Кез келген мемлекет өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырып, соларға сенім артады. Себебі, жастардың сұранысы, құндылығы, қажеттілігі, көзқарасы тұтас қоғамның жағдайын зерделеуге мүмкіндік береді. Заманауи тілмен айтқанда, қоғамның «драйвері» – жастар. Иә, олардың ұстанымы, алған бағыты қазіргі уақытта тым бөлек. Бұл тәуелсіздікке дейін дүниеге келген аға буынға жат көрінуі мүмкін. Солай да. Бірақ, бүгінгі жастардың қалауы, құндылықтары, бағыттары басқа. Бұлай деуіміздің басты себебі, қазіргі жас буынның алған 4 жылдық білімі бойынша маман иесі атанбай, жұмыссыз сенделуінде. Бұл түйткілді түйіннің шешілуі де қиындау секілді. Себебі, өңірде жұмыссыз жүрген 4855 жас бар. Бұның салдары қандай? Жалпы, жастарды не қызықтырады? Қазіргі уақытта жастардың талғамы тым жоғары ма әлде еліміз жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шеше алмай отыр ма?
Жастар арасындағы жұмыссыздық – әлі де өзекті мәселе. Иә, бүгінде жастардың көбі грант көп бөлінетін мамандыққа түсіп, диплом алу үшін оқитыны жасырын емес. Бұл диплом арқылы сұранысқа ие маман болуына да кепілдік жоқ. Соның салдарынан көптеген жас алған білімі бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Дегенмен, мамандық таңдаудан қателесіп, грант үшін оқуға түсетін жастардың қалауы орындалмай, арты жұмыссыздыққа әкеліп, бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергісін келтіріп жатқаны анық. Жалпы, жастардың жұмыссыздығы – бүгіннің ғана емес, еліміздің болашағына әсер ететін жүйелі мәселе. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың 1-тоқсанындағы мәліметіне сүйенсек, 16-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырсақ, өзгеріссіз қалып отыр. Ал жыл сайын елімізде орташа есеппен 300 мыңға жуық жас еңбекке жарамды жасқа жетіп отырады. Бірақ, нарықтағы жұмысқа жарамды жастарға жұмыс орындарының саны қатар көбейіп жатқан жоқ. Сондықтан, жастарды жұмыссыздықтан арылту үшін еңбек нарығында сұранысқа ие білім беру жүйесі дұрыс таңдалып, жаңа жұмыс орындары құрылып, кәсіптік бағдар басты жолға қойылып ғана азайтуымыз мүмкін.
Ал өңірдегі ахуалға келер болсақ, аймақта 248 279 жас бар, оның 113 052-і – қала жастары, қалған 135 227-і – ауыл жастары. Осы есеп бойынша қазіргі уақытта өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық 3,4 пайызды құрап отыр. Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың І тоқсанында экономикалық белсенді жастардың саны 142104 адамды құрады, оның ішінде 4855-і – жұмыссыз, жұмыспен қамтылғандары – 137249 адам. Жұмыспен қамтылғандардың 85625-і – жалдамалы қызметкер, ал 51624-і – өз бетінше қамтылғандар.
— Сондай-ақ, жастар жұмыссыздығының басты себебіне тоқталар болсақ, өңірдегі жас мамандардың басым бөлігі немесе 56 пайызы білім беру, денсаулық сақтау салаларының мамандары саналады. Ал бұл салаларда бос жұмыс орындарының болмауына байланысты, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі аз. Жастардың басым көпшілігі жұмысшы мамандықтарға жұмысқа бармайтындығы, айлық жалақыларына келіспейтіндігі, ауыр жұмыстарға төзбейтіндігі немесе жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейтіндігі, біліктілігі мен жұмыс өтілімдерінің аз болуы да басты себептердің бірі болып отыр, — дейді Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Арман Мырзабайұлы.
Сонымен қатар, басқарманың бас маманы Арман Жанет «қазіргі таңда жұмыссыз жүрген жастарға қарастырылып жатқан атаулы бағдарламалар да іске асырылып, жақсы мүмкіндіктер де көп» дейді.
— Айталық, барлық мансап орталықтары арқылы жұмыс іздеуші азаматтарға бос жұмыс орындарының сұранысына сәйкес лайықты жұмыс орындары ұсынылады және оқу орындарын бітірген түлектерге алғашқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында «Жастар тәжірибесі» іске асырылып келеді. Кәсіп бастаймын деген арнайы осал топтарға жататын жастарға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар да бар. Сонымен бірге, облыс бойынша ай сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді, — дейді ол.
Бүгінде кәсіп бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Оны пайдаға асырып, кәсібін дөңгелетіп әкеткендері де қаншама. Десе де, мақсат-мүддесі тым бөлек жастардың қазір қызықтыратын дүниелері де басқа болуы да мүмкін. Соның салдарынан да жұмыссыздық үлкен мәселеге айналып жатқан шығар, бәлкім. Бұлай деуіміздің де себебі болары белгілі. Мәселен, жастардың көбі заманауи технологияға, жеке даму мен шығармашылыққа, спорт пен кәсіпкерлікке, сондай-ақ қоғамға пайдалы болуға бағытталған бастамаларға көбірек қызығушылық танытуда. Олардың арасында цифрлық салалар – SMM, фото-видео өңдеу, бағдарламалау, контент жасаушылық, сондай-ақ фитнес, би, еркін шығармашылық кеңістіктерге сұраныс жоғары. Сондықтан, нарықта сұранысы жоғары салаларда жастарға деген қолдауды көбейтіп, бағытымызды заман талабына қарай үлестіруіміз керек секілді. Сонда ғана әлі шешімі табылмай, өзекті мәселеге айналған, сенделген жастардың «жыры» таусылары анық.
Осы тұрғыда, «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы да заман талабына қарай дамимын, кәсіп бастаймын немесе шетелге кетемін деген жас буынның бетінен қағуға да болмайтынын айтады.
— Қазіргі жастар саналы, ізденімпаз және белсенді. Олар өз дамуына жауапкершілікпен қарап, пайдалы орта мен нақты мүмкіндіктерді қажет етеді. Біз «Qosyl» орталығы ретінде осы сұранысқа сай кеңістіктер мен бағыттарды ұсынуға барынша күш салып келеміз. Нақтылай кетсем, «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығы 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында 2502 жасқа қызмет көрсетті. Жастардың сұранысына сәйкес, орталықта WI-FI мен коворкинг орталығы, креатив фото-видео студиясы, би залы, жастар ұйымдарына арналған кабинет, спорттық секциялар тегін қызмет көрсетуде. Орталық 2025 жылдың басынан бері 90 іс-шара өткізіп, оған 4105 жас қамтылды. Сонымен қатар, 12 түнгі рейд, 10 сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесу ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар жастарға өз мүмкіндіктерін табуға, еңбек нарығында бағыт алуға, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға үлкен серпін беруде, — дейді Бексұлтан Нұрғазы.
Расында да, жастардың талабы жоғары, талғамы басқа деп бекер айтып жүрген жоқпыз. Оларға берілетін қолдау тек бір бағытта ғана қалып қойып жатқан сияқты. Иә, әртүрлі салада жастарды дамыту үшін берілетін мүмкіндік те көп болса, жұмыссыздықтың жойылуына бірден-бір сеп осы. Мәселен, жоғарыда айтып өткендей, Digital-мамандықтар – SMM, графикалық дизайн, видео-монтаж, IT және бағдарламалау, креатив индустрия – контент жасау, блогинг, әлеуметтік кәсіпкерлік пен стартаптар, психология мен өзін-өзі дамыту, спорт және би секциялары секілді бағыттарды көптеп дамытып, жастардың бетбұрысына қарай жағдай жасалуы маңыздырақ.
Дегенмен, мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктен, қолдаудан бұрын ата-ананың демеуі қашанда бірінші орында тұрады. Себебі, жастардың қалауы көп, мүлдем басқа түсінікпен қалыптасып келеді деп өзімізше ой түйіп жатамыз ғой. Бірақ, сол жас буынның болашаққа деген көзқарасымен үндесіп, сырласып көріңізші, кезінде сіз қол жеткізгіңіз келген асыл дүниелерді не одан жоғары белесті армандайды. Себебі, қазір заман ағымына қарай, үлкен биіктікке қол жеткізуге мүмкіндік көп. Уақыт ағымы бір орында тоқтап немесе бір жұмыспен шектелуге қарсы. Сондықтан, ата-ана қыспағымен өзіне жат мамандық иесі атанған жастарды жұмыссыздығымен кінәлі ете алмаймыз. Керісінше, олардың жаңа дәуір кезеңімен келе жатқанын ойлап, үміт артып, жол ашуымыз керек секілді. Бұл әрбір үйдегі ата-аналарға құлаққағыс болсын. Сіздің үміт беретін көзқарасыңыздың өзі балаңызға жеткілікті болуы мүмкін.
О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!