Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарт Каспий де Аралдың күйін кешпей ме?

25.07.2025, 9:05 857

Қазақстанның батысындағы Каспий теңізінің экологиялық жағдайы қазір аса күрделі. Өйткені, соңғы жылдары теңіз деңгейі айтарлықтай төмендеп, жағалаудың кері шегініп бара жатқаны байқалады. Мысалы, Ақтау қаласы маңында теңіз суы шамамен 100 метрге шегініп, бұрын су астында жатқан жағалау қазір жалаңаш қалған, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі EI kz интернет порталына сілтеме жасап.

Сарапшылар теңіз деңгейінің құлдырауы аймақтағы экожүйелер мен жергілікті тұрғындарға елеулі қауіп төндіріп отырғанын айтады. Негізгі себеп ретінде климаттың жаһандық өзгеруі. Сондай-ақ соңғы онжылдықта жауын-шашынның азайғаны, ауа температурасының тұрақты көтеріліп жатқаны Каспийдің суын қарқынды буландырып жатыр. Осы орайда қазақстандық эколог Тимур Елеусізов Каспий өңірінде ғана емес, жаһандық ауқымда су тапшылығы өршіп тұрғанын айтады. Соның салдарынан теңіз жағалауы біртіндеп кейін шегініп барады, ал теңіз шельфінде жұмыс істейтін мұнай бұрғылау платформалары су қайтқан сайын ашықта қалып, экологиялық тәуекелдер күшейе түскен.

Көпшілік бұл құбылыс жалғаса берсе, көршілес Арал теңізінің қайғылы тағдыры Каспийде қайталануы мүмкін деп алаңдайды. Расында, ресейлік эколог Александр Веселов «егер теңіз тартылуын тоқтатпасақ, Каспий Аралдың кебін киюі мүмкін» деп дабыл қаққан болатын.

Су деңгейі төмендеуінің негізгі себептері қандай?

Бірінші кезекте, Каспий суының қайтуына климаттың өзгеруі тікелей әсер етіп жатыр. Парниктік газдардың жылындырғыш әсерінен өңірде жауын-шашын мөлшері азайып, ауа температурасы көтерілген. Әдетте жаһандық жылыну мұхиттар мен ашық теңіздердің деңгейін көтереді, алайда өзендермен қоректенетін Каспийде керісінше процесс жүріп жатыр. Мәселен, 1979-2015 жылдар аралығында теңіз үстіндегі ауаның орташа температурасы шамамен 1°C-қа жоғарылаған, бұл булануды күрт өсіріп, жауын-шашынның азаюымен ұштаса келе су балансын теріс күйге түсірді. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының деректері де шамадан тыс булану Каспий деңгейінің үздіксіз төмендеуінің басты факторы екенін растаған.

Екінші себеп – антропогендік факторлар, әсіресе өзен суларының реттелуі мен артық пайдаланылуы. Каспийге құятын басты өзен – Еділ суының үлесі 80-85 пайыз шамасында.

Эколог Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, соңғы жылдары Ресей Еділдің бойында көптеген бөгендер салып, өзен суын егістік пен өнеркәсіпке молынан алды. Соның салдарынан теңізге құятын су айтарлықтай азайды деп түсіндіреді. Қазақстан аумағында да Жайық өзеніндегі су қоймалары оның табиғи ағымын тежейді. Ресми мәліметтер 2006 жылдан бері Каспий деңгейі шамамен 2 метрге құлдырағанын көрсетеді, кейбір сарапшылар мұны Еділ мен Жайықтың жоғарғы ағыстарындағы су қоймаларының салынуымен байланыстырады.

Бұл пікірді эколог Тимур Елеусізов те қолдайды, оның айтуынша, Каспийді негізгі сумен қамтамасыз ететін екі өзеннің суы соңғы жылдары күрт азайып, теңіз деңгейін үздіксіз түсіріп жатыр.

«Жайық пен Еділ – Каспийдің басты тіршілік тамырлары, олардың тартылуы теңіз тағдырына тікелей соққы болып жатыр», – дейді эколог.

Дегенмен, зерттеушілердің басым бөлігі теңіз тартылуына өзен ағысын реттеу елеулі үлес қосқанымен, басты драйвері жаһандық жылынумен байланысты булану екенін алға тартады.

Үшіншіден, мұнай-газ секторының қарқынды дамуы мен өнеркәсіптік ластану да жанама себептердің қатарында. Каспий жағалауындағы мемлекеттер теңіз қойнауындағы бай көмірсутек қорларын игеріп, экспорттауда. Бұл парниктік газдар шығарылымын көбейтіп, климаттың жылыну үрдісін күшейтеді.

Сонымен бірге мұнай өндіру мен тасымалдау барысында орын алған экологиялық талаптардың бұзылуы теңіз суына зиянды қалдықтар түсуіне әкеліп, табиғи тепе-теңдікті бұзады. Әділбе Қозыбақов өткен ғасырда бекіре балықтарының ондаған жыл өмір сүріп, үлкен мөлшерге жеткенін, бүгінде «бекіре популяциясы браконьерлік пен мұнай компанияларының қоршаған ортаны ластауынан құрып кеткенін» өкінішпен еске алады. Яғни, тікелей су деңгейін түсірмегенімен, көмірсутектерге тәуелді өндіріс климаттың жылынуына қосымша үлес қосып, теңіздің тартылу проблемасын ушықтырып отыр.

Тартылған теңіздің экологиялық салдары ауыр

Теңіз деңгейінің құлдырауы ең алдымен Каспий аймағының табиғи ортасына зор залал келтіруде. Солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігінде соңғы 20 жылда су айдыны шамамен 46 пайызға кеміді (шамамен 7 мың шаршы шақырымға азайды). Кей жерлерде бұрын су астында болған аумақтар сортаң құмды жазыққа айналып, жаңа аралдар пайда болуда. Тіпті, ғалымдар Еділ өзені маңында теңіз тартылуы нәтижесінде бірнеше жаңа аралдың қалыптасқанын құжаттаған. Жалпы, Қазақстан жағалауында теңіз суы ондаған шақырымға шегінген, учаскелерде жағалау сызығы 50 шақырымға дейін кейін кеткені тіркелді.

Экожүйенің байырғы тіршілік иелері қатерге ұшырап жатыр. Каспий итбалығы – теңіздегі жалғыз сүтқоректі жануар, оның саны да күрт кеміп кетті. Бұрын популяциясы миллионға жуық болса, қазір шамамен 70 мың ғана итбалық қалған, әрі жыл сайын Қазақстан жағалауында мыңдаған өлі итбалықтар табылады. Бұл теңіз экожүйесіндегі қолайсыз өзгерістердің бір көрінісі.

Сол сияқты, бекіре тұқымдас бағалы балықтар уылдырық шашатын тайыз алаңдардың жоғалуынан көбейе алмай, саны азаюда. Ғалымдардың есебінше, теңіз деңгейі тағы 10 метрге төмендесе, бекірелердің тарихи уылдырық шашу алаңдарының 45 пайызы біржола жоғалады. Қазірдің өзінде теңіздің тартылуы олардың көбеюіне кедергі келтіріп жатыр.

Каспий теңізін қорғайтын табиғи аумақтар да зардап шегуде. Қазіргі таңда теңіз акваториясының 16,8 пайызы ерекше қорғалатын аймақ мәртебесіне ие, алайда су деңгейі 5 метр түссе, қорғалатын бөліктің үлесі 7 пайызға дейін, ал 10 метр түссе небәрі 1 пайызға дейін қысқарады. Яғни көптеген әрекеттегі резерваттар құрғап, экологиялық құндылығын жоғалтпақ.

Оның үстіне, солтүстік жағалауда қыста қататын мұз жамылғысы да қалыптаспай қалуы мүмкін, бұл мұз үстінде төлдейтін Каспий итбалығының өсіміне тікелей қауіп төндіреді.

Мамандардың айтуынша, теңіз деңгейі 5 мтер төмендеген жағдайда итбалықтардың қыстық көбейетін мекенінің 81 пайызы жойылады. Бұл аталған жануардың болашағына балта шабатыны сөзсіз.

Теңіз деңгейінің құлдырауы өңірдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайына да ауыр салмақ салуда. Эколог Тимур Елеусізов Каспий маңындағы ауа температурасының көтерілуі мен судың азаюы туризм саласына кері әсер етіп, болашақта аймақтың инвестициялық және рекреациялық тартымдылығы күрт төмендеуі мүмкін екенін ескертеді. Шынында, Каспий ғасырлар бойы балық шаруашылығының қайнар көзі болды, әсіресе бекіре тұқымдас бағалы балықтар және олардың қара уылдырығы. Бүгінде балық қоры кеміп, кәсіптік балық аулау қысқарды, жағалаудағы халықтың табысы азайды.

Су деңгейінің төмендеуі кеме қатынасы мен логистика саласына да соққы болды. Тайызданған теңізде порт аймақтары құрғап, кемелер толық жүк көтерімімен жүре алмай қалды. Қазақстанның басты теңіз қақпасы – Ақтау портын тереңдету үшін 2024 жылдың соңында үкімет 42 млрд теңге бөлді. Бұл портқа үлкен кемелердің кіре алмауынан туындап отыр. Қазір кейбір кемелер тек 75 пайыз жүкпен шектелуге мәжбүр, ал су одан әрі тартылса, ірі танкерлер мен жүк кемелерінің қатынауы мүлдем тоқтап қалуы ғажап емес.

Есептеулерге сүйенсек, теңіз деңгейі тағы 10 метрге төмендесе, Ақтау порты теңізден 89 шақырым қашықтықта қалып қоюы ықтимал.

Теңіздің тартылуы халықаралық сауда жолдарына да әсер етуде. Кемелер толық жүк тией алмағандықтан, тасымалдаушылар кішігірім кемелерді пайдалануға көшуде, бұл шығынды өсіріп, пайда маржасын азайтады. Нәтижесінде Ресейдің Солтүстік-Оңтүстік дәлізі және Қытай–Еуропа бағытындағы Транскаспий (Орта дәліз) маршруты сияқты жобалардың тиімділігі төмендейді.

Каспий қайраңындағы мұнай-газ өндірісі де қатерге ұшырады: теңіз суы саязданып, мұнай платформаларына қажетті жабдық тасымалы қиындады. Мысалы, қазақстандық Қашаған кен орнында тайыздық салдарынан баржалар мен кемелер жартылай жүкпен жүруге мәжбүр, кей кезеңде қатынау мүлдем тоқтағаны хабарланды.

Болжам бойынша, егер су деңгейінің құлдырауы тоқтамаса, Каспийдің су айдынының 37 пайызға дейіні (шамамен 143 мың шаршы шақырым) біржола жойылуы мүмкін, ал аймақ экономикасына келетін жыл сайынғы зиян 10 млрд АҚШ долларынан асып түсуі ықтимал. Каспий жағалауында жері ең кең Қазақстан бұл қатерді айқын сезінуде. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв «алдымыздағы 75 жылда осы қарқын сақталса, біз бұл су айдынынан айырылып қалуымыз мүмкін, ал тағы 15 жылда климаттық өзгерістер кесірінен туған жерінен көшетін экологиялық мигранттарды көруіміз ғажап емес» деп дабыл қақты.

Теңіздің тартылу проблемасы қалай шешіліп жатыр?

Каспий теңізінің тайыздануы құрлықпен шектесетін бес мемлекетке ортақ күрделі мәселе болғандықтан, өңірлік ынтымақтастық пен үйлестірілген іс-қимылдар аса маңызды. 2003 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Негіздемелік Тегеран конвенциясы аясында жағалаулас елдер теңіз ортасын қорғау мәселелерін талқылап келеді, алайда оның хаттамалары толық көлемде іске аспай отыр. 2024 жылы Әзербайжанда өткен COP29 халықаралық климат конференциясында Каспий теңізінің тартылуы жеке қаралып, бес мемлекетке ортақ ғылыми жұмыс тобын құру және дағдарыстың зардаптарын жеңілдету бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеу ұсынылды.

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қазір сол ұсыныс негізінде бесжақты жұмыс тобының құрамы жасақталуда, оған Қазақстан тарапынан жаңадан құрылған Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатыспақ. Аталмыш институт 2025 жылы Маңғыстау облысында ашылып, теңіз деңгейінің өзгерістерін зерттеп-мониторингтеу және экожүйені қорғау шараларын ғылыми негіздеу мақсатында іске кірісті.

Қазақстан үкіметі теңіз деңгейін тұрақтандыру үшін негізгі су көзі – Еділ өзенінің ағымын бірлесіп реттеу мәселесін де көтеруде. Ресми есептеулерге сәйкес, қазіргі булануды толтыру үшін Каспийге жылына 334 текше шақырым су қажет, ал табиғи түсім (жаңбыр-қар) тек 55 текше шақырым шамасында. Сондықтан жетіспейтін 279 текше шақырым шамасындағы суды өзендер арқылы қамтамасыз ету керек, оның кемінде 275 текше шақырымы Еділден келуі тиіс деген тұжырым бар. 2023 жылы бұл көрсеткіш қажетті мөлшерден 60-65 текше шақырымнан кем болды деп есептелді. Осыған орай Қазақстан тарапы Ресейге Еділ суын көбірек жіберу мәселесін бірлесіп талқылауды ұсынып отыр. Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз парламенттік тыңдауда Қазақстанның «Еділдің су ағымын заңды негізде бірлесіп басқару жөнінде ынтымақтастық орнатуға үміттенетінін» мәлімдеді.

Алайда ресейлік сарапшылар бұл ұсынысқа сақтықпен қарайды. Ресей Ғылым академиясы Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Станислав Притчин Қазақстан талабын «шамадан тыс» деп атап, Мәскеудің өз мойнына қосымша міндеттемелер алу ықтималдығы төмен екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазір Еділ бойында жаңа су қоймалары салынбаған, жұмыс істеп тұрған ГЭС каскадтары «кірген судың барлығын төменге жіберіп отыр», демек өзен ағынында қосымша су резерві жоқ. Ғалымдар да теңіз деңгейіне ондаған жылдар бойы көптеген факторлар әсер ететінін, бір ғана өзеннің ағысын арттыру арқылы Каспийді «құтқару» мүмкін еместігін ескертеді.

Гидролог Михаил Болгов Каспийдің «шамамен 50 жылдық жады бар күрделі жүйе» екенін айтады, сондықтан теңіз деңгейін жеке бір айнымалыны өзгерту арқылы реттеу мүмкін емес. Демек, кешенді зерттеулер жүргізіп, бейімделу стратегияларын алдын ала жоспарлау қажеттігі айқын.

Ішкі деңгейде де нақты қадамдар қажет. Мұнай-газ кәсіпорындарының қоршаған ортаға әсерін қатаң бақылауға алу, суды көп тұтынатын және жиі ластайтын өндірістерге экологиялық талаптарды күшейту керек. 2023 жылы эколог-заңгер Вадим Ни бастаған «Save the Caspian Sea» қозғалысы Үкіметке қарсы сот ісін қозғауға талпынып, билікті Каспий теңізінің мәселесіне немқұрайлы қарады деп айыптаған. Ни шетелдік мұнай компанияларымен жасалған келісімдердің құпиялығын сынап, Орхус конвенциясы талаптарына сай экологиялық мәліметтердің ашық болуын талап етті. Ақтау қаласында эколог Әділбе Қозыбақов жергілікті тұрғындарды жұмылдырып, жағалау экожүйесін қалпына келтіру, ағаш отырғызу, жануарларды қорғау шараларын ұйымдастырып жүр.

«Бұл проблеманы қоғам болып көтеріп, билікке халықтың алаңдайтынын көрсетуіміз керек. Мұнда тек экологтар ғана емес, туған жерінің болашағына бей-жай қарамайтын қарапайым тұрғындар да бар», – дейді ол.

Ғалымдар теңіз деңгейінің құлдырауы болашақта да жалғасуы мүмкін екенін ескере отырып, бейімделу және қорғау шараларын алдын ала жоспарлау керектігін айтуда. Мәселен, қазіргі статикалық қорық-аймақтар тұжырымын қайта қарастырып, су шегінген сайын қорғалатын аумақтарды динамикалық түрде жаңа орындарға ауыстырып отыру ұсынылады. Бұл теңіз деңгейі өзгерген жағдайда да құнды экожүйелерді сақтап, эндемик түрлердің жоғалуын тежеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, теңіз түбінде оқшауланып қалған су айдындарын бір-бірімен қосып, жасанды арналар арқылы су айналымын қамтамасыз ету, балықтар мен итбалықтардың көшуіне жағдай жасау идеялары талқылануда (мұндай тәсіл Арал теңізінің солтүстік бөлігінде – Кіші Аралда қолданылған).

Ең түбегейлі шешім – жаһандық климат өзгерісіне қарсы күрес. Каспий деңгейінің болашағы парниктік газдарды қысқартуға тәуелді: егер Париж келісімінің мақсаттары толық орындалса, кей болжамдар бойынша теңіз деңгейі ғасыр соңына дейін шамамен 9 метр төмендеп барып тұрақтайды, ал қазіргі қарқын сақталса, 18 метр немесе одан да көп төмендеп, теңіз айдынының үштен бірі жоғалуы мүмкін. Сондықтан жаһандық деңгейде көміртекті шығарындыларды азайту, жаңартылатын энергияға көшу – Каспийді сақтап қалудың ұзақ мерзімді жолы. Бұл, әсіресе экономикасы мұнай мен газ өндірісіне арқа сүйейтін елдер үшін оңай міндет емес. Дегенмен, сарапшылардың пайымынша, Каспий маңындағы мемлекеттердің экономикасын әртараптандырып, «көміртексіз» болашаққа бейімделуі аймақтың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды қадам болмақ.

Байқап отырғанымыздай, Каспий теңізінің қазіргі экологиялық ахуалы өте күрделі және көпжақты шараларды талап етеді. Су деңгейінің төмендеуі – басты себептері климаттың ғаламдық өзгерісі мен адам әрекеті болып отырған ұзақ мерзімді үрдіс. Бұл құбылыс Каспий аймағындағы табиғи экожүйелерді бұзып, бірегей итбалық пен бекіре секілді жануарлардың тіршілігін қатерге тіреді, сондай-ақ өңір экономикасына, әсіресе балық шаруашылығы, кеме қатынасы және мұнай-газ секторларына айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Егер ешқандай шара қолданылмаса, сарапшылардың сөзімен айтқанда, «Каспий екінші Арал теңізіне айналуы мүмкін», яғни теңіз құрғап, орны шөлейтке айналып, өңір орны толмас экологиялық апатқа душар болмақ.

Мұндай сценарийге жол бермеу үшін барлық бес жағалау мемлекетінің және халықаралық ұйымдардың үйлесімді әрекеті қажет. Климаттың жаһандық өзгеруін тежеу, өзендердің су режимін ұтымды басқару, өңірлік келісімдерді күшейту, ғылыми зерттеулер мен инновациялық бейімделу шараларын жүзеге асыру – осылардың барлығы бір кешенде атқарылса ғана нәтиже беретіні анық.

Бұл тұрғыда Қазақстанның белсенділігі айрықша рөл атқарады. Жоғарыда аталған жұмыс топтарын және зерттеулерді тұрақты қаржыландыру, көршілес елдермен конструктивті келіссөздер жүргізу, жергілікті деңгейде экологиялық мониторингті күшейту шаралары жалғаса беруге тиіс. Эколог мамандардың пікірінше, дәл қазір бейімделу стратегияларын әзірлеп, болуы ықтимал салдарға дайын болу қажет. Сонымен бірге халық арасында экологиялық сауатты арттырып, Каспий тағдырына бей-жай қарамау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.

Жалпы, Каспийдің мәселесі – бір елдің емес, бүкіл өңірдің ортақ проблемасы. Тарихи, экономикалық және экологиялық маңызы зор бұл су айдынын келер ұрпақ үшін сақтап қалу – баршамызға жүктелген үлкен жауапкершілік. Сарапшылардың айтуынша, бүгін қабылданатын шешімдер мен жасалатын әрекеттер алдағы ондаған жылда Каспийдің күйін айқындайтын болады. Егер адамзат климат өзгерісін тежеу жолында батыл қадамдарға барса және аймақ елдері өзара ынтымақтастықта әрекет етсе, Каспий теңізінің қазіргі күрделі ахуалын еңсеріп, экологиялық тепе-теңдікті біртіндеп қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Керісінше, әрекетсіздік пен келісімнің болмауы теңіздің құрғап, орны толмас өкінішке соқтыратыны ықтимал. «Каспийді құтқару – ортақ міндет» деген ұран қазір бұрынғыдан да өзекті естілуде. Оны жүзеге асыру үшін уақтылы, ғылыми негізделген және келісілген шаралар ауадай қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: