Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі депутаттарға есеп берді

30.09.2025, 7:50 186

Қала әкімі Нұржан Ахатов қалалық мәслихаттың кезекті ХХХХІІ сессиясына қатысты. Жиында шаһар басшысы Қызылорда қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің іске асырылуы жөнінде депутаттар алдында есеп берді. Сондай-ақ, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде 8 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Биыл жыл басынан бері Қызылорда қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Оның ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 100,6 пайызға, құрылыс жұмыстары 151,4 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 100 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 114,4 пайызға артты. Ал, жалпы сауда көлемі 102,1 пайызға өссе, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Қала бюджеті жыл басында 73,1 млрд. теңге болып бекітілсе, осы айда ол 164 млрд. теңгеге жетті.

  • Мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық қолдаулар арқылы тұрғындардың іскерлік белсенділігі артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде. Атап айтқанда, жалпы құны 3,7 млрд. теңге болатын 64 жоба субсидияланып, «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы өнеркәсіп саласының 7 жобасы 293,5 млн. теңгеге қаржыландырылды. Ол кәсіпкерлердің санын 36 000-нан, ал жұмыспен қамтылғандар санын 63 800-ден асыруға ықпал етті,-деді шаһар басшысы.

Қалада алдағы бесжылдықта құны 632,3 млрд. теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 5 жарым мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Бүгінде облыс әкімінің инвесторлармен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде жаңа жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Сол жағалауда жалпы құны 1,05 млрд. теңгені құрайтын екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылуда. «Тұмар» ЖК мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС базасында азық-түлік, кондитерлік, сүт өнімдерінің өндірісі жолға қойылуда. «Қызылорда-нан» ЖШС 3,8 млрд. теңгеге кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешен салып жатыр. «Rem Plast Invest» ЖШС жылына 5,4 мың тонна қағаз өнімін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізуде.

Құны 34,5 млрд. теңге болатын Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытының құрылысы басталды. Мұнан бөлек, 5 млрд. теңгеге салынған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Зауыт жылына 90 млн. кірпіш өндіреді, 70 адам жұмыспен қамтылды.

  • Қалалық бюджет есебінен 20 көппқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, оның аясында 19 футбол, 25 жаттығу, 21 балалар ойын алаңы және 13 демалыс орны салынуда. Тұрғындардың сұранысына сәйкес 27 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 20 көпқабатты үйдің қасбеттері жаңалануда,-деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.

Қазір қала бойынша аулаларды абаттандыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту және өзге де салалар бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Сессияда депутаттар көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: