Әр чемпионның жетістікке жету жолында тек қажырлы еңбек пен үздіксіз жаттығулар ғана емес, сонымен бірге дұрыс ұйымдастырылған тамақтану жүйесі де маңызды рөл атқарады. Спорттық диета – бұл спортшының мықты денсаулығы мен жоғары нәтижесінің негізгі кепілі. Олардың ас мәзірі тек денеге қажетті энергия беріп қана қоймай, бұлшықетті нығайту, төзімділікті арттыру және қалпына келу процесін жылдамдату үшін арнайы құрастырылады.
Жай адамдардың күнделікті тағамды таңдау еркіндігі болса, чемпиондар үшін әр тағам ерекше мәнге ие. Бұл жерде мөлшерден асырып жеуге, пайдалы емес тағамдарды тұтынуға орын жоқ. Тіпті қарапайым бір кесек нан немесе қосымша жеміс спортшының жаттығу барысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, спорттық диета қатаң тәртіпке бағынады.
Денеге қажетті энергияны алу үшін көмірсулар маңызды саналады. Бірақ бұл – тәттілер мен газдалған сусындар емес, табиғи өнімдер, яғни ботқалар, көкөністер мен пайдалы дәнді дақылдар. Бұлшықет жүйесін нығайту үшін ақуызға бай тағамдар – ет, балық, жұмыртқа мен бұршақтар күнделікті ас мәзірінен орын табады. Ал дұрыс майлар – спортшы денсаулығының маңызды бөлігі. Олар авокадо, жаңғақтар мен өсімдік майларынан алынады.
Таңертең спортшының күні жеміс қосылған ботқадан немесе жұмыртқа омлетінен басталады. Бұл қарапайым тағамдар бір қарағанда ерекше көрінбеуі мүмкін, бірақ олардың құндылығы – ағзаның энергия қорын толықтыруында. Түскі ас кезінде грильде пісірілген тауық еті немесе балық, күріш пен көкөністерден жасалған салат негізгі рөл атқарады. Ал кешкі уақытта ақуызға бай тағамдар – сүзбе, жаңғақтар немесе ақуызды коктейльдерге басымдық беріледі.
Спортшының тағы бір ерекше дағдысы – әр жаттығу алдында және одан кейін арнайы тағамдармен ағзаны қолдау. Жаттығуға дейін жемістер немесе жаңғақтар энергияның жылдам қорын береді, ал жаттығудан кейін ақуызды тағамдар бұлшықетті қалпына келтіруге көмектеседі.
Әр спортшының диетасы бір-біріне ұқсамайды. Әркімнің ағзасы мен спорт түріне байланысты жеке жоспар құрылады. Жеңіл атлеттерге төзімділікті арттыратын көмірсулар қажет болса, күрескерлерге бұлшықетті нығайтатын ақуызға мән беріледі. Сондай-ақ, спортшылардың өз тамақтану ерекшеліктері бар: бірі тек табиғи өнімдерді тұтынса, енді бірі арнайы спорттық қоспаларға сенім артады.
Қазақстандық чемпиондар арасында ұлттық тағамдарға деген құрмет ерекше. Қымыз бен шұбат – дәрумендерге бай әрі дененің төзімділігін арттыратын табиғи сусындар. Бұл өнімдер ағзаның қалпына келуін жылдамдатып, иммунитетті күшейтеді. Ал ет өнімдері, әсіресе жылқы еті – табиғи ақуыз бен пайдалы минералдардың қайнар көзі. Кейбір спортшы бұл тағамдарды тек денсаулығы үшін емес, ұлттық тамырлармен байланысын сезіну үшін тұтынады.
Бұдан бөлек, қазақ асханасының тағы бір ерекшелігі – табиғи майлар мен дәнді дақылдардың үйлесімі. Мысалы, бауырсақ пен құрттың өзін де спорттық рационға дұрыс қосса, олар жеңіл энергия көзіне айналады.
Көпшілік спортшылардың табысын тек жаттығу залында қалдырған термен немесе жарыс алдындағы мотивациямен ғана байланыстырады. Алайда олардың артында күрделі ғылым жатыр – тамақтануды басқару. Әр тағамның мөлшері мен уақыты ағзаның жұмыс қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Мысалы, артық калория жиналғанда спортшының жылдамдығы мен төзімділігі төмендейді. Ал егер жеткілікті қоректік заттар болмаса, жаттығу кезінде шаршау жылдам туындайды. Сондықтан чемпиондар өз денелерін «сағат механизмі» секілді үйлесімді жұмыс істеуге үйретеді.
Спорттық диета тек кәсіби спортшылар үшін емес, қарапайым адамдар үшін де маңызды. Егер күнделікті өмірде дұрыс тамақтануға мән берілсе, жұмыс қабілеттілігі мен денсаулық жақсарады. Жеңімпаздардың басты қағидасы – өз денеңе құрметпен қарау.
А.АБАЙҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!