Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарлығаштың ұясы

22.07.2025, 11:15 254

HALYQLINE.KZ

Нағашы атам Бесбайдың шаңырағына жылда қарлығаш ұшып келіп, балапан басатын.

Біз бір ауылда тұрғандықтан, жиі барып, қарлығаштың ұясын қызықтаймыз. Балапанын қолмен ұстағымыз келеді. Сонда нағашы атам қарлығаш емін-еркін ұшып жүруі үшін есікті жаптырмайтын.

«Қарлығаш келсе, құт келеді. Киелі қанаттыны мазаламандар» деп ескеретін.

Айтқандай, қарлығаштың ұясы қарапайым балшық пен шөптен жасалғанымен, ішіндегі тыныштық пен үйлесім – тұтас бір әлем. Түнімен қанатын қағып, шөп теріп, бір талды әкеліп жапсырып, жүздеген рет қайталап жүріп ұясын салады. Сабырмен. Сеніммен. Үмітпен.

Нағашы атам айтатын:

– Қарлығаш бір үйге ұя салса, сол үйге жақсылық тұрақтайды. Ұясын бұзба, обал болады, — деп.

Бұл жай ғана ырым емес еді. Бұл – өмірге деген құрметтің көрінісі, белгісі, нышаны.

Қарлығаш ұясы – біз үшін тұрмыстық белгі емес, рухани жауапкершілік. Ол ұяны қабылдау – құсқа ғана емес, жанға пана болуға дайын екеніңді білдіру.

Кейде адам жаны да сондай бір ұя іздеп жүреді. Шағын, бірақ сенімді. Мықты емес, бірақ жылы.

Қарлығашқа ұя салуға рұқсат беру – бұл өмірге «қош келдің» деу секілді.

Біз ұя салуға мүмкіндік берген сайын, өзіміздің ішкі рухымыз да бекиді.

Қарлығаш ешқашан екі үйге қатар ұя салмайды. Бір шаңырақты таңдайды.

Ол таңдау – құр сәттілік емес. Мүмкін, табиғаттың сенім артқан белгісі шығар?

Расында, қарлығаштың ұясы – шаңыраққа салынған сенім.

Оны бұзу – тек құстың мекенін қирату емес.

Бұл – үміттің іргесін шайқау.

Қарлығаш – қазақтың болмысымен біте қайнасып кеткен киелі бейне. Көкте қалықтап жүрген құс қана емес, тұрақтылықтың, сенімнің, үміттің символы.

Қазақ ұлттық ою-өрнегінде де қарлығаш бейнесі жиі кездеседі. Қанатын жайған қарлығаш – еркіндік пен үйлесімнің, отбасы мен татулықтың нышаны. Тіпті кестеде, сәукеле мен кілем өрнегінде де қанат бейнелі элемент осы құстың рухын сездіреді.

Сөздік қорымызда да қарлығаш бейнесі фразеологизм арқылы өмір сүріп келеді:

«Қарлығаштай қалықтау», «Қарлығаштың қанатындай нәзік», «Қарлығаштың ұясындай» деген тіркестер адамның сұлулығын, нәзіктігін, бірлігін, шаңырақтың берекесін сипаттайды.

Жер-су атаулары арасында да «Қарлығаш», «Қарлығаш сайы», «Қарлығаш жайлауы» сынды топонимдер бар. Бұл – қазақтың табиғатпен етене өмір сүргенінің және осы құсты ерекше құрмет тұтқанының дәлелі.

Қазір қарлығашты құрмет тұта алып жүрміз бе? Мәселе осында…

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: