Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа қызметке шығарып салды

07.03.2025, 15:40 421

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте әріптестері Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымын атқарған Серік Сермағамбетовті жаңа қызметке шығарып салды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы Серік Сағитжанұлының адал қызметі мен көпжылдық еңбек тәжірибесін атап өтіп, оған алғыс білдірді.

«Серік Сағитжанұлын барлығыңыз жақсы білесіздер.

Еңбек жолын 1988 жылы Балық шаруашылығы министрлігінің материалдық-техникалық жабдықтау орталық базасында бас экономист болып бастаған. Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымдарында нәтижелі қызмет етті. Жалағаш ауданының әкімі, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Арал ауданын 3 жылға жуық уақыт басқарып, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы ретінде бір жылдан астам уақыттың ішінде ауқымды жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етті.

Серік Сағитжанұлы мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтті, қай қызметте болмасын өзін білікті басшы, мықты ұйымдастырушы, жанашыр азамат ретінде танытты. Жаңа қызметіңізге табыс, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы еңбегі үшін Серік Сағитжанұлына Сыр жұртшылығы атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Актив отырысында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ізгі тілегін жеткізді. Өз кезегінде Серік Сермағанбетов көрсетілген құрмет үшін әріптестеріне ризашылығын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: