«Бала – болашақ» дейміз. Бірақ сол болашаққа баланың өзімен емес, оның тағдырын жалғыз арқалап келе жатқан анамен ғана бас иетін жағдайлар қоғамда жиілеп барады. Бүгінде Қазақстанда некенің бұзылуы үйреншікті статистикаға айналған. Ажырасуда ер мен әйелдің қарым-қатынасы тоқтағанымен, ата-ана рөлі жоғалмайтыны анық. Десе де, көп жағдайда бұл жауапкершілікті бір тарап, яғни ана ғана көтеруде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары елімізде баласын жалғыз асырап отырған аналар саны айтарлықтай артқан. Алайда бұдан да сорақысы, өз баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер қатарының көбеюі. Олар тек баладан ғана емес, әкелік борыштан, сондай-ақ, азаматтық және адамгершілік жауапкершіліктен де бас тартып отыр.
Алимент – бұл жай ақша емес. Дәлірек айтқанда, баланың күнделікті өміріне қажетті киімі, тамағы, білімі, медициналық күтімі, психологиялық жай-күйі екені рас. Бұдан бөлек, алимент – баланың өзін қажет, бағалы тұлға ретінде сезінуінің де көрінісі. Ал алименттен жалтару – тек материалдық тапшылық емес, жетімдіктің, жалғыздықтың, жоқшылықтың жаңа формасы. Әкелігін заң алдында мойындап, есімін баланың туу туралы куәлігінің тегіне тектеп жаздырғанымен, оның алдындағы азаматтық борышын өтеуден бас тартқан әрбір әке – қоғамдағы «жетімдер» санын көбейтуші. Өкінішітісі сол, жетімханаларда емес, тірі ата-ананың көлеңкесінде өскен, әкесінің мейірімі мен көмегіне зәру балалар, айтуға ауыр болса да «тірі жетімдер» ұрпағы осылай қалыптасады. Алимент мәселесі – бұл бір отбасының немесе екі адам арасындағы дау ғана емес. Сондай-ақ, қоғамдағы заң үстемдігіне, әлеуметтік әділеттілікке, моральдық жауапкершілікке қатысты күрделі, кешенді проблема. Бүгінгі мақаламыз да осы мәселенің маңайында болмақ.
МІНДЕТ ПЕ, МӘЖБҮРЛІК ПЕ?
ҚР Отбасы кодексінде нақты жазылған: әрбір ата-ана өз баласын асырауға, оның өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға міндетті. Бұл – заңдық норма ғана емес, адами һәм моральдық борыш. Алайда бұл талаптың заңмен бекітілуі оның орындалуына кепіл емес. Өкініштісі сол, елімізде көптеген әке бұл міндетті өз еркімен емес, мәжбүрлікпен қабылдайды. Олар алиментті баланың болашағына салынатын инвестиция деп емес, бұрынғы жарымен есеп айырысудың амалы ретінде көреді. Мұндай немқұрайды көзқарас тек құқықтық сауатсыздықтың көрінісі емес, азаматтық ұстанымның таяздығын да айғақтайды.
Ал заңның пәрмені, атқарушы тетіктердің әлсіздігі мұндай жауапсыз пиғылды өзгертуге қауқарсыз. Нәтижесінде, шын мәнінде, жапа шегетін – бала. Әкесінің қамқорлығын көрмеген, материалдық тұрғыдан шектеуде өскен бала тек тапшылықпен емес, ішкі күйзеліс, сенімсіздікпен өседі. Жауапсыз бір әкенің әрекеті бір ғана баланың емес, бүтін бір буынның ішкі әлеміне салынған сызат екенін ұмытпауымыз керек. Дегенмен, бұл сызат кездейсоқ емес. Ол әдейі жасалған заңды айналып өту айласынан бастау алады.
ӘКЕЛІКТЕН ҚАШҚАН АЙЛА: ТАБЫСТЫ ЖАСЫРУ – ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУ
Алимент төлеуден жалтару – бүгінгі күннің ең өзекті әлеуметтік проблемаларының бірі. Борышкер әкелердің басым бөлігі өздеріне заңмен жүктелген міндеттен қашудың жолын әбден меңгеріп алған. Кейбірі ресми жұмысқа тұрмай, табысын қолма-қол алып, ешқандай бухгалтерлік есепте көрінбеуге тырысады. Енді бірі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзін «залал шеккен, кірісі жоқ тұлға» ретінде көрсетеді. Ал кейбір жағдайда, алимент төлемеу үшін жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын туыстарының атына рәсімдеп, қасақана жауапкершіліктен сытылып кетеді.
Бұл жеке адамның заңнан қашуы емес, тұтас бір құқықтық жүйеге деген сенімнің құлдырауы десек, артық емес-ті. Заңды айналып өтуді шебер меңгерген азаматтардың әрекеті қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік сезімін күшейтпек. Жауапкершіліктен қашқан әкені көріп өскен бала ертең еркектен қандай үлгі алады? Баланың алдындағы борышты өтеуден жалтару әке атына кір келтіріп қана қоймай, ұрпағының санасында «еркек – жауапсыз» деген ұғымның тамыр жаюына жол ашады. Уақыт өте бұл сенімсіздік тек бір отбасында емес, тұтас қоғамда ер-азаматтың рөліне деген көзқарасты көмескілендіретіні анық. Мұндай түсінік қоғамға сіңе берсе, болашақ ұрпақтың бойынан азаматтық биіктік, әкелік тұлға табылар ма? Алимент – тек құқықтық міндет емес, баланың психологиялық амандығына да тікелей әсер ететін фактор. Бұл құбылыстың бала психологиясына тигізер әсерін саралау үшін біз балалар және жасөспірімдер психологі Гүлдана Бабаомарованың пікіріне жүгіндік.
Психологтің пайымдауынша, әкелік міндет тек қаржылық қамтамасыз етумен өлшенбейді. Сонымен қатар, эмоционалдық қолдау мен тұрақты психологиялық қауіпсіздік ортасын қалыптастырумен өлшенетін ұғым. Бүгінде көптеген әке алиментті төлеуді бұрынғы жарымен есеп айырысу деп қабылдайды. «Балам үшін емес, анасын байытпау үшін төлемеймін» деген түсінік – баланың психикасына тікелей соққы.
– Шын мәнінде, алимент – ананың емес, баланың құқығы. Ал бұл құқық бұзылған сайын, баланың ішкі жан дүниесінде реніш, өзін қажетсіз сезіну, эмоционалды жалғыздық қалыптасады. Өз кезегінде бұл – реактивті агрессия, тұлғалық сенімсіздік, привязанность (байланыс) бұзылысы сынды психологиялық қиындықтардың алғашқы себебі.
Балалық шақта әкенің мейірімінен, қорғанынан айырылған бала өсе келе өзін қоғамнан оқшау сезіне бастайды. Өйткені ол ер адамның бейнесін қатыгез, жауапсыз кейіпте танып үлгереді. Мұндай тәжірибе баланың тұлғалық қалыптасу жолында эмоциялық жара қалдырады. Бұл жара тереңдеп, кейін социофобияға, бейімделу дағдарысына, тіпті деструктивті мінез-құлыққа әкелуі әбден мүмкін.
Оның үстіне, балаға көңіл де, көмек те көрсетпеген әке бір сәтте қайта пайда болып, «мен саған керекпін» десе, бұл баланың ішкі күйзелісін тіпті күшейте түседі. Себебі бала сенуге қорқады. Нәтижесінде, ол ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тұлғалық дезадаптациямен өмір сүріп, өз болашағына сенімсіз, қоғаммен қатынаста тұйық болып қалыптасады.
Сондықтан әкелікті тек биологиялық тұрғыдан емес, әлеуметтік-психологиялық жауапкершілік ретінде қабылдайтын уақыт келді. Баланың жүрегі бәрін сақтап қалады. Жоғалған балалық сенім кейін қалпына келмейді. Әке баласымен қарым-қатынасты ақша арқылы емес, тұрақты қатысу арқылы құра алады. Ал алимент сол қатысудың ең аз өлшемі ғана, — дейді маман.
Әкелікті ақшаға теңеу – адасқан ұғым. Бірақ ақша да – қамқорлықтың бір формасы. Ендігі кезекте қамқорлықты ысырып қойғанда, заң алдындағы жүктемесінен жалтарғандарға қандай қылмыстық жауапкершілік не жаза тағайындалмақ? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрелік.
БАЛАДАН БЕЗГЕН ӘКЕ ЗАҢ АЛДЫНДА ДА, АР АЛДЫНДА ДА АЙЫПТЫ
ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабында кәмелетке толмаған баласын асыраудан әдейі жалтарған тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни, бұл әрекет жай азаматтық құқықбұзушылық емес, заң тілімен айтқанда, қасақана жасалған қылмыс болып есептеледі. Мұндай әкелерге 120 сағаттық қоғамдық жұмыс, бас бостандығын шектеу, тіпті 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да көзделген. Алайда мәселе – заңда емес, оның орындалуында. Іс жүзінде бұл бапқа сүйене отырып қылмыстық іс қозғау сирек тіркеледі. Сот шешімі шыққанымен, оны орындау – өз алдына бөлек проблема. Көп жағдайда бұл процестер ұзаққа созылады, қағазбастылық пен сот орындаушыларының дәрменсіздігі салдарынан аналар алименттің орнына жүйке тоздырумен, үміт жоғалтумен ғана қалады. Алимент өндіру сот шешімінен басталмауы керек, ол мемлекеттің тиімді бақылау тетігімен және нақты механизммен қамтамасыз етілуі қажет.
Ал заң алдындағы жазадан тайқып кеткен адамның ар алдындағы жауапкершілігі одан да ауыр. Әкеліктен бас тарту – тек моральдық әлсіздік емес, азаматтық ар-ожданнан айрылудың көрінісі. Мұндай әрекет бала тағдырына, ана өміріне, тіпті тұтас қоғамның әлеуметтік көрінісіне әсер ететінін ұмытпаған жөн. Осы тұрғыда, мемлекет тек жазалаушы орган емес, алдын алушы, тәрбиелеуші, бағыттаушы құрылым ретінде әрекет етуі тиіс. Заңның күшімен қатар, ақпараттық түсіндіру, отбасылық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық қысым тетіктерін іске қосу – бұл күрделі мәселені шешудің көпжақты жолы. Осы орайда, құқық қорғаушы маманның пікірін тыңдау артық етпес. Алимент өндірудің, тиісінше өндірілмеген жағдайда қандай қылмыстық жазалардың күтілуін «MARKIZANT» Заң қызмет көрсету орталығының заңгері Наурыз Ыдырыстан сұрап білдік.
– Жалпы, «алимент» ұғымына толығырақ тоқталатын болсақ, латын тілінен аударғанда «азық-түлік», «қамтамасыз ету» деген мағына береді. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына қамқорлық жасауға, оларды асырауға міндетті. Ал, осы аталған алиментті өндірудің 2 жолы бар. Бірінші әрекет – ерікті түрде төлеу (келісім арқылы), ҚР 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 157-бабында: Алимент төлеу (алименттің мөлшері, оны төлеудің шарттары мен тәртібі) туралы келісім алиментті төлеуге міндетті адам мен оны алушының арасында, ал алиментті төлеуге міндетті адам немесе алимент алушы әрекетке қабілетсіз болған кезде, осы адамдардың заңды өкілдерінің арасында жасалады делінген. Осыған сәйкес ата-аналар өзара келісіп, нотариалды түрде бекітілген алимент төлеу туралы келісімшарт жасай алады. Бұл құжат заңды күшке ие және сотқа жүгінудің қажеті болмайды.
Ал екінші әрекет – сот арқылы өндіру. Егер тараптар келісімге келе алмаса, алимент өндіру туралы арыз сотқа беріледі. Сот алимент мөлшерін бала санына қарай есептейді. Мысалы, барлық табысының және өзге де кірісінің: 1 балаға – табыстың 1/4 бөлігі, немесе 25%, 2 балаға – табысының 1/3 бөлігі, немесе 33%, 3 және одан көп балаға – табысының 1/2 бөлігі немесе 50% алынады. Сот алимент өндіру туралы бұйрық шығарғаннан кейін, талап қоюшының өтініші негізінде ол құжат соттың аумағына қарай тиісті әділет органына немесе жеке сот орындаушылар палатасына жолданады. Ал жеке сот орындаушысы атқарушылық құжатты алған соң, үш жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді бастап, қаулы шығарады. Бұл әрекет «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 37-бабына сәйкес жүзеге асырылады, — дейді заңгер.
БЕЙҚАМ ӘКЕГЕ – БАЙЫПТЫ ЖАЗА. ЗАҢДАҒЫ ТЕТІКТЕР ІСКЕ АСА МА?
Ал, осы аталған алиментті төлемей, баланың алдындағы парызын, заң алдындағы борышын өтемей жүрген әке атауын арқалаған азаматтарға қандай қылмыстық жаза жүктелмек?
– Егер алимент төлеуші өз міндетін орындамаса, сот орындаушы заңға сәйкес мәжбүрлеп орындату шараларын қолданады. ҚР «Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңына сәйкес, бұл шаралар мыналарды қамтиды: борышкердің банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу; жылжымалы және жылжымайтын мүлкін тәркілеу; белгілі бір іс-әрекеттерге тыйым салу (мысалы, мүлікті иеліктен шығару); мүлікке сүргі салу және құқық белгілейтін құжаттарды алып қою; үшінші тұлғалардың борышкерге ақша немесе мүлік беруіне шектеу қою. Қажет жағдайда бірнеше мәжбүрлеу шарасы қатар қолданылуы мүмкін. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабына сәйкес, сот шешімін орындамаған жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамақ жазасы қолданылады. Заңды тұлғалар мен лауазымды адамдар үшін бұл айыппұл көлемі әлдеқайда жоғары. Ал ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабында алименттен қасақана жалтару қылмыс ретінде қарастырылған. Егер борышкер алиментті 3 айдан астам төлемесе, оған 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады, — дейді Наурыз Сәкенұлы.
ТҮЙІН. Бәрін айт та, бірін айт, осы өзекті мәселелердің әлі күнге дейін өткір екендігі күн өткен сайын көзімізді жеткізуде. Өкінішті тұсы да осы. Жауапкершілік деп жар салғанымызбен, сол жауапкершілікті жамылып, әке атын арқалап, тиісінше, қарама-қайшы өмірді сүріп жүрген азаматтар легінің қоғамда әлі де көптігі жаныңды ауыртады. Бұрындары «безбүйрек ана» деп айқай салсақ, қазір қоғам көзқарасы «безбүйрек әкелерге» бет бұрған.
Бүгінгі қоғамда «әкелік» – жай мәртебе емес, терең жауапкершілік жүгін арқалаған ұлы ұғым. Бұл ұғымнан бас тарту – тек заң алдындағы міндеттен жалтару емес, бала тағдырын, бүтін бір ұрпақтың ішкі әлемін тәрк ету. Қағазда әке атанса да, өмірде баласына бөтен болып кеткен ер-азаматтардың көбеюі – ұлттың рухани әлсіреуінің көрінісі. Мемлекет, қоғам, заң – барлығы да бірлесіп, бұл дерттің алдын алуға күш салуы қажет. Бірақ, бәрінен бұрын бұл – ар алдындағы, әкелік ар-намыс алдындағы күрес.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!