«Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» деген халық нақылында терең құндылық пен тәлім-тәрбие негізі жатыр. Өйткені, қоғамда адам баласы қалыптасып келе жатқалы киім кию үрдісі үзілген емес.
Қандай ортада қалай киіне білген дұрыс? Ол әрбір адамның танымына байланысты. Адамның киімі ішкі жан дүниесінен хабар беріп тұрады. Киім адам жанының көркіне көрік қосып, келбетіне шырай кіргізеді. Әрбіріміз жас ерекшелігіне қарай қандай ортада не кию керектігін жақсы ұғына біліп, терең талғаммен киіне білуіміз қажет. Мәселен, үй ішінде де өзімізге қолайлы, жарасымды киіне білген дұрыс.
КИІМІНЕ ҚАРАП ҚАРСЫ АЛЫП, АҚЫЛЫНА ҚАРАП ШЫҒАРЫП САЛАДЫ
Халқымызда кеңінен тараған бұл сөз біраз жайдан хабар беріп тұрғандай. Қонақта немесе қоғамдық орында қалай киінген абзал? Осы күні көптеген замандасымыздың «жаңа үлгідегі» деп айдар таққан киімдеріне қоғам ішінде кереғар пікірлер де туындап жатады.
Бір данышпан қария «Неше түрлі адам көрдім сыртында киімі жоқ, неше түрлі киім көрдім ішінде адамы жоқ» деген екен. Расында, сыртында жылтыраған киімі болғанымен жұрт сүйсінерлік қылығы болмай немесе ақылына үстіндегі киімі сай келмеуі әбден мүмкін.
Дегенмен, адамның киіміне емес, оның пайым-парасатына, білім-білігіне баса назар аудару керек. Өйткені, кез келген ортада үйлесімді киіне білсе болғаны. Біз – салт-дәстүрін ұмытпаған, әдет-ғұрпын ұлықтаған ұлы дала елінің ұрпақтарымыз. Ата бойындағы қасиет, әже көкейіндегі иба өмірімізге бағдаршам іспетті жол сілтеп тұрады. Сол қарияларымыздың кең етекті көйлегі, сырмақ шалбары, оюлы қамзол мен зерлі шапан, құрым етігі әлі күнге өміршеңдігін жоғалтпай келеді.
Алғашқы даму дәуірінен адамдардың киім кию дәстүрі терең қалыптасып, заман келбетіне сай жаңарып, жасарып отырған. Бүгінгі қоғамда киімнің көптеген заманауи түрі тұрмыстық қолданысқа енгізілуде. Әрбір мамандықтың өз киім формасы бар.
Атап айтар болсақ, дәрігерлер мен құқық қорғау қызметкерлері, спорт саңлақтары мен теміржол мамандары және басқа да кәсіби маман иелерінің киім үлгілері бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Сонымен қатар, маусымдық көктем, жаз, күз, қыс мерзімдеріне қарай киімдері де әр түрге бөлінеді. Осы ретте, заманауи ағымға сай жастарымыздың күнделікті көшеге киетін ашық-шашық киімдері де салтымыздың сауытына сыймайтын жат үрдіске айналып бара жатқаны жасырын емес.
ИСЛАМ ДІНІ НЕ ДЕЙДІ?
Бұл жөнінде ислам дінінде әйел адам бетін, екі қолы мен екі аяғын тобығына дейін, бүркеншіктерін омырауларына дейін түсірген делінген. Қыз-келіншектердің ашық жүрмеуі – мәдениеттіліктің, имандылықтың белгісі. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының мұсылмандық сипаттағы хиджап мәселесі де үлкен әңгіме болып жүр.
КИІМНІҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ
Тақырып төңірегінде Зарипа есімді көпбалалы анадан оқушылардың киім кию мен қазіргі ахуалы жайлы сұраған болатынбыз.
– Жалпы, балалар мен ересек адамдардың киімі, біріншіден, баға айырмасында. Қазір балалар жазғы демалыста. Басқа қалаға қыдырып баруға киім алып берейін десең, базар бағасы қалтаңды қағады. Оқушылардың мектеп формасы үлкендердің киімдеріне қарағанда қымбат. Ата-ана қалтасына салмақ түсіреді. Сапасы да төмен, биылғы киім келер жылға жарамайды. Мәселен, мектепте біркелкі киінуі де жиі айтылып жүр. Әрбір отбасы өз шамасына қарай киінгендері дұрыс. Қыз балалардың юбка-кофталары етек-жеңі ұзын, кең болса жөн болар еді. Жастарымыздың жыртық шалбар, тар көйлек киіп жүргендері көңілге кірбің ұялатады. Таза, бүтін болса, киімнің жаманы жоқ. Ұқыптылықпен жарасымды етіп киіне білсе болғаны, — дейді бізбен әңгімесінде.
Иә, жарасымды киім – жанның көркі. Қазақы ұлттық киімдерді тек Наурыз мерекесінде кию дәстүрі қалыптасқан. Мәселен, өзбек, қырғыз елдерінде ала шапан, айыр қалпақтарын ұдайы киіп жүретінін естіп те, көріп те жүрміз.
Ал, біз өзіміздің ұлттық бояуы қанық оюлы шапанымызды белгілі бір мереке аясында ғана киеміз. Алайда салтымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын батыстық киімдерден қарапайым киім анағұрлы сапалы. Қоғамдық орындар мен көшеде көзге ерсі көрініп, көңілге томпақ тиетін жалаң киімдерді көргенде жаның жабырқап, көңілің құлазиды. Тән сұлулығын сырт көзден қорғап тұратын киімдерді үстімізге үйлесімді етіп, терең талғаммен тұтына білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Танымаған жерде тон сыйлы. Бұл – әлімсақтан уақыт дәлелдеген өмір формуласы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!