Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есіл-Торғай «елдесіп»…

27.02.2025, 11:00 78

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы,  көсемсөзші-эколог

Сан  салалы  даму  бағыттарын қалыптастыру  жолындағы  еліміз өлкелеріміздің  бедерін  кестелеген қом  суларымызға  қатысты  жаңа бастамаларды  өмірге  келтіре  бастады. Бұл – тарих  талаптарынан  туындаған қажеттілік.  Су – өмір  кепілі. Ал біраз өзен  бастаулары  сырттан  келетін аймақтарымыз  үшін  сындарлы су саясаты – аса  маңызды  тіршілік  тетігі.

Өткен  жылдың  аяғында, Орталық Қазақ­стан  аумағының  суларын  біраз зерделеп,  есіліп  аққан  Есіл  иініндегі Жарқайың  ауданы, Торғай  өзені бойындағы  Аманкелді, Торғай  аудандары тұрғындарымен кездесіп, жол соңында, ат басын Аралға тіреген бір жұмыс­шы топ осы талаптың қарлығашы ретінде – жақсылық хабаршысы деп қабылданды. Ресми түрде, «Каспий-Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын сулар­ды игеру Халықаралық қоры» және «Қазақ Су шаруа­шылығы ҒЗИ» өкіл-мамандарынан құралған ынталы тобы еді бұл бастамашылар. Елге ұсына келген идеялары: «Есіл өзенінің орта ағынындағы тасқын сулардың бір бөлігін Торғай өзені мен Арал теңізіне бағыттаудың» теникалық-экон­омикалық негіздемесі. Топ басшылығында  аталмыш Қордың өкілі Арман Тоғатаев, аталмыш ҒЗИ ғалымы Оразхан Қарлы­ханов сияқты  белгілі  азаматтар  бар.

Арал  жұртшылығы  бұл  ақжолтай  хабарды қуана қабылдады. Және бір оңды жайт  – жоғарыдағы Жарқайың тұрғындары, бергі, Тұран ойпатына бейім Торғай, Аманкелді ауданының халқы Есіл-Торғай суларын игеру және сол ағынның бір бөлігін Аралға бағыттау ұсынысын  бір  адамдай  қолдаған  екен. Бұл  ағайындық  көңілге  экология сынының ортасында  жатқан  Арал  жұртшылығы  аса разылық  сезімде  болды.

Қазақтың төл өзені Есіл Сарыарқа төсін кесте­лей ағып, Тұран өлкесіне тым таяп келген тұста, кілт ары бұрылып, теріскей бетке аунап кетеді. Сол иінде Жарқайың ауданының жері жатыр. Орталығы – Державинск қаласы. Осы бұрылыстан берідегі Торғайға құятын Қарынсалды өзенінің арасы бір 40 шақырымдай ғана еді. Міне, болашақ Есіл-Торғай-Арал арнасының ең ұрымтал тұсы – осы жер. Екі араны жалғайтын арнаның ұзыны 42 шаршы метр, ең терең қазылар тұсы 67 метр болады екен. Жоғарыдағы топ мамандары осы «кілтті» дұрыс тап­қан. Бұл тұсқа, Есіл суын биігірек деңгейдегі Терісаққан құйы­лысынан да жеткізуге болады. Сөйткенде, екі араға қазылатын арна 67 метр тереңдіктен  біраз  тайыз  шығуы  мүмкін.

Біз бұл идеяны талқылау кезінде, осы нұсқаға ой қосу мақсатында, «Есілдегі Державинскіден  төменірек, Бұзылық ауылы маңында салынғалы жатқан жаңа су қоймасынан, болашақ арнаны Дәмді өзені арқылы Сары­өзен-Сарықопа жүйесіне тіке тартса қалай болады?» деген ой айттық. Ол қойманың факторы Торғайға су тастаудың тұрақты кепілі болады, әрі Сарықопаға түсетін көлемі 7,5 млрд текше метр су тоспасына тіке қатынас түсер еді. Мамандар бұл бағытта ойланатын сыңайлы. Ел-жер үшін игілігі анық бұл бастаманың төңірегінде сол кездесуде көптеген оң тілек айтылды. Берер пайдасы мол және ұтымды шешім  болуы  мүмкін  ойлар  ұсынылды.

Техникалық-экономикалық негіздеуде бұл игілікті бастаманың бірнеше жолы қа­рас­тырылған. Қаржылық-экономикалық пай­да-­қайтарымы тыңғылықты есептелген. Ең бас­тысы, бұл ғасырлар бойы Солтүстікке кетіп жатқан біздің біраз өзен-ағынымызды, шын мәнінде, тиімділікпен  игере бастаудың, Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды арнасынан кейінгі, бір  оңды бастамасы болғалы тұр. Арысы – Ертіс, бер жағы – Есіл, Тобыл: көп  көлемді суымыздың теріскей көрші жеріне  кетіп жатқаны – басы ашық жайт. Оңтүстікте осы күні әр тамшысы алтынға бағаланып отыр­ған су саясатымен салыстырсақ, бұл кетіп жатқан ырғын ағын сондай ақталымсыз ысырап­шылдықтың өзі деуге болар еді. Осыны біз БАҚ жүзінде  көтеріп,  айтудай-ақ айтып келеміз. Халық пен шаруашылық ауқымы қарыштап өсіп келе жатқан Орталық Қазақстан аумағында су тапшы. Оның бер жағында, Арал басындағы ахуал әлемге жария. Осындай жағдайда, ірге­дегі сонау мол судың іздеусіз-иге­русіз кете беруі  қалыпты  жайт  деуге  бола  ма?

Есіл-өзеннің көктемгі адуын мінезін ауыз­дықтау, сонан кейін бұл өзеннің жыл он екі ай бойғы қалыпты, кепілді ағынының тұрақ­тылығы  осылай  жүзеге  асуы  мүмкін.

Талқылау барысында, біз жобаның «…тас­қын  суларды игеру»  деген анықтауыш-бөлігіне назар  аударып,  төмендегі бір ойларды орта­ға салдық:  Әлемдік климат «өртеніп-жанып» бара  жатыр десек те, табиғаттың «мүшел» айна­лымының ылғалды жылдары  келіп, жерімізге қар мен жаңбыр түрінде өз игілігін беріп  жатқаны соңғы жылдары байқалып отыр. Осы игілікті суға зәру өлкелеріміз орнықты, ұтырлы  ретпен игере алса, ол – молшылық ризық, қалауын таба алмай, қиындықтарға жол беріп қойса, ол – апат, проблема…

Су күтулі жерімізге жыл сайын ақ басқын қар, ағыл-тегіл жаңбырды табиғат үйіп-төгіп қайта-қайта бере де бермес. Бірақ, қандай жағдай болғанда да, бұл ұсынылған жобаның болашағы кең, кесімі мен шешімі пайдалы, опалы деген ой бар. Кешегі КСРО, онан беріде, Ресей-көрші батпаққа малшынған Сібірден, бұрынғы одақ міндетімен де, бүгінгі имандылық принципімен де, су күтулі кең-байтақ Оңтүстік, қиналыстағы Арал үшін ылғал беруге аса құлшыныс танытпады. Мораль тұрғысынан да сол су мұнда келуі тиіс еді. Бірақ, кей жағдайда «мораль» деген имандылық шарты қадірсіз ғой… Дегенмен, бері қарай су берудің тарихи қажеттілік екенін, осы күні олардың өздері де ішінара мойындай бастағаны байқалады. Жүз толғанып, мың ойланудың мұндай да дүбәра кезеңдері өтер… Ал мына ұсынылған жоба қалай да жүзеге асуы тиіс! Тіпті, табиғаттың әлгі «тасқындары» болмай қалған жағдайда да! Бұл ойдың негізі  былай: көп  суымыздың Солтүстікке кетіп жатқанын айттық. Жай ғана кетіп жатқан жоқ, ең құрғақшылық деген жылдың өзінде де, әсіресе, Есіл-су теріскей өлкеміздің біраз жерін – Солтүстік Қазақстанның Таранкөл, Сергеев аймақтары, әсіресе, Қызылжар-шаһар аумағын жылда қызылсумен тоғыта, көп әбігер салып өтіп тұр. Бұл жағдайлар Тобыл, Ертіс алаптарында да байқалады. Мәлім жайт: қалыптасқан табиғи дәстүр бойынша, көктемнің бірер айында Орталық Қазақстан  суларының  80 процент ағыны бұрқап, жөңкіле ағып өтеді. Демек, бұндай ахуалда, әлгі ұсынылған жоба болашағы «тасқындар» деген ерек жайттарға сонша байланбаған, тәуелсіз болашақты іс болмақ. Көктемгі адуын сулар қалай да жуасытуды, игеруді қажет етеді. Қандай да бір жыл мінезінде де  бұл  ұсыныс  болашақты,  ғұмырлы  болады  деп  отырған  себебіміз  сондықтан.

Бұның  сыртында  тағы бір ойлар бар: Қазақ даласының шөлін қандырып жатқан Қ.Сәт­баев  атындағы Ертіс-Қарағанды арнасы (ЕҚА) – жеріміздің құты. Есілдің бастауына ірге тепкен Астанамыздың қажеті үшін осы арна бойын­дағы Молодежный көтермесінен Астана қоймасына су айдалады. Есіл суын тағы бір үстеулеуші бұл фактор бас қала қажет­тігінен туындайды. Ал, негізі өзімізде өніп, жылдық ағыны 30 млрд текше метр құрайтын Ертіс  суын  қарымды  игеру – ел  мүддесінің талабы. Мұның жолдары көп және ол мамандар есебінде екені даусыз. Бізден қажеті болар деген бірер ой: ЕҚА-ның алғашқы бөлігін кеңейте күшейтіп, көлемі артқан «Шідерті» су қоймасынан Ерейментау қаласына тың арна тарту керек. Ал Ермен-биік кезеңінен асқан сол су бас қалаға солтүстік-шығыстан 130 шақырым арна арқылы өз ағынымен жете алады. Бұл арна ЕҚА-дан 150-200 метр төмен жағдайда Астанаға жетеді, демек, судың өзіндік құны да біраз төмен болмақ. Бұл – Астананы, Орталық Қазақстанды арзан сумен қамтудың тағы бір нұсқасы. Және Есіл ағынын икемді реттеудің тағы бір тетігі. Және көктемгі бұрқағы өткен  Есілдің  қалған  уақыттағы тұрақты ағынының бір кепілі болмақ. (Бұл орайдағы ойлар «Егемен Қазақстан» газеті, 02.10.2019ж., 05.11.2021ж. және «Сыр бойы», «Халық» газет­тері, 27.05.2010ж., 03.10.2019ж. және басқа басы­лымдарда  бірнеше  рет  жарияланған).

Есепті көрші өзінің Обь-суын Енисеймен үстеулей ме, әлде, Ертісті Алтай тауларында Қатын өзенімен демей ме – ол жағын өзі ойлас­тырар.

Осы  сөздің  ретінде, еске ала айта кетсем болар:  бұл идея нұсқасын мен, автор ретінде, сонау 1967 жылы республикалық «Білім және Еңбек» журналында, біраз ой тарқата, жоба-схемасын сызып бергенмін. Ол Аралдың енді  бастап қайта бастаған уағы еді. Арал тағдырының болашағы осылай шығады деген біраздың қаперінде жоқ жайт еді. Сол кездегі журнал редакторы Абдул-Хамит Марха­баев (кейін  бізге ҚазГУ-де сабақ берген  ұстаз) нағыз  патриоттық  тұғырда,  сол  мақаланы журналда жариялап жіберді. Мақаланың алғашқы қойыл­ған аты «Аралды қайтсек сақ­таймыз?» болатын. Бірақ сол кездегі «қызыл цензура» деген­нің  шеңгелі қатты болды ма, редак­тор ағамыз «Арал суы молайса» деген «жұмсақтау»  атпен ол ойды өткізе алған сыңайлы. Қиын уақыт еді ғой. Сол кездегі біздің балаң тілектің «прожектісі» еді ол. Сонан бастап, Арал тақырыбы менің  тағдырыма  айнал­ған  еді  дей  аламын…

Сонан  бері  де,  біздің шығармашылық-­адами  әлеуеттің  көп  бөлігін алған Арал мәселесін тынбай айтуда, дәл осы бағыттың кеңейтілген, тереңдетілген, дамытылған біраз нұсқасы «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебие­ті», «Түркістан», «Айқын» газеттерінде бірнеше рет жарияланды. Бұл жылдардың біраз ойлары Арал-Сыр бойында жүзеге аса да бастады… (Бұл ойларды мен «Қазақстан арнасы» деген жалпы атаумен ондаған жылдар материалдарын жинақтаған топтамамда сақтадым. Ондағы негізгі ой: Сібірден бері тартылуға тиіс үлкен арна мәселесі шешілмей тұрғанда, біз, Қазақстан өз тірлігімізді істеп, өз суларымыз­ды батыл игере беруіміз қажет деген ойды бекем­деу еді). Міне, жоғарыдағы сол ұсыныс, араға 57 жыл салып алдымнан шыққан соң, мен енді неге қуанбайын! «Ештен кеш жақсы» деген.  Бұғанасы бекіген ел саясаты бұл мәселеге  енді  бет  бұра  бастағаны  ғой!

Бір мәлімет бойынша, әзір, Сарыарқада сіресе жатқан қарда 10 млрд текше метр шамасында су «ұйықтап» жатыр. Демек, биыл да біз үшін тасқын қаупі елеулі екінші жыл болғалы тұр. Сол молшылық – зиян қатері емес, игілік көзіне айналғай! Осының бір болашақты, бекем тетігі «Есіл(арысы Ертіс)-Торғай-Арал» жаңа су жолы болмақ. Ол, жоғарыда айтқаны­мыздай, тасқынсыз жылдары да өз қызметін сенімді дәстүрде жалғастыра алады. Ең алды­мен, Орталық Қазақстанның су мәселесіне оң әсері болады. Есіл бойында жылда ие бермей тұрған тасқындарды реттейді. Торғай, Сары­өзен алабын суландырып, осы өзендер экожүйе­сін оңалтады. Арал маңы Қарақұмының бере­келі жайылымдарына дем береді. Арал, Қазалы аудандары шөлін қандырып отырған «Толағай» су кенішін жер астынан қуаттандырады. Ең ақырында, ол ел тілегімен көтеріліп жатқан біртұтас Солтүстік Арал теңізін қолдауға келетін жаңа су көзі болмақ. «Есіл(арысы Ертіс)-Торғай-Ырғыздың бір арнада тоғысатын бөлек ағыны аз су болмасына сенім  зор.

Арна жүйесінің  жалпы  құны (2024 ж. бағаммен) – 260,373 млрд теңге. Жұмыстың біту  уақыты,  биылғы жылмен санағанда – 2027 жыл. Қаржылық-экономикалық қайтарымы нақты есептелген. Бұл су жолының эконом­икалық, әлеуметтік, экологиялық күтулі  игіліктері  көңіл  қуантады.

Еліміздің орталық алабынан бері түсетін бұл арна біздің Оңтүстіктен келетін дәстүрлі дариялар ағынына еш кері әсер беруге тиіс емес. Оңтүстіктегі сыбағалы суларымызға еш балама  жоқ!

Жақында  айтылған  бір  телеарна  мәлі­метінде, «Каспий-Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру Халықаралық қоры» және «Қазақ Су шаруа­шылығы ҒЗИ» бастамасымен ұсынылған осы жаңа су арнасы идеясы Республика Үкіметінің дәргейінде қарала бастады деген хабар жетті. Бұл – осынау арна игілігін күткен өлкелер үшін оң лепес. Енді бұл игілікті бастама Қазақ­стан Республикасы Су ресурстары және ирригация  министрлігінде  қолдау  табады  деген  сенім  бар.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: