Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсар» 3-4 мықты ойыншымен толығады

22.05.2025, 8:20 195

Бұған дейін 8 тур бойы жеңіс дәмін татпаған «қасқырлар» елдегі ең үздік клубтар «Астана» және «Қайратпен» тең тарқасқан-ды. Одан бөлек, «Оқжетпеспен» де тең ойнады. Басқаны былай қойғанда, «Ақтөбеден» өз алаңында жеңілгені тағы бар. Десе де, 3 ұпайға жете алмай жүрген Кумыков шәкірттерін жанкүйерлер өткен аптада бір қыспаққа алған болатын.

Соған орай Олимпиада чемпионы, Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев «Қайсар» футбол клубының базасында қызылордалық БАҚ өкілдерімен және «Қайсар» футбол клубының жанашыр жанкүйерлерімен арнайы кездесу өткізіп, команданың жоғары лигада қалуы үшін барлық жағдай жасалатынын, алдағы уақытта  клуб 3-4 ойыншымен  толығаты­нын  жеткізді.

Басқарма басшысы ә дегеннен футбол клубының өзекті мәселелері мен атқарылған ауқымды жұмыстарын сөз етті. Өз сөзінде «Қайсар» командасының нәтижесін көтерудегі нақты мақсаттары мен алдағы жоспарларын айқындап беріп, «Қайсардың» болашағына сенім білдірді. Ол қазақ жанкүйерлерінің көптен күткен арманының орындалғанын атап өтті.

– Халық іздеген соң кездесуге келіп отырмын. Себебі, бұл орынға спортты дамыту үшін ғана келдік. Осы орынға келсем де, артымнан Астанадан немесе Тараздан бір адамды алып келген жоқпын. Осы жергілікті жігіттермен жұмыс істеп жатырмыз. «Қайсар» футбол клубын, басқа да орындарды алайық. Мен алып келген бір адам жоқ. Бәрі – осы жердің азаматы.

Ал «Қайсар» клубына келер болсақ, 7 аудан бар, сол 7 ауданның балалары ойнап жатыр. Кезінде Мақсат Байжановтар ойнады емес пе!? Соны қайта жандандыруды ниет етіп отырмыз, — деп  мәселенің  бетін  ашып  алды  Афина Олимпиадасының  чемпионы.

Жиын барысында жанкүйерлер түрлі сауал жолдады, оған басқарма басшысынан бастап, орынбасары және «Қайсар» клубының директоры, бас бапкері және клуб қызметкерлері жауап берді. Жалпылама алғанда, қос тарап мәмілеге келіп, бәрінің ойлағаны жергілікті футболды дамыту, «Қайсардың» жоғары жетістікке жетуі екенін ұғынысқандай әсер қалдырды.

Сонымен, келесі ойында 11 қазақ ойыншысы бар «Қайсар» легионерлерден құралған команданы жеңді. Сырбойылық клуб премьер-лиганың 9-турында түркістандық «Тұранмен» кездесті. Осылайша, «қасқырлар» биылғы чемпионаттағы алғашқы 3 ұпайын алып отыр.

Еске салайық, қызылордалық «Қайсар» осы жылды 100 пайыз легионерсіз бастады. Сондықтан да, отандық футбол сарапшылары мен журналистер сырбойылық команданың аяқ  алысын  қалт  жібермей  қарап  отыр  деуге  әбден  болады.

Түркістанның «Тұран» командасын өз алаңында қабылдаған «Қайсар» үшін жеңіс ауадай қажет еді. Өйткені, әр ойыннан ұпай алмаса, турнирдегі жағдай да қиындай түспек. Әрі Қызылордада жаңа стадион бой көтеріп жатыр, биыл пайдалануға да беріледі. Жергілікті жанкүйерлермен қатар, басшылық та «Қайсардың» келесі маусымды жаңа стадионда жоғары лигада ойнағанын құп көреді.

– «Қайсардың» «Ақтөбеге» есе жібергенінен кейінгі жанкүйерлердің айқайы, онан соңғы облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың футбол жанкүйерлерімен кездесуіндегі уәжі – қорыта келгенде бір терінің пұшпағын илеу. Екі тарапта жергілікті команданың жетістігін қалайтындығы анық. Яғни, «Қайсар» командасы Премьер-лигадан түсіп қалмай, жастарымыз жігерлене доп теуіп, алаңкөңіл жанкүйерлерін жеңістерімен сүйсіндірсе кәні! Солай болуы тиіс. Бұл орайда Бақтиярдың «біздің балалар ешкімнен кем емес»  деген  сөзі  барлық  футболшымыздың намысын жанып, тегеурінді ойын көрсетуіне тиянақ болуы керек. Аттары аңызға айналған қазақ футболшылары Темір Сегізбаев, Сейділда Байшақов, Құралбек Ордабаевтар алаңға шыққанда стадиондағы жұрттың бәрі орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсететін еді. Міне, осы құрметке біздің қызылордалық қарадомалақтар да ие болсын! Біз Сендерге сенеміз,  жігіттер!  Жанкүйерлер  қолдау білдірейік! Алға, «Қайсар!» — деп жазба жариялады  танымал  журналист  Нұрма­хан Елтай.

Енді ойын барысына бір оралайық. Ойынның бірінші таймында командалар гол соға алмады. Ал екінші кезеңде «Тұран» қақпасына белгіленген он бір метрлік айып соққысын шабуылшы Айбар Жақсылықов шебер орындап, команданы алға шығарды. Төреші ысқырығы шалынғанша таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Қайсар» алғашқы 3 ұпайын еншілеп үлгерді.

– Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде тұңғыш рет «Қайсар» клубы легионерсіз команда ретінде ойнап жүр. Бұл қаражатты үнемдеудің де, мақсатсыз жұмсалмауының да бір жолы еді. Соған сай таңдаулы аяқдоп шеберлерін командаға қосудың мүмкіндігі азайды. Сондықтан, клуб негізінен жергілікті азаматтардан құралды.

Жуырда «Қайсар» футбол клубының жанашыр жанкүйерлері Бақтияр Артаевпен кездесті. Олимпиада чемпионы кездесуде «Қайсардың» болашағына сенім білдіріп, алдағы уақытта команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалатынын жеткізді. Айтса айтқандай, ол сөзінде тұрды!

Легионерсіз «Қайсар» 10 озық легионері бар «Тұранды» 1:0 есебімен жеңді. Мұны жеңістің басы деп қояйық. Командадан әлі де табысты нәтиже күтеміз, — дейді «Қайсардың» жан­күйері  Қаныбек  Әбдуов.

Шыны керек, «Қайсардың» биылғы қарымы жаман емес. Тек сәл ғана сәттілік жетіспей қалып жүр. Әлбетте, жанкүйерлердің де жаны күйгені түсінікті. Олар болашаққа көз тастап отыр.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: