Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАЛАБАҚШАДАҒЫ БЕЙБЕРЕКЕТТІК: Бала қауіпсіздігі байыпты бақылауды талап етеді

24.07.2025, 10:20 522

Балабақша – баланың алғашқы әлеуметтік ордасы. Осы ортада бала тек білім емес, өмір сүрудің алғашқы ережелерін, қарым-қатынас негіздерін меңгереді. Алайда дәл осы ортада қауіпсіздік, сондай-ақ санитарлық талаптардың сақталмауы, тәрбиешілердің кәсіби деңгейінің төмендігі, жекеменшік мекемелердің бақылауының салғырттығы сияқты проблемалар ел көлемінде де, Қызылорда облысы аясында да қоғамның өткір наразылығын тудырып отыр.

Баланың  амандығы  мен қауіпсіздігі – қоғам алдындағы ең үлкен жауапкершілік. Бұл – мемлекеттің де, ата-ананың да ортақ міндеті. Алайда соңғы уақытта мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына, әсіресе жекеменшік балабақшаларға қатысты жиілеген келеңсіз жайттар бұл саладағы түйткілді мәселелерді ашық көрсетті. Осындай келеңсіздіктерден кейін Қызылорда облысында мектепке дейінгі білім беру саласына қатысты жүйелі мониторинг жүргізіліп, саланы түбегейлі тәртіпке келтіру жұмыстары қолға алынды. Аталған мәселе өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте кеңінен қозғалды. Баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялап, саладағы басты кемшіліктерге тоқталды. Сондай-ақ, брифингке Қызылорда облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова мен кәсіпкер, «Шұғыла» балабақшасының құрылтайшысы Сейітқали Алшынбаев қатысып, өз  салалары  бойынша  пікір  білдірді.

Соңғы жылдары елімізде жекеменшік балабақша саны күрт артты. Бұл бір жағынан сұранысты жап­қанымен, екінші жағынан жүйесіз, сапасыз, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін мекемелердің кө­бейіп кетуіне жол ашты. Аймағымызда да бұл үрдіс байқалады. Әлеуметтік желілерде тәрбиешілер тарапынан қатыгездікке ұшыраған балалардың бейнежазбалары жайында да айтпасқа болмайды. Мұндай бейнежазбаларда балалардың психологиялық, тіпті физикалық зорлыққа ұшырап жатқаны ашық көрініп отыр. Өкініштісі сол, бұл – жай ғана келеңсіздік емес, мемлекеттің ең нәзік саласы, бала қауіпсіздігіне жеткілікті бақылау  жүргізбеуінің  салдары.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысында  676  мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр. Бұл  балабақшаларда 50  мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Алайда осы маңызды буындағы білім беру сапасына қатыс­ты алаңдаушылық артып келеді. Себе­бі жүргізілген кешенді жоспарлы  мониторинг барысында бірқатар олқылық пен заңбұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін 94 балабақшаның мемлекеттік тапсырысы тоқтатылды.

Облыстағы мектепке дейінгі ұйым­дардың  464-і жекеменшік бала­бақша санатына жатады. Алайда олардың басым бөлігі тиісті инфра­құрылым талаптарына сай келмейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың айтуын­ша, бұл  мекемелердің тек 75-і ғана типтік жобадағы ғимараттарда орналасқан, ал қалған 389-ы жалдамалы немесе жекеменшіктегі коттедж, тұрғын үй, тіпті бұрынғы сауна секілді ыңғайластырылған нысан­дарда  жұмыс  істеп  тұр.

– Жекеменшік балабақшаларға жүргізілген кешенді мониторинг нәтижесінде бірқатар олқылықтың  беті  ашылды. 2025 жылдың 18 сәуірінен  18 мамырына дейін Қызылорда облысы бойынша 464 жеке балабақшаның 219-ы тек Қызылорда қаласының өзінде тексеріліп, соның ішінен 94 балабақшада анықталған заңбұзушылықтар түзетілмегендіктен, мемлекеттік тапсырыстан шеттетілді. Оның ішінде Қызылорда қаласынан – 44, Жаңақорған ауданынан – 24, Шиелі  ауданынан  26  балабақша қамтылды. Алайда бұл шешім мектепке дейінгі білім беру қызметімен балаларды қамтуға кері әсер етпейді. Қазіргі уақытта облыста 1600-ден астам бос орын бар. Сондықтан норматив талаптарына толық сәйкес келетін балабақшаларға балалар қайта бағытталады. Бұл ретте басты мақсат – баланың сапалы тәрбие мен қауіпсіз ортада тәрбиелену құқығын  қамтамасыз  ету, — деді  басқарма  басшысы.

Сонымен қатар, басқарма басшысы жекеменшік балабақшалардағы өрескел фактілерді де ашық атады. Мәселен, Шиелі ауданындағы «Рая­на» балабақшасында тәрбиеленуші бірнеше жерден тістеліп, «Сыр бола­шағы» балабақшасында бүлдіршін ыстық суға күйіп қалған. Ал «Күнім-ай» балабақшасы жеке көлікпен балал­арды тасымалдау кезінде авто­көлік  жол  апатына  ұшырап,  екі бала ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түскен. Мұндай оқиғалардан  бөлек, бұған дейін баланың тамақтан улануы, тәрбиешінің қол көтеруі, баланы кереуеттен құлатып жарақаттауы сынды деректер де тіркелген. Бұл кейбір жекеменшік балабақша иелері­нің  бала  қауіпсіздігі мен өміріне  атүсті  қарайтынын  көрсетеді.

Бұдан бөлек, асхана, дәрет­хана сынды орындардан да біршама олқылық көрініс тапты. Балалар керуетінің бала санына сай еместігі, асханадағы тазалықты қоя бергенде, бала басына берілетін түскі астың толық қамтамасыз етілмеуі, атап айтар болсақ, жарты келі етпен балабақша тәрбиеленушілеріне асқатық дайындалған сынды келеңсіз жайттар жария болды. Сондай-ақ, соңғы жылдары цифрлық бақылау жүйелері енгізілгенімен, мәселе азайған жоқ. Face-ID мобильді қосымшасы арқылы 2023-2025 жылдары 14 миллиард теңге үнемделген. Медицина­лық анықтамаларды базадан көру мүмкіндігі жалған анықтама жасату әрекеттерінің жолын кескен. Деген­мен, бұл да жеткіліксіз. Жауапты орган қаржыландыру көлемінің арт­қанын алға тартты, 5 жыл бұрын орта­ша есеппен бір балаға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс 24 240 теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 73 мың теңгеге дейін өскен. Алайда, бұл қаражат сапаға әсер етпеген. Мемлекеттік қолдауға қоса ата-ана­дан да төлем алып отырған ұйымдар баланың өмірі мен тәрбиесіне келгенде немқұрайдылық танытып отыр. Бұл ретте Есжанов аталған мекемелерге қатысты қатаң шаралар қолданылатынын  ескертті.

Тағы бір түйткіл – жекеменшік балабақшалардағы жалақы төлеу жүйесі. Көптеген мекеме қызметкерлерге жалақыны қолма-қол беріп, заңсыз жолмен үнемдеуге тырысады. Мұндайда педагог шағым жасау­ға қорқады, себебі «жеп отырған наны» екені белгілі. Ал ата-аналар тарапынан балабақша төлемінің негізсіз көтерілуіне байланысты шағым көбейген. Мұндай заңбұзушылық тіркелген жағдайда, мемлекеттік  тапсырыс  тоқтаты­лады.  Жекеменшік  мектептер  де  бұл қатардан  қалыс  қалмады.  Өңірде  39 жеке мектепте 15 мыңнан астам бала оқиды. Оның 29-ы (74,3%) педагогтердің біліктілік талаптарына сай келмейді. Жалақы төңірегіндегі дау да жалғасып келеді. Кейбір құрылтайшылар «ақша түспеді» деген желеумен мұғалімдерге жалақы бермей отырмыз деп мәлімдеген. Алайда, басқарма жыл басынан бері Қаржы орталығы арқылы қаңтардан мамырға дейінгі 8,2 миллиард теңгені толық аударып  отырғанын  хабарлады.

– Бақылаудың босаңсуы салдарынан келеңсіз жағдайлар да жиілеген. 27 ақпанда «Baiterek School» жеке мектебінде балалардың улану дерегі тіркелсе, 3 мамырда Р.Әлиарыстанұлы атындағы мектептің оқушысы суға кетіп қаза болды. Қауіпсіздік талаптары сақталмай отырған Жаңақорған және Шиелі аудандарында мектеп құрылтайшылары оқушы тарту үшін шалғай ауылдардан балаларды тасымалдау жүйесін жолға қойған. Бұл балалар республикалық трассалар арқылы қатынайды. Қауіпсіздік талаптары мүлде сақталмаған. Бұл жағдайлардың барлығы – пайда табуды ғана көздейтін жүйенің салдары. Бірақ кез келген оқыс жағдайдың зардабы мен сын садағы ақыр соңында білім басқармасына бағытталатыны жасырын емес. Басқарма алдағы уақытта саланы реттеуді күшейтуге ниетті. Басты мақсат – баланың өмірін сақтау, сапалы  білім беру және қауіпсіз  орта  қалыптастыру, — деді  ол.

Брифингте сөз сөйлеген бала құқықтары  жөніндегі  уәкіл мектепке дейінгі ұйым ашуды жай кәсіп­керлік емес, келешек ұрпақ тәрбие­сіне қосыла­тын елеулі үлес деп бағалап, бұл саладағы әрбір бастама жоғары жауапкершілікпен жүзеге асырылуы  тиіс  екенін  атап  өтті.

– Қазіргі уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы зор міндеттердің бірі. Әсіресе, мектепке дейінгі мекемелерде бала құқықтарының қорғалуына айрықша мән берілуі қажет. Өкініштісі сол, соңғы кездері жекеменшік балабақшаларда болған оқиғалар баршамызды алаңдатуы тиіс. Әрбір баланың денсаулығы мен өміріне қауіпсіз жағдай жасау  қай уақытта да басты басымдық болуы керек. Сондықтан бұл мәселеге кәсіпкерлер де, ата-аналар да, құзырлы  органдар да бейқам қарамауы  тиіс. Балабақша ашу – жай ғана кәсіпкерлік бағыт емес, ол  ұрпақ тәрбиесіне қосылған салмақты үлес. Осы орайда әрбір кәсіпкер өз әрекетіне аса мұқият әрі жауапкершілікпен қарауы тиіс. Біз бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде ата-аналармен және тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізуді әрі қарай да жалғастырамыз, — деді  Жақсыгүл  Қоханқызы.

Өз кезегінде кәсіпкер Сейітқали Алшын­баев бала­бақшаларға қатыс­ты белгіленген мемлекеттік талаптарды орынды әрі уақытылы қойыл­ған шара деп бағалады.

 – Бала тәрбиесі – сөзбен емес, іс-әрекетпен дәлелденетін аса маңызды міндет. Әсіресе, мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде әрбір баланың қауіпсіздігі, денсаулығы, дұрыс тәрбиеленуі мен сапалы білім алуы – негізгі мақсат. Мен бұл саланың қыр-сырын жақсы білемін, ұзақ жылдан бері балабақша ашып, оны дамыту жолында еңбек етіп келемін. Сол себепті де балабақшаны тек бизнес көзі ретінде қарауға болмайды. Бұл – ел ертеңі саналатын жас ұрпақтың тәрбиесіне бағытталған шынайы инвестиция. Бүгінде мемлекет тарапынан балабақшаларға қойылып отырған талаптар орынды әрі қажетті. Себебі ата-ана баласын сеніп тапсыратын орын, ең алдымен, қауіпсіз орта болуы тиіс. Осыған байланысты кәсіпкерлерге артылар жауапкершілік те ауқымды. Біз тек жайлы орта қалыптастырумен шектелмей, тәрбиелеу мен оқыту сапасына да ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мұнда тәрбиешілердің кәсіби шеберлігі, материалдық-техникалық база, санитарлық талаптардың орындалуы, өрт қауіпсіздігі сынды мәселелердің бәрі ескерілуі қажет. Мен әрдайым балабақшада тәртіп пен талаптың қатар жүруі керек деп есептеймін. Тек сонда ғана біз ата-аналардың сеніміне ие болып, балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта ұсына аламыз. Сондықтан әрбір кәсіпкер мен балабақша басшысы өз ісіне ерекше жауапкершілікпен қарап, баланың амандығы мен қауіпсіздігін, сапалы тәрбиесін басты орынға қоюы тиіс. Себебі біз – болашақ буынның  іргетасын  қалап жатқанымызды  ешқашан ұмытпауымыз  керек, — деді  Сейітқали  Бегманұлы.

Қорыта келе, балабақша ең нәзік сала болса, сол нәзік саланың қай кезде де мықты болуы шарт. Өрес­кел оқиғалар болса, түзетулер талап етілетіні анық. Бала – болашақтың аманаты, келешек тұлға, сол себепті де баланы тәрбиелейтін бірден-бір орын  отбасыдан кейін балабақша десек, сол балабақшада бейбере­кеттік былықтардың болмауын бір­тұтас қоғам болып  талап  етуіміз  орынды.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: