Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтар бір-ақ сәтте солтүстікке ағылатын ұсыныс айтылды

09.07.2025, 10:00 406

Көшті қазағының пайызы ең төмен аудандарға ғана бағыттау ең дұрыс шешім саналады. Әрі ғасырлық маңызға ие – Солтүстікке көш мәселесіне өте қағілез әрі іскер адамдарды жауапты ету де өте маңызды.

Қаламгер, лингвист, тарихшы-шежіреші Көкбөрі Мүбарак Солтүстікке көшті оңдаудың  17 жолын айтып берді. Ол бізбен әңгімесінде нақты статистикалық деректерді де «сөйлетті». Тарихшы «Қазағы мол аудандар бірден ұлттық атауға ауысуы тиіс» деп есептейді. Өйткені, онда басқа атауларды иеленген  ғимараттар, көше  атаулары мен  ауыл-аймақтар  баршылық.

БІЗГЕ  ҮШ  ҚАЙНАСА  ДА  СОРПАСЫ  ҚОСЫЛМАЙТЫН  ЖАТ  ЕСІМДЕР  БАР

Көкбөрі Мүбарак «тұрғылықты байырғы халқы аз аудандарға нақты қанша адам апару керек, қанша үй дайын болуы керек, қанша жер мен ақша бөлінуі тиіс?» деген секілді мәселелер нақты есептелгені дұрыс» деп санайды. Сондай-ақ, кейіпкеріміз бірқатар аудан халқының пайыздық  өлшемін  шығарып,  тиімді  тұстарын  атады.

– Солтүстік Қазақстан  (Қызылжар)  облысының  Айыр­тау ауданында 39,8 пайыз қазақ бар. Бұл ауданға оңтүс­тіктен   немесе  шетел қазағынан 10 мың тұрғын әкелсек, лезде қазақ 53,9 пайыздық өреге көтеріледі. Бұған де­йін 47,06 пайызын ұстап келген орыс ұлтының өкілдері 35,7 пайызға төмендейді. Аққайың ауданында 34,3 пайыз қазақ бар. Бұл  ауданға оңтүстіктен  немесе  шетел қазағынан 10 мың тұрғын көшірсек, лезде қазақ 57,6 пайыздық межеге көтеріледі. Сонда бұған дейін 43,5 пайыз болған орыс ұлты­ның өкілдері 28,1 пайызға күрт төмендейді. Қостанай облысының Фёдоров ауданында небәрі 17,46 па­йыз қазақ  қоныстанған. Бұл ауданға оңтүстіктен немесе шетел қазағынан 20 мың тұрғын апарар болсақ, қазақ лезде 55 пайыздық деңгейге көтеріледі. Бұған дейін 39,73 пайыздық орыс ұлтының өкілдері 21,7 пайыз болса, аудан халқының 24,8 пайызы – украин ұлтының өкілдері 13,5 пайызға төмендейді. Бұл – бірнеше мысал. Әрі қарай жаңағы айтылған аудан атын бірден өзгертсек те жара­сып тұр. Мысалы, Фёдоров – бізге үш қайнаса сорпасы қосылмай­тын  жат  есім, — дейді  ол.

КӨШТІ ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ АЗ АУДАНДАРҒА ШОҒЫРЛАНДЫРУ КЕРЕК

Көкбөрі Қизатұлының сөзінше, Солтүстік өңірлерді қанша жерден қазағы аз десек те, кейбір ауданында қазақт­ар жоғары салыстырманы ұстайтындықтан, ол аудандар­ды осы көш бағдарламасына қоспай, уақыт пен шығынды үнемдеп, қалған аудандағы халық санын реттеу­ге күш салған жөн.

– Мысалы, қазақтар Солтүстік Қазақстан (Қызылжар) облысының  Ақжар  ауданында  онсызда 78,4 пайыз тұрады. Сол секілді, Ш.Уәлиханов ауданында 89,8 па­йыз  қазақ  бар. Қостанай  облысының  Аманкелді  ауданында – 98,4%, (Жанкелді ауданы – 99,7, Наурызым  ауданы – 72,3),  Арқалық   қаласында  79,8  пайыз  қазақ  қоныстан­ған.  Сондай-ақ, Павлодар (Керегежар) облысының Ақтоғай ауданында – 76,4, (Баянауыл – 90,2, Ертіс– 54,9, Аққулы – 82,1, Май – 86,3), Ақсу қаласында – 59,8, Екібастұз қаласында 61,8 пайыз қазақ өмір сүріп жатыр. Ақмола (әсілі, Ақмол) облысының Біржан сал ауданында – 63,5, Ерейментау ауданында – 67,6, Зеренді ауданында – 67,1, Қорғалжың ауданында – 88,1, Целиноград ауданында 81,4 пайыз қазақ болса, Көкшетау қаласының 59,3 пайызын қазақтар ұстайды. Осы аталған қазағы мол аудандарды уақытша тізімнен шығара тұрып, көшті қазақ ұлтының өкілдері аз аудандарға шоғырландыру керек, — дейді  тарихшы-шежіреші.

ҚАЗАҒЫ  МОЛ  АУДАНДАР  БІРДЕН ҰЛТТЫҚ  АТАУҒА  АУЫСУЫ  ТИІС

Қаламгер-тарихшы ұсынған Солтүстікке көшті оңдаудың үшінші жолы елордаға қатыс­ты. Рас, Астана – күннен-күнге кеңіп, жаңа көркейіп, гүлденіп келе жатқан қала. Әрі қаланың маңындағы ауылдарға үсті-үстіне төгіліп жатқан жаңа қоныстанушылардың саны өте көп. Кейіпкеріміз сол себепті «қала маңындағы ауылдардың көбін қазағы көп Целиноград ауданына ғана қарасты етпей, орталық қалаға жақындау тұрған қазағы аз Аршалы ауданы мен Шортанды ауданының әкімшілік картасына бас қаланың маңындағы ауылдарды қосып  беру  керек»  деп  есептейді.

Әрі Қарағанды облысы мен Шығыс Қазақ­стан облысының қазағы шоғырланған, ұлттық мәдениеті дамыған жерлері көп бола тұра, аталған өңірлердегі мына аудандар ішінара солтүстікке бағытталатын қоныстанушылардың орналасу орындары тізіміне енуі тиіс:

– Қарағанды облысының Абай ауданы, Сары­бел (Осакаров) ауданы, Шахтинск қаласы, Саран  қаласы,  Теміртау  қаласы;

– Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданы, Глубокое ауданы, Шемонаиха ауда­ны, Риддер  қаласы,  Өскемен  қаласы.

«Қазақ ұлтының саны мол аудандардың атауы бірден ұлттық атауларға ауысуы тиіс». Дәл осы пікірдің иесі – лингвист Көкбөрі Қизат­ұлы. Оның  пікірінше, бұлай  жасауға  негіз  де  бар.

– Бұл қатарда Қарағанды облысының қазағы қалың Приозёрск қаласының атын, Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарағай ауданының атын реттеу керек. Катон сөзі бір қара­ғанда бөгде тіл сияқты әсер береді. «Катон» атауын жергілікті Қатын өзенімен байланыс­тырған күнде де сол аудан тұрғындарының кез келген жерде айтуына ыңғайсыздық тудырады. Атымтай Айсе­кен деген кісінің Катон-Қара­ғай ауданының әсілгі аты Қотан-Қарағай екені тура­лы жазған мақаласы шартарапқа тара­ған болатын. Катон-­Қарағай ауданының атын «Қотан­қарай» деп немесе аудан орталығы болған Үлкен-Нарын кентінің аты бойынша «Нарын ауданы» деп, ауданның қазіргі атауына аты жақын Балқарағай ауылының атымен атауға да, жергілікті үлкен су қайнары болған Жеті-Қабаның бірі болған Қара-Қаба өзенінің атымен  атауға  да  болады, — деді  ол.

«ӨЗ ХАЛҚЫН  ӨЗІНЕ  КӨШІРУ»  АТТЫ  БАСТАМА  ЖЕМІСІН  БЕРЕДІ

Негізінен, атом энергиясы, кен орындары­ның кесірінен болған экологиялық ортасы ауыр дәрежеде ластанған өңірдің адамдарын қорғау, оларды да солтүстікке көш бағдарламасының игіліктенушілері ретінде 250 мыңға жуық қазақ тұратын Семей қаласы тұрғын­дарының біршама мол бөлігін Шығыс Қазақ­стан облысының Алтай тауы бөктеріндегі таби­ғаты көркем әрі таза, десе де қазағы тым аз аудандарға орналастыруға болады. (Адам саны аса көп болмағанымен де, Бесқарағай ауда­ны, Алтай ауданы мен Курчатов қаласының тұрғындарының біршама бөлігін де солай жасауға болады). Мұнан өзге «мұнайлы аймақ» деп есептелетін Атырау, Маңғыстау облысының экологиялық ортаның бұзылуынан зардап шеккен және алда зардап шегуі мүмкін болған орындарындағы тұрғындарын да осы көштің құрамына  алуға  негіз  бар.

Осы орайда, тарихшы «өз халқын өзіне көшіру» атты бастаманы алға тартады. Оның жүзеге асуын көпшілік қатты қалайды, қолдайды.

– Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы мен Алматы облысының Текелі қаласы орыс ұлтының басымдығы көрінетін орындарға жатады. Жамбыл облысының Қордай ауданы, Алматы облысының Ұйғыр ауданы, Түркістан облысының  Сайрам  ауданы  мен  Кентау  қаласы – дүңген,  ұйғыр, өзбек ұлттарының басымдығы белең беретін өңірлер. Сонымен бірге, бұл орындардың топырағы мен суы – егіншілікті, сауданы дамытуға таптырмас жерлер. Бұл жерлерге шеттен келетін қазақтардан тыс, осы облыстардағы қазағы қалың аудандардың халқын жақсы шарт жағдаймен қамтамасыз етіп орналастыру керек. Ұйғыр ауданының аты жергілікті Қарадала, Шарын атауларын ескеріп, бірден ескі қалпына өзгертілуі керек. Кентау қаласы тұрған өңірде құрылатын Сауран ауданының әкімшілік картасына адамдар көптеп тартылып жатқан Түркістан қаласының іргесіндегі ауылдарды көптеп қосу керек, — дейді  К.Мүбарак.

СОЛТҮСТІККЕ  КӨШ – ҒАСЫРЛЫҚ  МАҢЫЗҒА  ИЕ  БАҒЫТ

Кейіпкеріміз ұсынған сегізінші әдіс көш мәселесіне қатысты адамдарды жауапты қыз­метке тағайындауға бағытталған. Оның сөзінше, Солтүстікке көш бағдарламасындағы әкімдердің жемқорлықты, тәртіпсіздік пен мәдениетсіз қылықтарын төмендету үшін көшке жауапты басты адамдарды қағілез, іскер адамдардан талдап қою керек. Әсіресе, солтүстікке орналасатын елдің көбі оңтүстік аймақтардан баратындықтан, жаңа көшбасшыларын солтүстік өңірлерден гөрі, көбіне оңтүстік  аймақтардан  тағайындап,  өз  жерлес­теріне  көңіл бөлу ниетінің зор болатынын пайдалану  керек.

Иә, қалай десек те, Солтүстікке көш – ғасыр­лық маңызға ие бағыт. Сол себепті, оған жеңіл  қарамау  керек.

– Сондықтан, мұны жергілікті әкімшілік орындардың ғана иығына артып қоймай, «Қазақ­стан ұлттар ассамблеясы» сияқты маңызды үлкен бір ұйым құрып, оған «солтүстікке көш мекемесі» деп, арнайы мемлекеттік құқыққа ие мекеме жасақтап, оның көш бастау, көш орналастыруға жауапты болатын байсалды да, іскер қосынын жасақтаған жөн. Бұл ұйымның жұмыс­ына жергілікті орындар кедергі келтіре алмайтын, олардың құқығы солтүстік өңірлердегі әрбір облыс әкімі мен аудан-қала әкімдері ерекше  санасатын  орынға  ие  болуы  керек.

Бұған дейін солтүстік өңірлерге негізінен отбас­ылы адамдар тартылып келді. Ендігі жерде, солтүстік өңірлердегі бойдақ қыздардың санын анықтап, олардың санын ашық жариялап, тек ғана отбасылы адамдарды емес, бойдақ жігіттерді де көптеп тарту, «жастарды таныстыру орталықтарын» құру, бұл орталықтың неке қажетттілігі үшін жиі іс-шаралар, бас­қосулар ұйымдастыруын қолдау қажет. Ұлттық санды арттыру үшін отбасы құндылығы, ажырасу салыстырмасын төмендету, жастарға қарастырылған тәрбиеге мемлекет тарапынан лайықты қадағалау орналастырған жөн. Ажырасу салыстырмасының көптігі ұлттың бірлігі мен санының өсуіне өз кедергісін жасап отыр, — деп  есептейді  шежіреші.

СОЛТҮСТІКТІҢ  ШҰРАЙЛЫ  ЖЕРЛЕРІНЕ  ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТУДЫРУ  ҚАЖЕТ

Осыған дейін қаламгер, лингвист Көкбөрі Мүбарактың  Солтүстікке  көшті  оңдаудың    10 жолына тоқталып өттік. Енді ең тиімді  5  ұсы­нысы­ның  мұртын  бұзбай  береміз.

11. Солтүстік өңірлердегі суық күн райының көп қиындығы жоқ екенін, 21-ғасырда онсызда адамдардың көп уақытын үй, кабинет, мектеп сияқты қабырғаның ішінде өткізетінін зерделей отырып түсіндіру, қысқы отынды қамтамасыз  етуге  белгілі  көмек  беру;

12. Алматы сияқты ірі қалаларға шоғырланған танымал университеттердің кейбірін солтүстікке ауыстырып, студенттердің жаңа жермен танысу, жаңа жерге махаббат орнату, ел-жұртқа жақсы жақтарынан насихатшы болу, отбасылы болып қалып қою жағы да өте маңызды. Осы уақытқа жүргізіліп жатқан «Серпін» бағдарламасының түлектері белгілі уақыттан соң өз туған жерлеріне қайтып кетіп жатыр. Сондықтан, жергілікті орынға алып қалу, отбасы құруына көмектесу, шарт-жағдайы мен ықыласын арттыру істерін мұ­қият талқылау  керек;

13. Солтүстік өңірлердегі Бурабай-Көкшетау, Ертістің жағалауы, Солтүстік Қазақстан облысы­ның ерекше көркем жалпы көлемін, Өскемен маңындағы Алтай тауын, Қостанайдың Тобыл өзені, Обаған өзені аңғарындағы шұрайлы қоныстар жайлы қызығушылық тудыра­тын  деректі  фильмдерді  жасап, оны түрлі  ақ­парат  көзінде  үзіліссіз  тарату қажет болып  тұр;

14. Көші-қонға жауапты әкімшілік орынның адамдары, үнемі қолданылатын қатынас тасымалын жүргізушілер, жергілікті емхана, мектеп қызметкерлері мен дүкеннің иелеріне, мектептегі сырттан келген үйдің баласын қағытатын жершілдікке бөлінетін оқушыларға тәртіп орнатып, осы аталған негізгі адамдарға сырттан келушілерге жымию, мейірім төгу, ыстық ықыласты әңгіме айтуға тәрбие сағат­тары  жиі  жүрілуі  керек;

15. Жаңа қоныстанушылардың шоғыр­лан­ған ауылдарында әкімдерді көшіп келушілердің өз ішінен тағайындауға, жабырқап жасымай, талаптарын  еркін  айтуына  мүмкіндік  тудыру.

БӘРІНІҢ  МАҚСАТЫ – ТЕРІСКЕЙДІ ҚАЗАҚҚА   ТОЛТЫРУ  БОЛСА…

Мінеки, дәл осы ұсыныстарды өзіндік мән-маңызға ие деп есептейміз. Шынымен, мұның кейбірі қарапайым нәрсе болып көрінгенімен, салмағы басым, істің нәтижелі болуына  мүмкіндік  береді.

– Солтүстік өңірлерді танымал ұлтжанды тұлғаларды, аудандардың өше қоймаған ұлттық бояуын, адамдарының мейірімді, қонақжай екенін, жаңа қоныстанушыларға жасалған көңіл толқытатын ыстық жағдайларды әлеуметтік желі мен газет-журнал, теледидарда көптеп  көрсету  керек.

Сонымен қатар, жаңа қоныстанушылардың саны арта бастаған сәттен бастап, көкпар тарту, қызқуар, бәйге, балуан салу, дәстүрлі ән-терме айту іс-шараларын көптеп ұйым­дастырып, оны әлеуметтік желі мен ресми ақпараттарда насихаттап, жергілікті орынның қазақы­лануға деген талпынысын тез арттыруға күш салу артықтық етпейді, — деп сөзін қорытындылады  Көкбөрі  Қизатұлы.

Әлбетте, жаңа қоныстанушыларды жергілікті тұрғындар қатым түсіру, мәуліт оқу, құрбан айт күндері үйлеріне шақырып қандастық жақындығын білдірсе, құба-құп болар еді. Бұл үшін жергілікті тұрғындарға арнап марапат қағаздары, мүмкін болған жағдайда қосымша сыйақы  беруді  қарастырған  жөн.

Қорыта айтқанда, кейіпкеріміз айтқан  17 ұсыныс өзіндік мән-маңызға ие екенін жоғары­да жаздық. Бір нәрсе анық, ол – Теріс­кейді  қазаққа  толтыру деген  мақсат. Осы жолда  әрбір қазақ өз  мүмкіндігін  қарастырып, ұсынысын  айта  білуі  шарт.

Рыскелді  ЖАХМАН

Коллаж: turanews.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: