласқаны бәрімізге аян. Бұл ғылым саясатқа қызмет еткенде, ақиқаттың қаншалықты бұрмаланатынының дәлелі болып тарих қойнауында қала берді…

Бұған ұқсас мысалдар өте көп. Соның бірінің ауылы алыс емес. Кеңес Одағында болған оқиға. Жиырмасыншы ғасырдың орта жағында генетика мен биологиядағы жетістіктер сая­саттың «идеологиялық сүзгісінен» өтпей, Лысенкоизм деген жалған теорияның жетегінде қалған. Нағыз ғалымдар қудаланып, «ғылыми ақиқат» партияның шешіміне бағынышты бола бастады. Нәтижесінде, тұтас ғылым саласы жұрттан ондаған жылға  артқа  қалып,  кеңес  үкіметі  сорлап  қалғаны  тағы  бар…

Қазіргі заманда да бұл үрдіс басқа формада жалғасын табуда. Дәлірек айтқанда, кейбір елде климаттың өзгеруі туралы зерттеулер экономикалық және саяси есепке тәуелді. Соған сәйкес көп билік өкілі экологиялық дағдарысты мойындамайды. Өйт­кені, ол олардың өндірістік саясатымен байланыспай қалып жатады. Нәтижесінде, ғалымның қандай да бір зерттеуі саясаттың рұқсатынсыз жарияланбайтын жағдайлар көптеп кездеседі.

Ғылымның ең үлкен жауы – тек саясат емес, саясатқа ұмтылған ғалымның өзі. Броновскийдің сөзінің екінші жағын осылай қысқа топшыладық. Ақиқат пен ізденіс жолында емес, атақ пен құр абыройдың көлеңкесінде жүргендер ғылымның қадір-қасиетін  төмен  түсіріп, оны биліктің безендіргіш құралына  айналыруда.

Бір ғана мысал – кеңестік дәуірдің «ғылыми элитасы». Ол кезде ғылым көп сәтте саясаттың сәндік киімін киіп шықты. Кейбіреулер өз зерттеуін идеологияға ықшамдап, биліктің көңілін табу арқылы атақ пен лауазымға тез жетті. Алайда, олардың  көбі  уақыт  сынына  төтеп  бере  алған  жоқ.

Бүгінгі күннің академиялық сәні жайлы да атап өтпеске амал жоқ. «Кеңестік» дәуірге барып не қыламыз, қазірдің өзінде ғалымн­ың кебін киіп жүрген саясаткерлер де жетіп артылады. Қазірде кей саясаткер ғылымның мұрнына иісі бармаса да, еш жаңалық ашпастан ғылыми атақтарды өмірбаян әшекейі ретінде тағуда. Бірі – «құрметті академик», бірі «пәленше ғылымдарының кандидаты не докторы», ал нақты қай саланы зерттеді, қандай еңбек жазды – бір Құдайға ғана аян. Бұл дегені­міз нағыз ғылымның абыройын мансаптың қолтығына тіреп  қоюмен  пара-­пар. Атын атап, түсін түстеп не керек, бір депутаттың бақандай үш жоғары дипломы бар екен. Белгілі журналист оның рас-өтірігін анықтап, бірге оқыған «топтастарын» іздеп әлек. Аталған резонанстан соң жаңағы резиденттің өмірбаянынан  оқыған  университеттері алынып тастапты-мыс.

Расында оларға ғылыми еңбегін жазып беріп, кішкене ғана нәпақа тауып отырған нағыз ғалымды да аяйсың. «Шын» ғалым өз зертханасында үнсіз ғана еңбек етсе, «жалған» ғалым мінберде сөйлеуден қолы босамайды.

Ғылымның тағдыры – ғалымның ар-ұятына, ал ғалымның ар-ұяты – қоғамның адалдығына байланысты. Егер ақиқат биліктің ығына жығылып, өтірік ғалымдар бедел иесіне айналса, онда ғылымның өзі саясаттың сахнасындағы декорацияға айналады. Броновскийдің ескертуі уақытқа қарсы үндеу сынды.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: