Берік СӘРМЕНБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі:
Өткен аптада облыс орталығына ең жақын орналасқан Сырдария ауданына барып-қайттық. Басты мақсат – аудан әкімі Берік Сәрменбаевты әңгімеге тарту. Сұхбат барысында барынша ресмиліктен қашқақтап отырдық. Кейбір мәселеге қатысты басшының азаматтық көзқарасын білдік. Берік Әбдіғаппарұлы зейнетке шыққаннан соң немен айналысатыны туралы да айтып өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы әрі-беріден сөз болды.

– Берік Әбдіғаппарұлы, өткен жылғы Сырдария ауданының жеткен жетістіктері аз болмады. Сұхбатымызды ауданның экономикалық даму көрсеткішімен бастасақ…
– Негізінен 2023 жылы аудан бюджеті 12 млрд теңге болса, 2024 жылы 17 млрд теңгеге жуықтады. Ауданның өнеркәсіп орындары 98,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Көрсеткіш 66,7 пайызға ұлғайып отыр. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 13,5 млрд теңгені құрап, 7,5 пайызға өсті. Аудан экономикасына 85,2 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. Өсім – 35,7 пайыз. Мен мұны жай ғана статистика емес, үлкен жетістік дер едім.
Жалпы, ауданымыз барлық экономикалық көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда келе жатыр. Құрылыс саласы, өнеркәсіп саласы болсын, негізгі капиталға тартылатын қаражатқа байланысты. Ауыл шаруашылығы экономикасы да жақсы дамып жатыр. Өйткені, біздің аудан аграрлық ауданға жатады. Көбіне егін шаруашылығы жақсы дамыған, күріш дақылы егілетінін де көпшілік жақсы біледі.
– Өзіңіз құрылыс саласының маманысыз. Сіз келгелі Сырдария ауданының құрылысы қарқын алды деуге келе ме?
– Олай деуге де келетін шығар. Мысалыға айтайын, мемлекет басшысы мен аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте біз халыққа қажетті инфрақұрылымға аса мән бердік. Халыққа не қажет? Біріншіден, электр энергиясы толық игеріліп, қолжетімді тұруы керек, халық ауызсумен толық қамтамасыз етілуі қажет. Әрине, газдандыру мәселесі де маңызды. Және тағы бір өзектісі – жол мәселесі. Біз сол бағытта жұмыс істеп келеміз. Соңғы 2 жылдың өзінде 5 елді мекеннің электр желісін трансформаторлармен толық ауыстырып, халықтың игілігіне бердік. Сырдария ауданында 13 елді мекен мен 1 кент бар. Сол елді мекендер мен кенттің ішінде 25 шақырымға дейін көшелерге жол салынды, жөндеуден өткендері де бар. Газдандыруға байланысты айта кетсем, кенттің өзінде 11000-дай халық тұрады, ол толық газдандырылды. Екі жылдың көлемінде 3 ауылдық елді мекенге толық газдандыру жұмыстарын жүргіздік. Қалжан Ахун, Сәкен Сейфуллин, Тоқмағамбетов елді мекендеріне газдандыру жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, Шаған және Нағи Ілиясов елді мекендеріне газдандыру жұмыстары басталып кетті. Осы жылы соны аяқтап, халықты «көгілдір отынмен» қамтуымыз керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Бұл өз кезегінде үлкен жоба болғалы тұр.
Ауызсуға байланысты айтсам, ауызсу құбырлары сол баяғы 80-90-жылдары салынған. Соған байланысты біз осы ауызсумен қамтамасыз ететін мекеменің мамандарымен бірлесіп, барлық ауылдық елді мекенде зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Бұрынғы ескі құбырлар, темір құбырлары ғой, жылда ақаулар пайда болатын. Соларды зерттеп-зерделеп, былтырдың өзінде 4 елді мекенде 12 шақырымдай су құбырларын ауыстырдық. Сонымен қатар, 6 екі қабатты тұрғын үйлерге толық жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Олар – толығымен 80-жылдары салынған ескі үйлер. Үйдің егелерімен сөйлесіп, солардың келісімімен аталған жұмыстарды жүргіздік.
Кентте 30-дың үстінде екі қабатты тұрғын үй бар. Сол тұрғын үйлердің аулаларында да қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Оған республикалық бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінді. Бұл жұмыстардың бәрі өзінің рет-ретімен, өзіміздің жоспарымызға сәйкес жүріп жатыр.
– Жаңағы тұрғын үйлер арасында апатты деп танылған үйлер бар ма?
– Апатты үй деп танылғандар бар, ол апатты үйді біз танымаймыз. Өйткені, ол тұрғын үйлердің бәрі жекешеленген. Жеке азаматтар өздері апатты деп танып, бізде кезектілікте тұр.
– Өзіңіз кадр таңдау деген мәселеге қалай қарайсыз? Жалпы, ол сіз үшін қаншалықты қиын жұмыс?
– Кадр таңдау – шынымен де қиын жұмыс. Өзім осы ауданның азаматтарымен жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, осы жергілікті азаматтар осы жерде туып-өскеннен кейін, өзінің бар күш-жігерін салып, қызметте көрген бар тәжірибесін пайдаланады деп сенемін. Сондықтан, жергілікті азаматтармен жұмыс істеуді жөн санаймын.
– Орынбасарларыңыздың ішінде жергілікті азаматтар бар ма?
– Бізде орынбасардың 2-еуі – жергілікті азамат. 1-еуі идеология жағынан, 1-еуі экономика жағынан көбірек істейді. Құрылыс жағынан бар, негізінен үшеуін жергілікті азамат деуге болады. Біреуі қаладан келді дегенімен, осы жерде туып-өскен азамат.
– Қызылорда облысы бойынша осы Сырдария ауданында ғана еліміздегі ең үздік туристік ауыл бар. Әңгіме Н.Ілиясов ауылы туралы болып отыр. Жалпы, осы секілді ауылдардың қатарын көбейту ойда бар ма? Ол бағыттарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ең бірінші, Н.Ілиясов ауылы деп басталды ғой. Қонақтардың бәрі бізге Н.Ілиясов ауылының жетістігін көруге келіп жатыр. Қазір бізде Бесарық ауылдық округі бар. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, ол ауылды да дамыту бағытында жұмыс істеген болатынбыз. Ол да үлкен жетістікке жетті деп ойлаймын. Өйткені, жылдың басында Үкімет басшысы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, оң бағасын беріп кетті.
Біз Ақжарма ауылдық округімен де Бесарық елді мекеніндегідей «Ауыл аманаты» жобасына байланысты үлкен жұмыстар істегенбіз. Осы орайда, «Ауыл аманаты» жобасының елге берері көп екенін айтқым келеді.
– Иә, әрине.
– «Ауыл аманаты» жобасы 2,5 пайызбен беріледі. Мал шаруашылығына 7 жылға, басқа кәсіппен айналысам дегендерге 5 жылға беріледі. Ақжарма ауылында да шағын кәсіпкерлік орталығын ашқымыз келіп отыр. Бұл жұмысты біз әрі қарай жалғастыра береміз. Аймақ басшысының сондай тапсырмасы бар.
– Осы жерде енді сұрақтан сұрақ туындайды. Бұл тек Қызылордаға немесе Сырдария ауданына қатысты емес, бүкіл Қазақстан бойынша мәселе деуге болады. Ол – ауылдардан жастардың көшіп кетуі немесе басқа үлкен қалаларға кетіп қалуы.
– Жоғарыда Нағи Ілиясов ауылы туарлы айтып өттіңіз ғой. Сол ауылға келіп, тұрғын үй саламын деп, кезекке тұрып жатқандар бар. Сырдария ауданы қалаға жақын болғаннан кейін, бізден «көшеміз» демейді, бізге «көшіп келеміз» дейді. Өйткені, біздің ауылдардың, елді мекендердің тұрмыстық жағдайы өте жақсы. Біз аграрлық аймақпыз, жұмыс істеймін деген азаматқа мүмкіндік көп. Бау-бақшада, күріштікте, шаруашылықта жұмыс істеймін дегендерге жұмыс орындары табылады.
– Жалпы сұхбат барысында, атқарылған жұмыстардан гөрі, алдағы жоспарларға көбірек тоқталсақ деген ойым бар. Осы орайда өзіңізден сұрайыншы, алдағы уақытта ауданда елді елең еткізер қандай жаңалықтар болады?
– Ең біріншіден, әлгінде айтқан инфрақұрылымның бәрін жаңалап алу мәселесі тұр. Екіншісі – инвесторларды көптеп тарту. Жоғарыда да айтып өттім, десе де тағы да қайталауға тұрарлық үлкен жоба бар. Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 мегаваттық жаңа бу газ қондырғыларының құрылысы жоспарланған. Бұйыртса, жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынады.
– Жер берілді ғой…
– Иә, оған 270 гектар жер бөлінді, қазір тиісті құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын.
– Салынып жатқан кезде жұмысқа жергілікті азаматтар тартылатын шығар…
– Әрине, ол анық. Жобамыз 1100 мегаваттық электр өңдеу қуатын өндіретін болса, оған бізде жаңадан жұмыс орындары да ашылады. Қаншама жоғарғы оқу орындарын бітірген сала мамандары жұмыспен қамтылады.
– Өте жақсы екен! Осы орайда сұрайын дегенім, мемлекеттік қызметте кімдердің жұмыс тәжірибесін ерекше назарға аласыз?
– Біз 2000 жылдан бері мемлекеттік қызметте келе жатырмыз. Әр әкімнің тұсында жұмыс істеген кезде әрқайсысынан тәжірибе аласың. Қазіргі уақыттағы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлымен Қызылорда қаласында жұмыс істегенмін. Ол кісі қай саланы болса да, жақсы меңгерген. Былтыр аймақта «Руханият жылы» аталып өтті. Жеті ауданда «Руханият орталығы» бой көтерді. Оның ішінде біздің ескі аудандық кітапхана, аудандық мұражай, ардагерлер кеңесінің үйі, әйелдер кеңесінің үйі, жастар орталығы да, бәрі сол жерге шоғырланып, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Елдің ауызбіршілігі осы жерден басталады деп ойлаймын.
– Осы елдің азаматы ретінде, қоғамдағы қандай мәселе сізді қатты алаңдатады?
– Бірінші кезекте баланың тәрбиесі дер едім. Баланың тәрбиесі отбасыдан басталады дейтін еді. Қазір неше түрлі әлеуметтік желілер шығып, ондағы видеолар мен жазбалар еш сүзгіден өткізілмей-ақ жарияланып жатыр. Одан қалды телефондағы небір жамандыққа бастайтын ойындар бар.
Бұрын біз бала кезімізде мұндайды білмейтінбіз. Біздікі тек асық ойнау, ләңгі тебу, футбол ойнау деген сияқты еді. Қазір қарап отырсаң, балалар ондай ойынға көңіл бөлмейді. Бұрынғы біздің көрген мультфильмнің өзін қарамайды қазір. Олар тек ғана телефондағы түрлі бейнені, ондағы адамның түрі келісе ме, келіспей ме, бәрібір соларға қызығады. Өзімізден де кінә бар. Көбі баланы мектепке машинамен апарып-алып қайтады. Ол бала одан қандай тәрбие көреді? Бала мектепке барғанша достарымен кездесіп, ойнап-күліп өзінің қатарымен қайтуы керек деп ойлаймын. Бала бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуы керек.
– Басшы ретінде өзіңіз ұялатындай шешім қабылдаған кезіңіз болды ма? «Сол кезде дұрыс істемедім-ау» дейтіндей…
– Қазір біздің жасымыз 60-тан асты ғой. Ата-анамыздың тәрбиесін көріп өстік, біздің кезімізде үлкен кісінің алдынан кесіп өту деген болмайтын. Жұмыс бабында жүргеннен кейін, әр сөзді ойланып барып сөйлеу керек. Істеген жұмысыңды да нақты електен өткізіп барып істеу керек. Әрине, ертеңгі күні ұятқа қалмас үшін. Менде ондай жағдай болған емес.
– Жастау кезіңізде де ме?
– Ондай өкініштер, ұялатындай шешімдер болған жоқ.
– Біздің қоғам танымалдықты мықтылық деп есептейтін болған сыңайлы. Оған себеп, өздеріңіз секілді күн-түн демей еңбек етіп жүрген басшылар, мемлекеттік қызметшілер өте көп. Солай бола тұра көпшілік әлгі танымалдардың айтқанын екі етпейді, сөзін сөйлейді…
– Біз ондай танымал адамдардың, блогерлердің айтқанына еріп жүре беретін болсақ, жұмыс істей алмаймыз. Бірақ, жас буынды тәрбиелеуіміз керек, үйретуіміз керек. Басқа саланы айтпағанда, мемлекеттік қызметте біз жас мамандарды, бөлім басшылары мен орынбасарларын дұрыс бағыттауымыз қажет. Көргенімізді айтамыз, тәжірибемізді бөлісеміз, заңдылықпен жұмыс істеу керек екенін ескертеміз.
– Қолыңыз қалт еткенде қандай жұмысқа көбірек көңіл бөлесіз?
– Біз жұмыста жүргеннен кейін, кенттің ішін көбірек аралауымыз керек. Қай жерде не болып жатыр, көзбен көргенге ештеңе жетпейді. Сондай жұмыстармен айналысамын өз басым.
– Кентті қаншалықты жаяу аралайсыз?
– Азанда мен жұмысқа ерте келемін, жұмысты өзім жоспарлап аламын. Содан кейін өткізетін тапсырмалар беремін. Қалған уақытымда осы кенттің ішінде түске дейін бір аралап шығамын, түстен кейін де ыңғайы келгенше осыған уақыт арнаймыз.
– Зейнетке шыққан соң нақты айналысатын шаруаңыз туралы ойланып көрдіңіз бе?
– Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп қалғанбыз ғой, әңгіме барысында айтылды да менің мамандығымның құрылысшы екені. Зейнет жасына шықсам, өзімді осы салада елестететін сияқтымын.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!