Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Корей мәдениеті фестивалі өтті

04.10.2025, 18:27 144

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында еліміздің бірлігін, бейбітшілігін және этносаралық татулықты паш ететін түрлі іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылуда. Соның бірі – дәстүрге айналған корей этномәдени бірлестігінің мерекелік фестивалі.

Бұл жылғы «Корей мәдениеті фестивалі» мен «Отбасы күні» мерекелік шарасы 4 қазан күні Қызылорда қаласында Rancho-83 демалыс орнында өтті. Мақсаты – корей этносының мәдениеті мен дәстүрін таныстыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және достықты нығайту.

Фестиваль аясында ұлттық өнер көрсетіліп, қонақтар самульнори әуенімен басталған мерекенің шымылдығын тамашалады. Вокалдық топ әндер орындап, таэквондо өнері мен дәстүрлі би қойылымдары көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, қонақтар үшін интерактивті ойындар, ән шырқайтын флешмоб пен ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Балаларға арналған қызықты ойындар да назардан тыс қалмады.

Мерекенің басты сәттерінің бірі – ұлттық тағамдар әзірлеу болды. Қатысушылар чартоги мен кукси тағамдарының дайындалуын көріп, дәмін татты. Бұл тағамдар корей этносының тұрмыс-тіршілігі мен қонақжайлығын паш ететін ерекше дәстүрлердің бірі саналады.

Шараға Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, эмб төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов пен кәсіпкерлер клубы мүшелері қатысты. Қатысушылар атынан жылы лебіздер айтылып, бірлестік ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Қызылорда облысындағы корейлердің ел дамуына қосқан үлесі зор. Олар жер аударылған ауыр кезеңнен бастап еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Әсіресе ауыл шаруашылығы, медицина, спорт, білім беру мен мәдениет салаларында үлкен жетістіктерге жетті. Олар адал еңбек пен татулықтың үлгісін көрсетіп, ел дамуына өзіндік үлес қосты. Бүгінде олардың жолын жалғап жүрген жас буын – Қазақстанның жарқын болашағына қызмет етіп келеді.
Фестиваль соңында Корей орталығының төрағасы Елена Ан шараның белсенді демеушілеріне, орталық ардагерлері мен белсенділеріне Алғыс хаттар табыстады.
Бұл фестиваль – ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын, этностар арасындағы достық пен бірлікті нығайтатын маңызды мәдени алаңға айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: