Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арман қаладағы қазақ қызы: Нью-Йорктегі өмір мен білім

07.08.2025, 10:20 265

Бүгінде әлемнің әр жерінде оқитын қазақ қыздарының қатары көп. Бұл – еліміздің болашағы үшін үлкен жетістік. Себебі, олар тек сапалы білім алып ғана қоймай, әлемдік мәдениет пен тәжірибе жинап жүр. Сол арқылы елімізге жаңаша идеялар алып келіп, басқа да қаракөз қыздарымыздың шетелде білім алуына жол ашады. Осындай жастардың бірі Жасмин Жорабай қазіргі уақытта АҚШ елінің Нью-Йорк қаласында білім алуда. Әлеуметтік желіге Нью-Йорк қаласының әсем де, көрікті жерлерін жариялап, танымалдыққа ие болған Жасминмен сол желі  арқылы  аз-кем  сұхбаттасудың  сәті түсті.  Осыдан екі жыл бұрын шетелге арман  қуалап кеткен жас бойжеткен қазір өз  мақсатының  орындалып  жатқанына  өте  қуаныштымын  дейді.

— Қайырлы күн, Жасмин! Нью-Йоркте қа­шан­нан бері, қандай оқу орнында және қай маман­дықта  оқып  жатырсыз?

— Сәлем! Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетті ағылшын және неміс тілдері мамандығы бойынша бакалаврды тамам­дағаннан кейін, Америкаға 2023 жылы келіп, ағылшын оқу курстарында оқып бастадым. 2024 жылы Нью-Йорк қаласындағы Туро университетіне магистратураға түстім. Қазір түрік, ағылшын, орыс, неміс тілдерін меңгергенмін. Неге түрік дейсіз ғой? Ақтөбеде оқып жүрге­німде университетімнің берген мүмкіндігімен Түркияға 6 айға оқуға бардым. Осы мүмкіндік мені шетелде оқуыма көзімді ашып, жол сілтеді деп ойлаймын. Көріп тұрғандарыңыздай, шетелдің әрбір кереметін көріп, бақыттан басым  айналып  жүр.

— Нью-Йорк пен Қазақстандағы оқудың қандай  айырмашылығы  бар  екен?

— Қазақстан мен Америка арасындағы оқу жүйесі айтарлықтай өзгеше. Америкада студенттерге деген құрмет пен еркіндік ерекше байқалады. Мұнда оқушының қателесуі жазаланбайды, керісінше, бұл үйренудің бір бөлігі ретінде қабылданады. Мұғалімдер студенттің қателігіне түсіністікпен қарап, қолдау білдіреді, сабырмен қайта түсіндіреді. Бұл оқуға деген ынта мен қызығушылықты арттырады. Ал Қазақ­станда өкініштісі сол, кей мұғалімнің қаталдығы студенттердің ынтасын төмендетуі мүмкін. Мен шетелде оқи бастағаннан бері осы екі жүйенің айырмашылығын анық сезіндім. Сонымен қатар, Америкада студент өз мамандығына қажетті пәндерді өзі таңдап, сол пәннің мұғалімін де таңдау еркіне ие.  Сондай-ақ, сабақтар көбіне практика жүзінде өтеді. Ал тео­риялық білім міндеттелмеген.  Бұл – білімді игерудің тиімді әрі икемді жолы. Осы тұстар екі  ел  арасындағы  оқу  жүйесі­нің  басты  айыр­машылықтарының  бірі  деуге толық  негіз  бар.

— Студент ретінде күнделікті өміріңіз қалай өтеді?

— Қазіргі уақытта сабақ аяқталып, демалыс күндерімді өткізудемін. Бірақ, аптасына 3 рет ғана сабаққа барып, қалған уақыттарымды жұмысқа, Нью-Йорктің әсем жерлерін аралап, блог түсіруге арнайтынмын. Қазір сабақ жоқ әрі мұнда тек өзім болғаннан кейін әр күнімді пайдалы өткізуге тырысамын. Жұмыс істеймін, білімімді жетілдіремін, шетелдік достарыммен қыдырамын, пайдалы  контент  түсіремін.

— Алғашында Нью-Йоркке келгенде  қандай  қиындық­тар  болды?

— Әрине, Нью-Йорк – алып шаһар. Сондықтан, алғаш келген кезде көлік жүйесіне байланысты қатты қиналғаным бар. Тіпті, бір күні таңертеңнен кешке дейін адасып, қайда барып түнерімді білмей сандалып, ақыры бір қонақүйді әрең тапқаным есімде. Бұл қалаға жаңа келген адам үшін мұндағы метро мен авто­бустардың жүйесін түсіну оңай шаруа емес екен. Алайда уақыт өте келе бәріне де үйрендім. Бір жылдың ішінде қала ырғағына бейім­деліп, өзімді Нью-Йорк өмірінің бір бөлшегіндей сезіне бастадым. Десе де, әлі күнге дейін кейбір көше немесе метро бағыттарын жатқа білмей жатамын. Бірақ, бұл менің Нью-Йорк­ке деген сүйіспеншілігіме еш кедергі келтірмейді. Керісінше, күн сайын осы алып мега­полистің көркем көшелерімен жүріп өтіп, ерекше атмос­ферасын сезіну – мен үшін үлкен бақыт. Нью-Йорктің бір ғана күні жүз түрлі оқиғамен өрілетініне көз жеткіздім. Қиындығы болғанымен, бұл қала маған үлкен өмірлік  тәжірибе  сыйлап  жатыр.

— Тілдік  барьер  болды  ма?  Қалай  жеңдіңіз?

— Қазақстанда жүрген кезде менде ағылшын тілінде сөйлеуге байланысты бір қорқыныш болатын. «Қателесіп кетсем ше?» деген ой үнемі мазалайтын. Бұл ішкі қысым Америкаға келген кезде де біраз уақытқа дейін менімен бірге жүрді. Алайда шетелге келген соң, өзге тілде сөйлемей ештеңе шеше алмайтыныңды түсінесің. Сондықтан, қателессем де, бар күшімді салып, өз ойымды жеткізуге тырыс­тым. Алғашқы аптада қобалжуымнан жиі жаңылысып, кей сөзді дұрыс қолданбай қалған сәттер де болды. Бірақ, ең қызығы – мұнда ешкім ол қателіктерге күлмейді, керісінше, түсіністікпен қарап, қажет болса көмектесіп, жөн сілтеп отырады. Осындай қолдау мен жылы қарым-қатынастың арқасында менің ішкі қорқынышым жойылды. Қазір ағылшын тілінде сөйлеу мен үшін кедергі емес, қайта өзімді  еркін   әрі  сенімді сезінемін. Ең бас­тысы – ұялып, тұйықталып  қалмау,  батыл   қадам  жасап, тәжірибе  арқылы  өсу.

-Қазақ мәдениеті мен американ мәдениеті арасындағы қандай  айырмашылықтарды  байқадыңыз?

— Америка – еркіндікті бағалайтын, әркімнің таңдауына құрметпен  қарайтын  жер. Мұнда шектеу де, шектеу қоятын көзқарас та аз. Әркім өз өмірін қала­ғанша сүре алады, өзінің болмысына адал болуға, жеке пікірін ашық айтуға толық еркі бар. Ал Қазақ­станда әлі де болса «ұят болады» деген ұғым терең қалыптасқан. Бұл ұғым кей жағдайда дұрыс бағытқа салуы мүмкін, алайда шектен тыс қолданылғанда жастардың жеке еркіндігіне, өзіндік таңдауына кедергі келтіретіні анық. Әсіресе, киім кию, мамандық таңдау, тіпті өмір сүру салтына қатысты шектеулер көбіне қоғамның көзқарасымен өлшенеді. Нью-Йоркте мұндай көз­қарас жоқтың қасы. Мұнда ешкім біреудің не киіп жүргеніне, не істеп жүргеніне мән бірмейді. Керісінше, әркім өзіндік даралығымен құнды. Сонымен қатар, Нью-Йоркте «қазіргі сәттен ләззат алу» түсінігі кең тараған. Адамдар болашақты ойламайды деген емес, бірақ олар бүгінгі күнмен өмір сүруді, сәттің қадірін білуді маңызды санайды. Ал біздің қоғамда кейде материалдық құндылықтар бірінші орынға шығып кететіні байқалады. Біреу жаңа үй алды ма, соны қайталау, біреу көлік ауыстыр­ды ма, сонымен жарыса алу. Осы тұрғыдан алғанда, екі елдің мәдениетінде айқын  айырмашылықтар  бар.  

— Шетелге оқуға түсу үшін қандай дайындықтар жасадыңыз? Бұл жағынан қазақ жастарына қандай кеңес  берер  едіңіз?

— Шетелде білім алғысы келетіндер үшін ең басты талап – ағылшын тілін білу. Егер тілді жақсы меңгерген болсаңыз және шетелге бару­ға шын ниетіңіз, құлшынысыңыз болса, онда бұл арман сіз үшін оңай орындалады. Шетелде оқу, көпшіліктің ойлағанындай, аса қиын емес. Тиісінше, қызықты әрі шабыттандыратын тәжірибе. Кеңесіммен бөлісетін болсам, ағылшын тілін үйрену барысында грамматикаға ғана байланып қалмаңыз. Әрине, грамматикалық негіз маңызды, бірақ шетелге шыққанда сізге ең алдымен сөйлеу дағдысы  мен  тыңдап  түсіну қабілеті қажет болады. Сондықтан, тіл үйренуде басты басымдықты ауызекі  сөйлеу мен тыңдау машықтарына берген дұрыс. Егер осы дағдыларды меңгеріп алсаңыз, шетелге шыққанда  тілдік кедергі­лерден қорықпай, өзіңізді еркін сезінетін бола­сыз. Тіпті, бастапқыда  қиындықтар туындаса да, ортаға  сіңісіп  кету  әлде­қайда  оңай  болады.

— Қазақтың  қандай дәстүрлерін шетелде де ұстануға тырысасыз?

— Нью-Йоркте  қазақтар  саны  аз емес. Мұнда тұратын қандастарымызбен етене араласып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, байланысы­мызды үзбеуге тырысамыз. Алыста жүрсек те, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық болмысын ұмытпау бәріміз үшін үлкен жауапкершілік әрі парыз секілді. Әсіресе, ұлттық мерекелерде бір үйдің адамындай бірігіп, қазақы атмосфера жасауға күш саламыз. Наурыз мейрамы келгенде ерекше дайындаламыз. Наурызкөже пісіріп, бауырсақ, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдарды әзірлейміз. Шама келгенше ұлттық киімдерімізді киіп, қазақы нақыштағы әшекейлерімізді көрсетіп, салт-дәстүрімізді насихаттаймыз. Қызығы, шетелдіктер біздің ұлттық киімдеріміз бен дәстүрлерімізге үлкен қызығушылықпен қарайды. Сонымен қатар, Қазақстаннан  қазы, құрт сынды ұлттық өнімдерді  жиі  алдырып  тұрамыз. Осындай сәт­терде  туған  жердің иісі, жылуы мен дәмі жүрегімізге  ерекше  әсер  етеді.

— Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде жүргізіп жүрген  контент, блогтарыңыздың  жүйесі,  бағыты  қандай?

— Менің  әлеуметтік  желідегі  ортамның      70-80 пайызы – қазақ достарым. Солар­дың ішінде жиі қойылатын бірқатар ортақ сұрақтар бар. Ең көп естіп жүргенім, «Америкаға оқуға қалай түсуге болады?», «Америкаға турист ретінде келіп, жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?» деген сауалдар. Бұл сұрақтар тек қызығушылықтан емес, нақты мақсат пен ізденістің белгісі деп білемін. Осы жиі қойылатын сұрақтар мен жеке тәжірибем негізінде пайдалы контент дайындап, бөлісуді жөн көрдім. Бір жағынан, бұл арқылы көптеген жасқа нақты бағыт-бағдар беріп, мотивация сыйласам, екінші жағынан өзімнің Нью-Йорктегі күнделікті өмірімді ашық түрде әлемжеліде көрсетіп келемін. Менің контентім тек ақпарат берумен шектелмейді. Сонымен қатар, Нью-Йорктің көрікті, ерекше жерлерін қазақ жастарына жүйелі түрде  көрсетіп  отыруға тырысамын. Мен үшін бұл – тек блог жүргізу емес, өз тәжірибем арқылы өзгеге мотивация беру, әрі шетелде жүрген қазақ жастары арасында  байланысты  күшейту  жолы.

— Нью-Йоркте жүргенде ең әсерлі сәтіңіз қандай  болды?

— Бұл қаладағы әр күнім әсерлі сәттерге толы. Нью-Йорктің қарапайым бір көшесінің өзі үлкен тарих секілді. Әлі күнге дейін мұндағы таңғажайыпқа көзім тоймай келеді. Мұнда адамдардың бос уақыты өте сирек, әр күні жоспарланып  қойған. Қазір мен де осы бағдарға машықтанып қалғанмын.   Сондық­тан, қолым босай қалса, қаланың сұлулығын тамашалауға  шығып  кетемін.

— Болашақта осы тәжірибеңізді пайдаланып, өз еліңіз үшін не істегіңіз келеді?

— Қазіргі уақытта Нью-Йоркте білімімді толық­тырып жатқандықтан, Қазақстанға нақ­ты қашан оралатыным белгісіз. Болашақта осында  қалып, еңбек жолымды шетелде жал­ғастыруым да мүмкін. Бірақ қай жерде болсам да, туған еліме, әсіресе, оның жастарының тағдыры мен дамуы жолына үлесімді қосқым келеді. Қазір әлеуметтік желі – барша әлемге ортақ кеңістік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шетелде жүріп-ақ, елімнің жастарына пайдалы ақпарат ұсынып, кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсете бастадым. Әсіресе, шетелде оқу, жұмыс істеу, көшу процесі, құжаттар, тіл үйрену сияқты өзім бастан өткерген тәжірибе­лерімді бөлісу арқылы көпшілікке көмегім тиіп жатыр деп білемін. Болашақта бұл бағытта көбірек мүмкіндіктер ашылады деп үміттенемін. Себебі қазірдің өзінде көптеген жас менің парақшама хабарласып, сұрақ қойып, кеңес сұрайды. Соларға шама-шарқымша бағыт  беріп,  жол  көрсетіп  келемін.

— Сұхбатыңызға  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: