Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалалық қазақ мәдениеті Қызылордада ерте қалыптасқан

31.07.2025, 10:40 1431

Дастан  СӘТБАЙ,  Қорқыт  ата  атындағы  Қызылорда  мемлекеттік  университетінің  доценті, тарих  ғылымының  докторы:

Биыл  Қызылорда  қаласының астана  болғанына  100  жыл  толып отыр. Тарих  жылнамасында қолтаңбасы қалған Алаш қайраткерлерінің өмір, еңбек жолы Қызылордамен тығыз байланысты болды. 1925-1929 жылдары  Қызылордада  алғаш  рет ел  астанасы атанған тұста мемлекет дамуы, ұлт өркениеті  ілгерілей түсті. Сол кезеңдері Алаш зиялыларының аманаты ақталды ма? Олардың Қызылордамен тағы қандай байланысы болды? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде тарихшы, Қорқыт ата атындағы  Қызылорда  мемлекеттік университетінің  доценті, тарих ғылымының  докторы  Дастан Сәтбаймен  сұхбатымызды  оқырман  назарына   ұсынамыз.

ҚЫЗЫЛОРДА  ОЛ  КЕЗДЕ  АСТАНА  БОЛУҒА  ДАЙЫН  ЕМЕС  ЕДІ

– Дастан аға, алдымен аймақтың астана атанған жылдары туралы сұхбатымызға келіскеніңізге алғыс айтамыз. Ақмешіт Қызыл­орда  болғанда  қазақ зиялылары нені бағдар етті?  Әңгіме  ауанын  осыдан  бастасақ.

– 1925  жылы Қызылорда қаласы астана болып  бекітілді. Бұл ел тарихындағы ең елеулі кезең десе де болады. Әсіресе, Сыр өңірі үшін тарихи  сәт. Мұнда  қазақ  зиялыларының  көздеген мақсат-мұраты астананы қайткен күнде де қазақтың қалың ортасына, ауылға жеткізуді ойлады. Олардың жоспарында бола­шақта Ресей­ден бөлініп кету сияқты ойлар болған емес. Бүгінгі күннің тұсынан қарасаң – қате. Өйткені, біз Орынбордан айы­рылып қалдық. Қазақтың байырғы жерлерінен айырылып қалдық. Енді қараңыз, қазірдің өзінде қазақ­тың басым бөлігі көшіп-қонып жүр. Міне, осындай жағдайда қазақ зиялылары астананы қазақтың қалың ортасына алып барамыз деп, Шымкент, Түркістан сияқты оңтүстік аудандар аталды. Ұзақ пікір-пайымның қоры­тындысында Қызыл­ордаға келіп тоқтаған. Ал, Қызыл­орда ол кезде астана болу­ға шын мәнінде дайын емес-тұғын. Неге десеңіз, оған әртүрлі себеп-салдар жетер­лік. Ол кезде біздің облыс артық ештеңе салын­баған қара­пайым қала болған. Шіркеу, теміржол вокзалы, тұрғын үйлер ғана бар. Астана болған тұста бұл  үлкен  қиындықтарды туғызды. Сондықтан бес жыл аз уақыт емес. Дегенмен  де,  Қызылорда  астана атанған 1925-1929 жылдар аралығында Ақмешітті қыр қаза­ғы, арқаның қазағы, солтүстік елдің қазағы көрмеген, білмеген. Сондықтан бірден оңай үйренісіп кетті деу қисынға келмейді. Сол өңірлердің Алаш қайраткерлері Ақмешітке келіп, тұңғыш рет танысып, бес жыл болса да өз қолтаңбаларын қалдырып, қызмет жасады. Әміре  Қашаубаев – Шығыс  елінің  тумасы. Ал, біздің Қызылорда – өзіңіз  білесіз, ыстық ауа райы сақталған аймақ. Бұл тұрмыс сапа­сына айтарлықтай әсерін тигізді десек, артық айт­қандық  емес. Осындай қиындықтармен күресе жүріп, Қызыл­ордада  қазақ елінің үкімет үйі салынды. Алғашқы газет-­жорналдар шықты, ең алғашқы театр осы жерде ашылды. Алаш қайраткерлері, бір сөзбен айтқан­да, осындай өздеріне жүктелген міндеттерін  абырой­мен атқарып шықты. Кейін­нен ел астанасы Алматыға көшірілді. Ондағы мақсат – таби­ғаттың жайлылығы мен тұрғындар­дың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптасуы. Бұл кезде Алаш қайраткерлерінің көбі Ташкентте тұрды. Бір айта кетейін, қазақтар­дың Ташкенттен айырылып қалуына өзбек ағайын­дар пысықтық танытты деп айтыла­ды. Олай емес. Ташкентті өзбек еліне Сталин алып берген. Түптеп келгенде Қызыл­орда астана болған тұста Серәлі Лапин, Смағұл Сәдуақасов  секілді  Алаш қайраткерлерінің негізгі бағдары қазақ қалың орна­ласқан өңірді астана қылып орнату болды. Бір жағынан Қызыл­орда астана болған тұста Мәскеудің сая­саты түркі халықтарын бір-бірінен ажыратып қою процесі көзделді. Қалай дегенде де Қызылорда қазақ елінің  алғашқы  астанасы  болып тарих бетінде  қатталып  қалды.

ГОЛОЩЕКИН  ӨЗІНІҢ  «КІШІ  ОКТЯБРЬ»  ТӨҢКЕРІСІН  ОСЫ  ЖЕРДЕ  ЖАРИЯЛАДЫ

– Қызылорда ел астанасы болған жылдары несімен ерекшеленді?

– Ең бірінші ерекшелігі ел астанасы атануы болды. Мұнда мемлекеттік кеңестің мемлекеттік құрылымдары құрылды. Тіптен қазақ деген атауды осы Қызылордада тұрғанда алды. Голощекин өзінің «Кіші октябрь» төңкерісін осы жерде жариялады. Кеңестік үлгідегі жаңа типтегі  астана  болды.

– Алаш қайраткерлерінің аманаты ақталды ма?

– Алаш зиялыларының аманаты толық ақталды деп айтуға болмайды. Олар көп тілді меңгерген сауатты болды. Сонымен қатар, мәдениет­ті, қоғамға, өз ортасына сыйлы атанды. Бұлар мемлекетті құру жағынан үміттері ақталды деп айтуға толық негіз бар. Бірақ бұлардың барлығына күмәнмен қаралды. Мемлекет басқару ісінен ығыстырылды. Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаевтарды ағарту ісіне жіберді. Мағжан Жұмабаевтың «Жантану» деген психология кітап жазатыны, ғұлама ғалым, қазақ академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығын жазып шығуы – осының дәлелі. Бұл кітапты сонау 1924 жылы 25 жасында ана тілімізде араб графикасымен жазып шыққан екен. Міне, бұлардың оқулық жазатындары сондықтан. Ақыр  соңында мұны да артық көрді. Бұлардың ойларында Алаш идеясы бар деген жала болды. Олардың ең үлкен аманаты түркі респуб­ликаларын бір-бірінен бөлмеу болатын. Бұл тұрғыдан алғанда олардың аманаттары орындалған жоқ. Ал, енді дәл қазіргі уақытта Алаш қайраткерлерінің мүдделерін жүзеге асыруға Орта Азия билеушілерінің деңгейлері жетпей тұр. Баянсыз баяндама жасап, құр конференция  өткізгеннен ұтарымыз жоқтың қасы. Елдік деңгейде Алаш зиялыларының аманат мүддесін іске асыру, яғни қазақ тари­хы мен мәдениетін ұлттық деңгейде дамыта түсуі­міз керек. Бұл түпкілікті мұраты болатын. Азия­ға ортақ тілдерді біріктірсек, Алаш идея­ларын жаңғырт­қан боламыз. Ең негізгі идеясын түсінуге біздің деңгейіміз жетпей жатыр. Интегра­ция күшті болу керек. Алаштықтардың  аманаты – түркі  одағын  құру.

– Қызылорда астана болған тұста бой көтерген  ғимараттар  мемлекет  қорғауына  алынды ма?

– Дұрыс айтасыз. Бұл – күрделі мәселе. Мемлекет қорғауына алынғандары да болуы керек. Себебі, ол түгілі патша үкіметі кезінде салынған ғимараттар тұр. Теміржол вокзалы, бекініс және Мұстафа Шоқай оқыған Перовск училищесі (қазіргі «Аль-Асад» дүкені) ғимараттары тұр. Анау айтқандай көп емес. Ол кезде салынған ғимараттардың басым бөлігі сүріліп тасталды. Хрущевтың кезінде қалада екі қабатты үйлер көп салынды. Ресурс бізде жеткілікті. Сондықтан қаланың кескін-келбеті мен салынған ғимараттар тарих жылнамасында  өз  орнын  алып  тұр  деп  есептеймін.

ҚЫЗЫЛОРДА  –  САЛТ-ДӘСТҮР  БЕРІК  САҚТАЛҒАН  ӨҢІР

– Ел  тарихында  үш  астана  атанған  Ақмешіттің өткені мен бүгінінде қандай айырмашылық  бар?

– Кеңес үкіметі тұсында Қызылордада ерекшелігі сол, қазақтың саны басым болды. Горбачевтың кезінде бізден орыстар кете бастағанда, бізде үй қымбаттап, Шымкентте үй арзандап кеткен кездер де болған. Қалалық қазақ мәдениеті Қызылордада ерте қалыптасқан. Басқа өңірлермен салыстырып қарағанда кәдімгідей озық тұрғаны байқалады. Қазір Астанаға барсаң, еліңді, руыңды сұрайды. Ал, бізде мұндай тенденция жоқ. Бұрын ауыл мәдение­ті өріс­теген болса, оған қала мәдение­ті қосылып, қарыштап дамып отыр. Бұған жекеші­лік пен көпшіліктің  ұштасқан тұсы деп баға беруге болады. Сыр өңірінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып қағидаты берік сақталған. Тарихи-­танымдық құндылықтар артып, мәдениет пен әдебиет, ғылым мен білім дамып жатыр. Өңірдің өткені мен бүгініндегі басты айырмашылық – қала мәдениеті ерте кезден қалыптасқаны. Бұл – үлкен  процесс.

– Алаш қайраткерлерінің Қызылордамен байланысы  туралы  атап  өтсеңіз.

– Алаш қайраткерлері туралы, олардың жүріп өткен жолы жөнінде бұған дейін де сан мәрте айтылды. Болашақта да айтыла бермек. Олардың көпшілігі – осы өңірдің тумасы болған адамдар. Мәселен, Серәлі Лапин, Қоңырқожа Қожықов, Бекайдар Аралбаев, Мұстафа Шоқай, бұлардың бәрінің өмірдерегі Сыр өңірімен тығыз қарым-қатынаста деп айтуға толық негіз бар. Бұдан басқа да Алаш зиялы­лары өзге аймақта туылғанымен, Қызыл­орда 1925-1929 жылдары астана атанған тұста осында болып, қызмет істеді. Ел тари­хында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Осылайша өңіріміз ұлттық деңгейде таныла бастады. Аймақтың  географиялық  орналасуы да өте жақсы болған. Одақ көлемінде үлкен таны­малдылыққа ие болды. Теміржол үстімізден өтіп жатыр. Бізді құтқарып тұрған осы нәрсе ғой. Жол-көлік логистикасы бізде жақсы дамы­ған. Ол уақытта қазіргідей жағдай емес. Қызылорданың табиға­тын келген соң барып білді. Сөйте тұра Алаш зиялылары ыстық-суығына көніп, ұрпақ үшін, ұлт үшін аянбай еңбек етті. Аласапыран заман. Қазақтың оқыған көзі ашық зиялылары осында ағылып келіп, бес жылға жуық қызмет істеді. Олардың өмір тарихы, Қызылордамен байланысы осылай өрбіді деп айтуға болады. Сәбит Мұқанов – Арқа өңірінің қазағы. Әйгілі «Сырдария» романын осында жүріп жазған. Қызылорда  атауы – қызылдардың ордасы деген атаудан шыққанын да айта кету керек. Бұл да – тарпаң тарихтың бір парасы. Осыны  ұмытпауымыз   керек.

ҚҰР  МАҚТАҒАННАН  ГӨРІ ЖАҢАША  СИПАТТА  ИДЕЯ  АЙТУ  КЕРЕК

– Қазіргі  Қызылордаға  көзқарасыңыз қалай?

– Қазіргі Қызылордаға келсек, кеңес үкіметі жылдарындағы кеңестік жүйенің үлкен кемшілігі – қаланың архитектуралық талап­қа сәйкес салынбауы. Қала болғаннан кейін оның бас жоспары болуы керек. Бас жоспары бойынша барлығы қарастырылуы керек деп есептеймін. Оның өзіндік талаптары болады. Мәселен, көше, тротуар, арық, одан әрі үш метр жерде жеке үй салынуы қажет. Содан дұрыс жоспарламау кесірінен бізде әркім өзінше құрылыс жүргізе берген. Қызыл­орданың «Шанхай» бөлігіне барсаң, тротуар деген  атымен жоқ. Жеке  тұрғын үйлер­дің іргесі­мен жүрсең, қолың қабырғаға  тиеді. Міне, көрдіңіз  бе? Қызылорда қаласы дария бойында орналасқанымен, арық жүйе­сі өз деңгейін­де қойыл­маған. 50-60-жылдары жаңғырту жұмыс­тары бастау алды. Бірақ, бастама аяқсыз қалып қойды. Сол жылдары Қызылорда кеңес одағы көлемінде үш мәрте «Ең  жасыл қала» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ойлап көріңіз, Алматы, Тараз, Талдықорған, Көкшетауды   басып  озып,  үздік  атану – үлкен жетістік. 1990 жылдардың басында жаңа архитектура салынуы керек еді. Оны қайта жөндеуге кірісті. 1985 жылы облысқа басшы болып Еркін Әуелбеков келді. Сонда қаланың бас жоспарын сұраған. Бас жоспар жоқ, бекітілмеген. Ол оңай дүние емес. Оны қолдан қайтадан сызып шығу үлкен еңбекті қажет  етеді. Содан қайтадан қаланың жаңа келбетін жасау ісі басталды. Ол кезде Тасбөгет пен қала­ның екі ортасы ашық айдала-­тұғын. Осыны бас жоспарға енгізіп, қайтадан сызып  шықты. Қысқасы, осындай талап болған кезде архитектура талапқа сәйкес салынатын еді. Өкініштісі сол, ол кісі кетісімен архитектура талапқа сай салынбады. Қаланың «Арай» мөлтек ауданы да архитектура талабына сай салынған жоқ. Ендігі мақсат – қаланың сол жағалауын бүлдірмеу керек. Сондықтан Қызыл­орда қаласының бас жоспары және оның орындалуы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ескі ғимараттарды әлі күнге қайтадан жөндеуге әбден болады. Бұл – дүниежүзінде бар тәжірибе. Қала туралы тәуір сөзді айтуды мен де тәуір көремін. Бірақ, құр мақтағаннан гөрі жаңаша сипатта идея айту керек. Павлодар, Өскеменде болдым. Оларда көлік кептелісі де жоқ. Шахмат тақтасындай барлығы  дұрыс  салынғанының  жемісі.

– Сіздің әдебиет пен тарихқа сіңірген еңбегіңіз орасан. Алайда екеуі – екі бағыттағы дүние. Қос саланы қатар алып жүру қиындық туғызбай  ма?

– Жоқ. Бұларды бір-бірінен ажыратып қарау­ға болмайды. Мықты тарихшыларды зерттеп қарасаңыз, барлығы да – мықты, сауат­ты әдебиетші болған адамдар. Алғашқы тарих­шыларымыз Санжар Асфендияров, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Дос­мұхаммедов, бәрі-бәрі әдебиет пен  тарихты терең  меңгерген тұлғалар деп айтуға әбден бола­ды. Қайықтың қос ескегіндей қос саланы қатар меңгерген. Тіл әдебиеті тарихпен астасып  жатыр. Ал, әдебиетшілерге келетін болсақ,  бұлар да тарихты терең білген, Мұхтар Әуе­зов, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, айта берсең, жағың талып, санамаласаң, сау­сағың шаршайды. Әдебиетті толық білмей, тарихты танимын деу – бекершілік. Ондай әдебиетшілерді де білеміз. Бәрібір кемшілігі көрініп  тұрады. Меніңше, ең қиын пән – тарих. Оны тұрақты оқып жүруің керек. Тарих, әдебиет – ауқымды тақырып. Эмоцияға берілмеуің керек. Әр тақырыпты терең зерттеп, сүзгі­ден  өткізуің  қажет.

– Ел болашағы жастардың қолында дейміз. Ал  жастардың  болашағын қалай  елестетесіз?

– Ел тәуелсіздігін алып, егемен ел атан­ғанымыздағы бір кемшін тұсымыз – жастар тәрбиесін қолдан жіберіп алдық. Оны мойын­дауымыз керек. Ұрандату, жандайшаптық, атойлап іс-шаралар өткізу, жолдауларды талқылау, барлығында жастар жүрді. Соларды, өтірік дүниелерді, әділетсіздікті жастар көріп отырды. Біреулер ренжиді. «Пәленбай жұмыс жүргізіп жатырмыз ғой» деп. Жүргізгеннің не керегі бар? Нәтиже болмай жатыр ғой. Сондықтан бұл үлкен нұқсан болып кетті. Екінші айтарым, жастардың өз күшіне деген сенімін күшейту керек. Оның бір ғана жолы бар. Ол – әділдік. Балалардың өз қабілетіне және әділеттілікке деген сенімін арттыру керек. Талант деген не? Талант – өз-өзіңе сену. Біздің өткен күндерде жіберген қателігіміз жастарды масылдыққа үйретті. Ел болу деген сөз, ең біріншіден, өзін-өзі басқару. Кез келген ауылға барып, «өзін-өзі басқару бар ма?» деп сұра. Үлкен проблема. Әкім халқын жамандайды, халқы әкімін жамандайды. ПИК тұрғындарды жамандайды, тұрғындар ПИК-ті жамандайды. Сондықтан айтарым, сыртыңнан біреу ғайбаттаса да, өзіңе деген сенімің жоғалмауы керек. 11-сынып бітіріп жатқан оқушыдан «қандай мамандық иесі боласың?» деп сұрасаң, «білмеймін» деп басын шайқайды. Ұрпақтар сабақтастығы деген құндылық үзіліп қалды. Еңбек етіп өскен әкенің баласы жалқау. Жастар неге шетелге ағылып кетіп жатыр? Мамандығын жақсы білетін, өзіне сенімді адамдар барады. Міне, мәселе осында тұр. Жастарды сенімділікке баулып, масылдықтан арылту керек. Менің айтар ойым – осы, айналайын. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп неге айтқан? Білім алу қай заманда да қиын. Өз ісінің кәсіби маманы болған жас келешек елін басқаратын тұлға болып шығады. Сондықтан жастарымыз білімге ден қоюы керек. Қызыл дипломға бітіріп, жұмыс таба алмай жүрген жас көп. Оның себебі, дипломды сатып алған, оқыған төрт жылын әншейін  босқа  өткізіп  алғанның  кесірі.

ҚОҒАМ  ТӘУЕЛСІЗ  ЖУРНАЛИСТЕРДІ  ТЫҢДАЙДЫ

– Баспасөздің бүгінгі биігін қалай бағам­дайсыз?

– Жалпы, қазақ  баспасөзінде  ілгерілеу  бар. Оны мойындау керек. Журналист ең алды­мен биліктің емес, қоғамның пікірін білдіруі керек. Осы тұрғыдан алғанда көп журналист – журналист емес. Тәуелсіз газет-жорнал журна­листерін мойындаймын. Ойын ашық айтады, риза боламын. Қазақ журналистикасы қарама-қайшылықта дамып жатыр. Гүлжан Ерғалиева, Дина Елгезек, Гүлнар Бажкенова секілді бүгінгі буындағы мықты ұл-қыздар бар. Қоғам тәуелсіз журналистерді тыңдайды. Оқиды. Әлеуметтік желіде бір тәуелсіз жур­налистің парақшасында екі сағатта он екі мың қаралым болған. Бұл үлкен жетістік деп айтар едім. Жасыра­тыны жоқ, «Хабар», «Қазақстан» телеарналарын ешкім көрмейді. Өйткені, бәрі бір сарында. Су алып жатыр, үй құлап жатыр деген жаңалықтар халыққа қызық емес. Елге өтімді, оқылымды мақала – Назарбаевтың отбасы, ақшаның  елге қайтарылуы. Газетті сирек оқимын. Мерзімді басылымдардың басым бөлігі – аш та жап дүниелер. Жеделдік жетіспейді. Ескірген ақпараттар жарияланады. Оны ел телефоннан әлдеқашан көріп, оқып қойған.  Жеке  пікірім – осы.

– Тәуелсіздіктің ең басты теңдесіз сыйы деп нені  атар  едіңіз?

– Біріншіден, халықаралық субъектіге айналғандығымыз, егемендікке қол жеткізгеніміз,  дүниежүзілік  қауымдастыққа  араласып   жатқанымыз  деп  білемін.  Үлкен  міндетіміз – азаматтық  қоғам  орнату. Мұны биліктегілер де, халық та шатастырады. Оңтүстік Корея, Жапония секілді азаматтық қоғамды дамытуымыз керек. Батыл адамдарды билікке алудан қорықпау керек. Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельцин өзін сынағандарды  жоғары қыз­метке қоятын-тұғын. Елдің дамуы жолында билік адамдарына мінез керек-ақ. Осы бағытта жасауымыз қажет. Зайырлы  мемлекетімізді дамыту  керек   деп  ойлаймын.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: