Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәбиі бар әйел бәріне үлгеру керек пе?

02.10.2025, 10:40 220

Қазақ қоғамында ананың орны қашанда биік. «Ана – өмір шырағы, отбасының ұйытқысы» деп баға берген халық екеніміз рас. Бірақ, бүгінгі күні бұл бағаның шектігінен әйелдің міндетін жоғарылатып жатқандаймыз. Неге? Себебі, қазіргі қоғамда сәбиі бар әйелге тек отбасы үшін емес, сонымен қатар жұмыс, мансап, білім, тіпті үйге келген қонақ алдындағы борышы сынды көптеген жауапкершілік жүктеп қойған. Бұл бүгінде өзекті әрі күрделі мәселенің біріне айналуда.

Бұл мәселені біз жайдан-жай қозғап отырмағанымыз белгілі. Яғни, қоғамда қалыптасқан «нағыз ана бәріне үлгеретін, күліп жүріп бәрін істейтін, ешқашан шаршамайтын»  деген  қате  стереотиптер  бар. Бұл  әйелдің тек аналық рөлін ғана емес, сонымен қатар «тамаша келін», «үздік қызметкер», «әдемі жар», «ақылды қыз» сынды көптеген  рөлді  қатар  алып  жүруіне  мәжбүрлейді.  Алайда, әйел – темір емес. Сондықтан аналарға деген талапты қайта қарауымыз керек. «Үлгермеу – әлсіздік емес» екенін қоғам түсінуі керек. Әр анаға күйеуінің, ата-анасының, тіпті жұмыс  беруші  мен  мемлекеттің  қолдауы  керек.

Бұл мәселенің өршуіне жа­қында ғана елімізде болған бір қайғылы оқиға басты себеп болып отыр. Анасы қонақ күтіп жүріп, қызуы көтерілген сәбиінің жағдайын байқамай қалған. Соның салдарынан, баласының қалай шетінеп кеткенін де білмей қалған ананың басындағы бұл жағдай бүкіл елді елең еткізді. Иә, дәл қазір осы оқиға қоғамда үлкен резонанс  тудырып  отыр.

Көптеген ана бұл оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде өз жүрек сөздерін ашық жаза бастады. Олар өздерінің күнделікті өмірде көріп жүрген қысымдарын, міндеттер­дің көптігін, жалғыздық пен түсініспеушілікке душар бола­тынын ашық айта бастады. Аналардың көбі «Сәбиі бар үйге қонаққа бару дұрыс емес», «Жас ананың демалысы мен тыныштығын сыйлау керек», «Баласы   бар әйелге міндет арту – сауатсыздық» деген сынды  ойларымен  бөлісуде.

Бұл тек бір отбасының емес, бүтін қоғамның мәселесі екені анық. Себебі мұндай оқиға кез келген отбасында қайталануы мүмкін. Тіпті, кейбір отбасында мұндай жағдайлар ашық айтылса, енді бірінде үнсіз қалуы да ғажап емес.  Ал мұндай жағдайдың болуына аналарға арналған әлеуметтік қорғау жүйесінің әлсіздігі, күйеуінің түсіністік танытпауы, ата-ене, отбасы мүшелерінің қысымы – басты  себеп.

Жасыратыны жоқ, бүгінде жас аналар тек бала тәрбиесі­мен ғана емес, ата-ененің көңі­лінен шығуға да тырысады. Келіндік міндетті мінсіз ат­қару үшін барын салып жүріп, өзін жоғалтып алып жатқан аналар аз емес. Үнемі жақсы көріну, «ұят болады» деген сөзбен өмір сүру, өзін екінші орынға қою ананың тек тәнін емес, жанын да қажытады. Сондықтан, қазіргі уақытта қоғамда, отбасында ананың рөлі қандай болуы керек? Жас аналарға қандай қолдау қажет? Ана болған әйелге күйеуі мен ата-енесі қалай қарауы тиіс? Осы сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап беріп, қазіргі жас аналардың не қалайтынын ашығынан  айтатын  боламыз.

БАЛАЛЫ  ҮЙГЕ  ҚОНАҚҚА  БАРУҒА  БОЛА  МА?

Бүгінде қоғам белсенділері, дін қызметкерлері мен дәрігер, психолог мамандар баласы бар үйге қонаққа бару, бала күтімі мәдениетіне қатысты жиі ескерту жасап келеді. Олар сәби­лі анаға ауыртпалық салмау керектігін, бұл әрекет жас отбасының ішкі тыныштығы мен баланың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін ашық  айтып  жүр.

— Отбасындағы жауапкершілікті дұрыс бөлісе алмау ананың балаға жеткілікті көңіл бөле алмауына себепші болады. Көптеген ана тұрмыстық шаруаларға, ата-ене мен күйеуінің жайына баса мән беріп, баланың қажеттіліктерін екінші орынға ысырып жатады. Бұл – үлкен қателік. Қазіргі уақытта аналардың бір бөлігі жұмысбасты, енді бірі үй тірлігімен күнұзаққа айналысып, балаға қарауға шамасы жетпей жатады. Мұндай жағдайлар ананың моральдық әрі физикалық тұрғыдан шаршауына әкеліп соғады. Ал анасының психологиялық күйі баланың көңіл күйі мен денсаулығына тікелей әсер ететіні дәлелденген. Шаршаған, жүйкесі тозған ана сәбиінің жағдайын кеш байқап, баласы сырқаттанып қалған кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Мұның бәрі ананың балаға жеткілікті көңіл бөлмеуінен туындайды. Сондықтан ана қандай жағдайда да ең алдымен өз сәбиінің жанында болуы керек. Себебі, баланың  басты  тірегі де,  қорғаны  да – анасы, — деді  «ASEM CLINIC» медицина орталығының педиатр дәрігері  Айгерім Қортаева.

Маманның айтуынша, ана өзіне де күтім жасауы керек. Рухани әрі физикалық демалыс таппаған ананың бала­сына сапалы қамқорлық көрсетуі қиын. Сондықтан отбасы мүшелері жас ананы түсініп, қолдап, үй шаруасын бөлісу арқылы оған жеңілдік жасауы маңызды. Айгерім Қортаева сондай-ақ жас аналардың бала күтімінде жиі жіберетін қате­ліктерін  де  атап  өтті.

— Көп жағдайда аналар баласының алғашқы ауру белгілеріне мән бермейді. Мысалы, іш өту, құсу, дене қызуының көтерілуі жеңіл өтеді деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Әсіресе, 1 жасқа дейінгі балаларда бұл белгілер өте жылдам асқынып кетуі мүмкін. Себебі олардың ағзасында су мөлшері көп, ал зат алмасу процесі ересектерге қарағанда әлдеқайда жылдам жүреді. Сол себепті, ата-аналар баланың жағдайын үнемі бақылауда ұстауы қажет, — дейді  педиатр  дәрігер Айгерім Мүталипқызы.

Педиатр мен психолог  мамандардың айтуынша, нәрес­телі үйге қонаққа барғанда да белгілі бір мәдениет пен жауап­кершілік қажет. Ең ал­ды­мен, жас ана мен сәбидің тыныштығын бұзбау керек. Жаңа туған баланың иммундық жүйесі толық қалып­тас­пағандықтан, көп адамның шоғырлануы, түрлі иіс немесе сырттан келген инфекция тасы­малдаушылары оның денсаулығына  қауіп  төндіруі  мүмкін.

— Сәбилі үйге кірерде рұқсат сұрау – бұл тек әдебін сақтау емес, сондай-ақ жас отбасының жай-күйін ескергендік. Баланың ұйқысы бұзылуы, анасының күйзеліске ұшырауы секілді қауіптерді ескеруіміз керек. Қонаққа барған жағдайда да көп отырмай, ананың уақытын алмауға тырысқан жөн. Қолына ауыр сөмке, сыйлық арқаламай, керісінше, үй шаруасына көмектесіп кетсе, бұл ең үлкен сый болады. Сәбиді иіскеу, ұстау немесе сүймеу керек, себебі оның иммундық жүйесі әлсіз болады. Жас анаға кеңес беруге асықпай, бірінші кезекте қолдау көрсету қажет, — дейді психолог  маман  Перизат  Акимова.

Ата-бабаларымыз бұл мәселеге ертеден-ақ даналықпен қарап, жас ананың босанар алдындағы және босанғаннан кейінгі күтіміне ерекше мән берген. Мәселен, қалжалау, 40 күн бойы күтім жасау, емізулі сәбиі бар үйге қонаққа бармау сияқты дәстүрлер – бәрі де сол ананың саулығы мен баланың амандығын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, қалжалау жас ананың денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, рухани қолдау көрсетудің де жолы болған. Қазіргі уақытта бұл дәстүр көп жерде ұмыт қалып барады. Дегенмен, отбасы мүшелері мен туған-туыстар осы дәстүрді жаңғырта отырып, жас ананың саулығына, көңіл күйіне, жалпы отбасындағы тыныштыққа оң әсер ете алады.

Жалпы алғанда, балалы үйге қонаққа бару мәдениеті – тек құрмет пен әдептің ғана емес, соны­мен қатар жауапкер­шіліктің де көрінісі. Қонақтың қолынан келетін көмек пен жылы сөз жас отбасының қуатын арттырады, ал абайсыз қылықтар керісінше кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты, қоғамда  сәбилі үйге бару мәдениетін дамыту, ата-­аналар мен қонақтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту – маңызды  әрі  қажетті  іс.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: