«Уақытым жоқ». Қазіргі қоғамда бұл тіркес күн сайын жүздеген рет қайталанады. Адамдар жұмыстан, оқудан, күнделікті тірліктен бас көтере алмай, барлық шаруаға үлгермеуін «уақыттың жетіспеушілігімен» ақтайды. Шын мәнінде, мәселе уақыттың тапшылығында емес. Мәселе – біздің сол уақытқа деген көзқарасымызда, оны тиімді пайдалану дағдымызда, сондай-ақ, өміріміздегі басымдықтарды дұрыс анықтай алмауымызда жатыр.
Адамзат тарихында ешбір кезең дәл қазіргідей ақпаратқа толы болған емес. Интернет, смартфон, әлеуметтік желі – барлығы да уақытымызды «жеп» жатыр. Бірақ сол құралдар өздігінен зиянды емес. Керісінше, олар – бізге берілген құрал. Мәселе – сол құралдарды қалай пайдаланатынымызда.
Бүгінде орта есеппен адам күніне 3-5 сағат уақытын көгілдір экранға телміріп өткізеді. Бұл уақыттың көп бөлігі қажетсіз ақпаратпен толы дегенді білдіреді. Жаңалық тасқындап жатыр, бейнежазбалар легі таусылмайды. Ал, осының бәрін тұтыну арқылы адам шынайы өмірден алыстап, өнімсіз күй кешеді. Бір қызығы, бұл процесс адамға ләззат сыйлайтындай көрінеді. Бірақ күннің соңында ішкі күйзеліс, орындалмаған жоспар, бітпеген істер мен өкініш қайта оралады.
Уақыт – қайта келмейтін ресурс. Ақша жоғалса, табуға болады. Құрал сынса, жөнделеді. Ал кеткен уақыт ешқашан қайтып келмейді. Сондықтан ең басты сұрақ: «уақытымызды неге жұмсап жүрміз?». Осы сұраққа шынайы жауап бере алсақ қана, өмірімізге нақты өзгеріс енгізе аламыз.
Бір қызығы, «уақытым жоқ» деп жүрген адамдардың көпшілігі бір күннің ішінде бірнеше сағат бойы әлеуметтік желілерде отыратынын мойындайды. Демек, уақыт бар. Тек оны қайда жұмсайтынымыз – өз таңдауымыз.
БАСЫМДЫҚ ҚОЮ – САНАЛЫ ӨМІР СҮРУДІҢ НЕГІЗІ
Көп жағдайда адамдар барлық іспен бірдей айналысқысы келеді: жұмыс, оқу, спорт, отбасы, демалыс, хобби. Бірақ барлығына бірдей үлгеру мүмкін емес. Сондықтан мақсатқа жету үшін уақытты шын мәнінде маңызды нәрселерге бағыттау қажет.
Басымдық қою дегеніміз – бәріне үлгеруге тырысу емес, ең маңыздыны бірінші орынға қою. Мысалы, таңертең 15 минут ерте тұрып, кітап оқу немесе дене жаттығуын жасау адамның күні бойғы сергектігі мен ойлау қабілетіне оң әсер етеді. Ал таңғы уақытты әлеуметтік желімен бастау ми белсенділігін төмендетіп, бойкүйездікке итермелейді.
Мұның бәрі – тек жеке адам деңгейінде емес, қоғам деңгейінде де өзекті. Егер әр адам уақытын тиімді пайдаланып, өмірінде артық дүниеден арылса, жалпы қоғамда да тәртіп, дамуға ұмтылыс артады. Ал қоғамда жалқаулық, бейқамдық белең алса, бұл – әрқайсымыздың уақытымызды қалай жұмсайтынымыздың айнасы.
УАҚЫТ МӘДЕНИЕТІН ҮЙРЕТУ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ
Біздің мектептерде уақытты жоспарлау, тайм-менеджмент мәдениеті үйретілмейді. Балалар күнін қалай жоспарлау керектігін, өзіне мақсат қоюды, сол мақсатқа жету үшін уақытын қалай тиімді бөлу керек екенін өздігінен үйренеді немесе мүлде үйренбей өтеді. Ал бұл – үлкен кемшілік. Өйткені уақытты басқару – өмірді басқару.
Ата-аналар мен мұғалімдер баланың күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруына көмектесуі керек. Баланың бос уақыты көп болуы маңызды емес, сол бос уақытты мазмұнды өткізуі маңызды. Кітап оқу, табиғатта серуендеу, пайдалы дағдыларды үйрену – мұның бәрі баланы болашаққа дайындайды.
ҚОРЫТЫНДЫ
«Уақытым жоқ» – бұл сылтау. Шындық – біз уақытты ұрлатуға өзіміз рұқсат береміз. Көп жағдайда бізге жоспар емес, шешім керек. Бәріне үлгеруге тырыспай, ең маңыздыны таңдап үйренуіміз қажет. Өмір қысқа. Ал уақыт – оның өлшемі ғана емес, мәні.
Ендеше, әр күнімізді өз құндылығына сай өткізейік. Себебі уақыт – біздің ең шынайы капиталымыз. Оны қалай жұмсасақ, өміріміз де солай қалыптасады.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!