Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Келешектің» келешегі қандай?

17.07.2025, 8:00 170

Мемлекет басшысының қолдауымен осыдан екі жыл бұрын білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде «Келешек» бірыңғай ерікті бағдарламасы қолға алынған болатын. Иә, аты айтып тұрғандай баланың  болашағына инвестиция құюды оның небәрі  5 жасынан бастау керек екенін түсіндіріп, ел экономикасының өркендеуіне басты себептердің бірі деп қарастырылған бұл бағдарламаның берер мүмкіндіктері жоғары десек болады. Неге? Себебі, білімді жастардың қатарын арттыру, елімізде білікті мамандарды даярлау ел келешегі үшін маңызды.

Осы тұрғыда, «Келешек» бағдарламасының жай-жапсарына зер салғанды жөн көрдік. Себебі халық үшін жаңа, әлеуметтік маңызы зор бастама болғандықтан, қоғам тарапынан көптеген сұрақ туындауы мүмкін. Қандай сауал десеңіз? Бұл бағдарламаға қалай қатысуға болатынын, оған қандай құжаттар мен талаптар керектігін, есепшот ашу алгоритмі мен шарттарын, сонымен қатар, серіктес банктер мен сақтандыру компаниялар тізіміне байланысты алғашқы бірнеше сауал туындайтыны анық. Осы ретте, «Келешек» бағдарламасы негізінде ақпарат алу мақсатында Қызылорда облыстық «Отбасы банк» филиалының басшылығымен байланысқан болатынбыз. Олардың мәліметінше, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылғаннан аймақ тұрғындары арасында 781 шот ашылған. Дегенмен, ай соңында толық статистикалық мәлімет шығып, жарияланатын көрінеді. Десе де, шот ашып, баласының біліміне қаржы құ­йып жатқан тұрғындардың саны көбейе түскені көңіл қуантады. Себебі, бұдан халықтың сауалдары­на жауап беріп, түсіндірме жұмыстары пәрменді жүргізіліп жатқанын байқауға  болады.

Хош. Ендігі бұқараның басты сауалдарына тоқталып, бағдарлама негізіне қысқаша шолу жасап өтейік. «Келешек» жүйесі жыл сайын 5 пайыздық мемлекеттік сыйлықақы, ал халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 7 пайыздық мемлекеттік сыйлықақы көзделген қолданыстағы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесімен бірге балаңыздың болашағы үшін қаражат жинақтауға мүмкіндік береді. Яғни, қаржыны техникалық және кәсіптік білім алуға, орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алуға және жоғары оқу орны­нан кейін білімін жетілдіруге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға қолдануға бола­ды. Сәйкесінше, бұл бағдарламаға қатысу не қатыспауды ата-ананың өзі шешеді. Себе­бі, 5 жастан бастап білім капиталына ақша аудару­ға мүмкіндік берілген. Сонымен, келешек шоттарын екінші деңгейдегі банктерде және балаларға арналған МБЖЖ қатысушылары болып табылатын сақтандыру компания­ларында ашуға болады. Яғни, қазіргі уақытта МБЖЖ саласындағы белсенді серіктестер: «Отбасы банкі», «Халық банкі», «Jusan bank», «Нұрбанк» және т.б. Бүгінде бағдарламаны іске асыруда «Отбасы банк» жұмысы қызу жүргізілуде. Айта кетейік, мемлекет балаларға «Келешек» бағдарламасы аясында «AQYL» депози­ті  арқылы  қаражат  жинақтайды.

— 2025  жылдың  бірінші  жартыжылды­ғында 5 жасқа толатын балалардың ата-ана­лары ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап  30 маусымына дейін otbasybank.kz порталындағы Жеке кабинетте «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қоюлары арқылы қабылданды. Бұл жағдайда бастапқы білім беру капиталы қолданыста­ғы  депозитке  есептеледі. Ақша 2025 жылдың  31  тамызына  дейін  түседі. Шілде  айы­ның 1-і мен 31 желтоқсан аралығында  5 жасқа толатын балалар да биылғы  жылы  қосымша келісімге қол қоюына болады. Яғни, 5 жасқа енді  толатын балалар үшін қаражат 2026  жылдың  28  ақпанына дейін  түседі. Мемлекет  тарапынан  салынған қаражатты сақтау үшін ата-­аналар «AQYL» депозитіне бала­лары  кәмелетке  толғанға дейін немесе білім беру ұйымы­на  түскенге  дейін  жыл  сайын  жарна  салып  тұрулары  қажет. Бір жылдағы ең төменгі жарна – 24 АЕК, яғни 94 368 теңге. Халықтың әлеу­меттік осал топтары санатындағы бала­лар үшін 12 АЕК немесе 47 184 теңге. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға ашылған «AQYL» депозитіне жыл сайын міндетті жарналар салудың қажеті жоқ, — дейді Қызылорда облыстық «Отбасы  банк»  директоры  Әділжан Рахымжанұлы.

 Иә, айтып өткеніміздей, бастапқы капитал, ата-аналардың жарналары, банк сыйақысы және мемлекеттік сыйлықақы «AQYL» депозиті­нде біріктіріліп жинақталады. Бала мектеп бітірген сәтте, бұл соманы Қазақстанда немесе шетелде білім алу ақысын төлеуге қолдануға  болады. Егер депозит ұстаушы білім беру грантын алса, онда диплом алынғаннан кейін депозитте жинақталған қаражатты (банктің капиталдандырылған сыйақысын, мемлекеттік сыйлықақы мен бастапқы білім беру  капиталын ескере отырып) келесідей пайдалануға  болады:

1. Білім беру жинақтау салымында қаражат жинақтауды жалғастыра беруге болады.

2. Жинақтарды аға-бауырларға, апа-сіңлі­лерге, туыстарға, достарға және т.б. беруге бола­ды.

3. Білімнің басқа деңгейлі түрлерін алу мақсатын­да білім беру қызметтеріне ақы тө­леу­ге  болады.

4.  Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін Отбасы банкіндегі депозитке қаражат аударуға болады.

Сондай-ақ, жинақталған қаражатты қорғау жүйесі де қарастырылған. Бағдарламаның артық­шылығы – осы. Ал бұл бастамада ел экономи­касы тығырыққа тірелмей ме? Қаншалықты, қай уақытқа дейін тиімді болмақ? Осы тұрғыда, қаржы сарапшыларының пікірі өте  маңыздырақ.

— «AQYL» депозиті немесе кез келген банк арқылы жылына бер рет берілетін мемлекеттік сыйлықақының мөлшері өте жоғары көрсеткішпен, қанағаттанарлықтай етіп берілуде деп айтуға болады. Бұл ел экономикасын құлдыратады немесе тиімсіз деуге келмес еді. Неге? Себебі, бала – біздің болашағымыз, келешек өміріміздің жалғастырушылары. Әрі қарай да, біздің балаларымыздың балалары осы жолмен кететіндіктен, еліміздің жандануына, құлдырамауына өте пайдасы мол деп айтар едім. Бұны баланың болашағына қатысты қаржылық жоспар деп те қарастыруға болады. Өйткені, сіз 5 жастан бастап жинасаңыз, алатын ақшаңыздың мөлшері көптеу болатыны анық. Ал 10 жастан бастасаңыз, көптеу сома құятыңыз белгілі. Дегенмен, мемлекеттік сыйлықақылар беріле береді. Тіпті, бала 5 жасқа толмаса да, асып кетсе де, депозитті ашып қоюға болады. Сондықтан, бұл бағдарлама арқылы бала болашағына бейжай қарамауды, уақытылы ақша жинауды үйренесіз, — дейді қаржы сарапшысы Балдырған  Мәмен.

Айта кетейік, «Келешек» бірыңғай жинақ­тау жүйесіне ұлттық қор балаларға арналған жүйесінің шотына түскен қаржыны аударып, барлығын бір мақсат-мүддеге пайдалануға бола­ды.

Қорыта келе, жыл сайын елімізде демографиямыз өсіп келеді. Жыл сайын мыңдаған оқушы мектеп бітіріп, мыңдағаны бір сала маманы атанып жатады. Әйтсе де, ел эконо­микасында жұмыссыздық пен білім сала­сындағы грант мәселелері қашанда өзекті. Осыны ескерген мемлекет басшысы жолдауында: «Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капита­лы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қара­жаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» деген болатын. Соған сай, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі де өз кезегінде іске  қосы­лып, біршама  ұрпақтың  болашағына  шырақ  жағып  үлгерді.

О.ТЕМІРҒАЛИ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: