Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Болашақ олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін мектеп

21.08.2025, 10:00 160

Егемен еліміздің болашағын айқындайтын маңызды саланың бірі – спорт. Спорт – денсаулық кепілі, сонымен қатар, елдің рухани әлеуетін көтеретін, жас ұрпақтың жігерін қайрап, патриоттық сезімін оятатын үлкен күш. Соңғы жылдары республика көлемінде спортқа деген көзқарас ерекше серпін алды, мемлекеттік қолдау артып, жаңа нысандар бой көтеріп, түрлі деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұқаралық спортты дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде, себебі саламатты өмір салты – ұлттың жарқын болашағының кепілі. Жоғары жетістікке жеткен спортшыларымыз халықаралық ареналарда ел абыройын асқақтатып, көк туымызды желбіретіп жүр. Мұның  бәрі – Қазақстан спортындағы даму қарқынының айқын көрінісі.

Биылғы Спорт күніне арналған іс-шаралар да осыны айғақтап отыр. Қызыл­орда облысында өткен салтанатты жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, спорт ардагерлері, Олимпиада чемпиондары қатысты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріндегі спорт саласындағы бастамаларды  атап  өтіп,  халықты  бұқаралық  спортқа  белсенді  қатысуға  шақырды.

Бүгінгі күні өңір халқының 40 пайызы, яғни 340 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Соңғы үш жылда 20 жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, биылдың өзінде тағы алтауы ел игілігіне табысталмақ. Сыр өңірінің спортшылары жыл басынан бері халықаралық ареналарда еліміздің туын 36 мәрте алтын, 22 мәрте күміс, 42 мәрте қола жүлде арқылы желбіретіп, Қазақстан спортының абыройын асқақтатты. Ел біріншіліктерінде де аймақ спортшылары 118 алтын, 103 күміс, 151 қола медальға қол жеткізді.

Осы оң өзгерістерден біздің оқу орнымыз да шет қалған жоқ. Қызыл­орда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «№19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» 1964 жылдан бері жасөспірімдерге спорттың қыр-сырын үйретіп келеді. 2024-2025 оқу жылында мектепте баскетбол, бокс, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, әйелдер күресі, таек­вондо, үстел теннисі мен футбол секілді 10 спорт түрі бойынша 1560 жас спортшы шұғылдануда. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Аманөткел мен Қамыстыбас ауылдарына екі спорт кешені салынып, біздің теңгерімге берілді. Бүгінде ауыл балалары спортпен тұрақты айналысып,  болашақ  чемпиондар  қатарына  қосылып  келеді.

Соңғы бес жылда мектебіміздің шәкірттері халықаралық және респуб­ликалық жарыстарда зор табысқа жетті. Атап айтсақ, грек-рим күресінен Алпамыс Болатұлы 2024 жылы Иорданияда өткен U17 әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. Ол 2022 жылы Бахрейнде U15 Азия чемпионатының жеңімпазы атанып, Қазақстан чемпионатында үш дүркін жеңімпаз болды. 2025 жылы жастар арасында ел чемпионы атанып, спорт шебері деңгейіне көтерілді. Әмірмұхаммед Кабулов та Бахрейндегі Азия чемпионаты мен Қазақ­стан біріншілігінде топ жарып, 2025 жылы жастар арасында күміс жүлдеге ие болды. Ал Мирас Махамбет болса, 2024 жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанып, сол жылы Қазақстан чемпионатын бағындырды, 2025 жылы тағы да жүлделі орынға ілікті. Қыздар арасында бокстан Дана Оразбекқызы биыл Амманда өткен Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп, қатарынан екі жыл Қазақстан чемпионы атанды. Ал Раяна Жамсапқызы әйелдер күресінен Бішкектегі Азия чемпионатында қола жүлде­гер атанып, еліміздің чемпионатында үздік шығып жүр.

Бұл жеңістер – жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің, ата-аналардың сенімі мен қолдауының нәтижесі. Біз болашақта да олимпиадалық аренада елдің туын көтеретін спортшылар тәрбиелеуге күш саламыз. №19 спорт мектебі жас жеткіншектердің талантын ашып, шыңдауға бағытталған білім мен  тәжірибені  ұштастырып  келеді.

Осы орайда, халыққа айтар тілегім – спортты өмір салтына айнал­дырайық. Балаларымызды жас кезінен спортқа баулып, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерімен айналысуға ынталандырайық. Бәріміз білетіндей, спорт – денсаулық кепілі әрі тәртіптің, қайсарлықтың және елге деген махаббат­тың мектебі. Ертеңгі чемпиондар дәл бүгінгі таңда спорт залдарында тер төгіп жүр. Солардың арасында болашақ Олимпиада жеңімпаздары да бар  екеніне кәміл сенемін.

Мұрат  НҰРБАЕВ,

№19 Арал  ауданының  олимпиадалық  резервтің мамандандырылған  балалар-жасөспірімдер

мектебінің  әдіскері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: