Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сіз барда адамның бәрі жақсы еді…»

17.06.2020, 9:50 678

HALYQLINE.KZ Сіздей адам жоқ екен, осыған күн өткен сайын көзім жете түсуде… Бірде, ағаның атын атап, қолайсыздау бір жазбалар жазып, сыртынан біраз сөз айтқан адамды жерден ап, жерге сап, шыр-пырымыз шығып отырғанбыз. Аға кіріп келді. “Туысқандар, қалайсыңдар!” деп. Арқасындағы зілдей (іші толы кітап) рюкзагын терезенің алдына қоя салды да, өзі редакцияның бір бұрышында тұрған диванға жайғасты. Айтқымыз келіп отыр, әлгі жазба жайлы. Айта алмаймыз. Бір кезде әйтеуір, ебін тауып айттым-ау. Және “дәл қазір өзіне звандап айтыңыз, екіжүзділігін” деймін ғой, зілденіп.
Аға түк таңғалмастан, тура суреттегідей жымиыып ғана: “өөй, Әлекее, көрдім оны. Ерунда. Жақсы жігіт ол, әлі-ақ түсінеді қатесін. Оған бола көңілдерің түспесін” дей салды. Болды, тема жабылды.

Тағы бірде жап-жас боп ағаға нешетүрліні айтып, сыртынан біраз нәрсе ұйымдастырмақ боп, көңілін ауыртқан адамға арадан бірер жыл өткенде ақша беріп жүргенін байқадым. “Аға, бұл не сонда? Не деген ұяты жоқ адам анау?” дегеніме: “Әлеке, қиналып жүр екен. Жағдайын айтып, көмек сұрады. Жарайды, Әлеке, бақытты болсын” деген еді.

“Ағаның алдында бір адамды жамандап, сыртынан сөз етудің қажеті жоқ. Бәрібір қосылмайды. Түк естімеген адамдай монтиып отыра береді” деп күлетінбіз.

Рас! Адам деген солай да тәрбиелейді екен ғой, жан-жағын. Бір адам туралы бір ауыз жаман сөз айтпастан, ешкімді сөз етпестен өмір сүру мүмкін бе, жалпы деп, таңғалам! Ағаға сырын айтпаған, мұңын шақпаған адам кемде-кем шығар?! Соның бірін де сыртқа шығармайтын. Айналасына кектену, тістену, біреуден қарымта қайтару, жөн-жосықсыз өкпе-реніш деген атымен жоқ еді ғой, ағада. Дым жоқ еді, ондайы. Содан кейін бе екен, ер адамдардың бірдеңелерге өкпесі қара қазандай боп бұртиып, тулап, біреулерді түйреп, күндеп жүргені өте жаман көрінеді, шын айтам.
Кімнің, ненің болса да, көлеңкелі тұсын емес, күнгей бетін көретін. Бізге де күн сайын осыны айтатын. Өтірік айтқан, уәдесінде тұрмаған адаммен жаны қас еді, бірақ. Әсіресе жігіттерді аямайтын. Сол заматында-ақ “мынауың еркектік емес, батыр!” дей салатын.

Ар, адалдық, тазалық, жақсылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік сияқты қасиетті ұғымдар сізбен бірге еді. Сіз сүрген өмірде бәрі таза қалпында қалыпты-ау! Бәрін реттеп, бәрін өз орнына қойып кетіпсіз ғой, қарап отырсам.

Сіз барда адамның бәрі жақсы еді, бәрі бірдей мейірбан еді. Сіз кеткелі біраз дүние өзгерді. Адамдар да… Уақыт өткен сайын, күн өткен сайын, тұлғаңыз соншалықты биіктей түсті, биіктеп барады, аға!

Әлия Құдайберген

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: