Осы күні Қазақстан Премьер-лигасында доп теуіп жүрген 11 қазаққа ашықтан-ашық қысым жасалып жатыр. Дәлірек айтқанда, қыспаққа түскендердің саны мұнан да көп әрі оларды қазақстандықтар деуге де болатындай…
Жұмбақтамай, нақты айтсақ, Қазақстан спортында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына қарсылық танытып жатқандардың бары байқалады. Бүгінгі тақырыпта Қызылорданың «Қайсар» футбол клубына жасалып жатқан әділетсіз шешімдер туралы баяндаймыз. Шынын айту керек, сырбойылық команда шетелдіктермен қоштасып, қазақстандық ойыншыларға иек артқалы бері түрлі қысымға, түсініксіз іс-әрекеттерге тап болып келеді.
Қазақ футболының жанашыры, «Қайсар» футбол клубының жанкүйері Ғабит Нұрқожаның сөзінше, соңғы кездері қызылордалық командаға деген аяқтан шалу көрінісі айқын білініп жүр.
– Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне көшкені жөн болды, себебі Президентімізге саботаж жасап жатқандар әлі де бар екен!
Мысалы, бірде-бір легионерсіз ойнап жүрген «Қайсар» футбол клубына, қаракөз жігіттерге әділетсіз әрекеттер жасалып жатыр, соңғы ойындарда қызыл қағаз, пенальти, саналмаған голдарымыз дегендей, айта берсең көп, мұның астарында легионерлер мен агенттердің арқасында пайда көріп отырған жемқорлар тұр, ол – айдан анық!
Ендігі мәселе, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің құзырында болады! Көрейік, жемқорлықтың мықтылығын! Президент өте дұрыс жасап жатыр! «Легионерлерге бюджеттен ақша берілмесін!» деген тапсырманы орындамайтын қандай мықтылар екен бұлар?! Басқаларға «жұғып» кетпесін деп, «Қайсардың» аяғын шалып жатқандар анықталсын!
Қасқыр мінезді «дала қасқырлары» атанып кеткен арландарымызды талауға жол бермейміз! — деп ашынады ол.
Әлбетте, бұл жерде басты мәселе – отандық клубтың легионерлерден бас тартуы. Демек, талай жылдан бері мың рет айтылып, сан рет жазылған жайттың жүзеге асқаны баз біреулерге ұнамай қалса керек-ті. Мұны депутат Мұрат Әбенов те дұрыс байқаған. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына видео жариялады.
– Қызылорданың «Қайсар» командасына қарсы әрекеттер байқалады. Футболда әділетсіздік әлі бар. Бұл клуб қазір легионерлерсіз ойнап жатыр ғой, соңғы кезде байқап жүрмін, төрешілер кедергісін жасап жатыр. Ойыншыларға орынсыз қызыл қағаз көрсетіп, салған голын есептемеу жайттары кездеседі. Біз жолыққан «Қайсар» клубы ұжымы футболды дамытуды көздейді әрі қалада жаңа стадионның салынуы қуантады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Құрылтайда «Футбол барлық облыста негізгі ойын болуы тиіс. Әр аудан орталығына, әр ауылда жақсы алаңдар салынуға жағдай жасаған дұрыс. Стадиондар ескі, жаңарту керек» деп талап қойды. Міне, Қызылорда облысы бірінші болып стадион салып жатыр. Барлық еуропалық стандартқа сәйкес, 11 мың адамға арналған стадион жақында ашылады.
Қызылорда облысының Президент тапсырмасын екінші мәрте орындауы – легионерлерден бас тартуы. Облыс әкімшілігі, спорт басқармасы осындай ұстанымды құп көріп отыр.
Олар «Шетелдік ойыншылармен чемпион болмай-ақ қойдық. Одан ауылдың балаларын тәрбиелейміз. Мүмкін, бірінші жылы ортада жүрерміз, бірақ кейін жеңеміз» деген ұстанымда жүр, — дейді халық қалаулысы.
Бұған дейін Сыр өңірі футбол жанкүйерлері Қазақстан футбол федерациясының төрағасы Марат Талғатұлына ашық хат та жазған еді. Хат мәтін мынадай:
– …Маусым басында нәтиже оңай келмегенімен, бас бапкер Виктор Кумыковтың тәжірибесі мен еңбегінің арқасында команда біртіндеп шебер ойнай бастады. Еліміздің үздік клубтарынан ұпай алып, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан еді.
Десе де, кейбір турларда төрешілер тарапынан әділетсіз шешімдер жиілей түсті. Атап айтқанда:
– 13-турдағы «Ұлытау» командасымен өткен ойында бас төреші Г.Чеховский «Қайсардың» таза голын есепке алмай, жеңістен айырды;
– 14-турдағы «Елімаймен» ойында төреші Кучма ойыншымызға қызыл қағаз көрсетіп, айқын пенальтиді белгілемей, тағы да командамызды ұпайдан қақты…
…Құрметті Марат Талғатұлы! Сыр өңірінің мыңдаған футбол жанкүйері атынан сізден төрешілер тарапынан болып жатқан келеңсіздіктерге назар аударып, әділдікті қалпына келтіруге ықпал етуіңізді сұраймыз.
Біз әділ төрелік пен футболдағы тазалықты қолдаймыз. Болашақта «Қайсар» футбол клубына қысым жасалмайтынына, әділетсіздік тоқтайтынына сенеміз. Бұл жанайқайымыз елеусіз қалмайды деп үміттенеміз, — дейді Сыр өңірінің футбол жанкүйерлері.
Негізінен, «Қайсардың» 3 ұпайын алып қою саясаты маусым бойына жалғасып келе жатыр. Оны футбол жанкүйерлері жақсы біледі. Солай бола тұра «қасқырлар» өз мықтылығын дәлелдеп, ҚПЛ-дегі азулы клубтармен тең тарқасуын тоқтатпай тұр. Әрі қазақы командаға жанкүйерлік ететіндердің де қатары толығуда.
Депутат Мұрат Әбенов Қызылордаға сапары кезінде жергілікті футболшылармен жолыққанын, олардың өзіне жасалып жатқан кедергілер туралы ашық айтқанын жасырмады.
– «Біз – ұлттық командамыз. Өзіміздің ойыншылар ойнап жатыр, бірақ төрешілер кедергі келтіріп жатыр» дейді қызылордалық футболшылар. Легионерлері бар командалар әртүрлі қитұрқы іс-әрекетпен ҚПЛ-де бірінші рет таза қазақстандық ойыншылармен ойнап жатқан клубқа кедергі жасау байқалады. Жоғарыда айтқанымдай, салған голын есептемей қояды, ойыннан шығарып тастайды, т.б. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, федерация бұл мәселені қарауы керек. Әрине, легионерсіз ойнаған қиын, бірақ біз мұны дәлелдемесек, Президенттің саясатын көрсете алмаған боламыз. Мемлекет басшысы «өз ойыншыларымызды дайындауымыз керек» деп айтты ғой. Футбол әділетті болуы керек. Өкініштісі сол, қазіргі футболға сын бар. Төрешілер әртүрлі мақсатпен қазақстандық командаға кедергі жасағысы келеді. Неге? Легионері бар командалар, легионерден пайда көріп отырғандар қорқады. Қазір қызылордалық команда легионерсіз жақсы ойнап кетсе, олар бюджеттен айырылайын деп отыр. Жылда 5-6 ойыншыға миллиондап төлейді, оның жарты ақшасы шенеуніктердің қалтасына кетеді. Бұл – жемқорлықтың көрінісі. Қызылордалық команда дұрыс ойнамай қойса, «Міне, не болды? Кілең қазақ балаларды жинап алдыңдар, бірақ олар ойнай алмады. Қайтадан легионерге көшуіміз керек» деп айтатын секілді. Сондықтан, сәл қателессе, «Қайсарды» сынайтындар, төрешілер арқылы қарсы әрекет жасайтындар – бірінші кезекте легионерлердің артында тұрған лоббистер. Олар дәлелдегісі келеді. Оның не қажеті бар? Өзбекстанды қараңыздар. Легионерлерді шығарып тастады, әлем чемпионатына кіріп жатыр. Біз де өз балаларымызды солай қорғауымыз керек. Біз бұл мәселелерді міндетті түрде көтереміз. Мен қазірден бастап министрге, федерация басшылығына «егер бұл әділетсіздікті тоқтатпасаңыздар, басқаша бұл мәселені көтереміз» дегім келеді, — деп сөзін жалғады ол.
Шыны керек, бұл – мыңдаған жанкүйердің көз алдында, көптеген дәлел бола тұра (қаншама кәсіби камера, телефон видеоға түсіріп жатыр) ашықтан-ашық жасалып жатқан әділетсіз іс-әрекеттер. Сол себепті, мұндай қысымдар сап тыйылуы тиіс. Әйтпесе, әлемдегі №1 спорт саналатын футболға Қазақстандағы қызығушылық азая түсуі, ойынның мәні кетуі әбден мүмкін.
Рыскелді ЖАХМАН
Фото: ашық дереккөзден.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!