Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН:
Астарлы ойдан ат тонды алып қашып, бос қалжыңға бой берген қазіргі кезеңде сатирамен сағына көрісеміз. Неліктен жеңіл нәрсеге жер тепсіне күлу әдетке айналды? Ал, қоғамдағы олқылық пен кемшілікті бетке басатын батыл жанрдың жайы қандай? Осы және өзге де сауалға Ақтөбе қаласындағы «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан жауап берді.
ҚАЙ ЖЕРДЕ САТИРАҒА ЖАНАШЫР АДАМ БАР, ФЕСТИВАЛЬ СОНДА ӨТЕДІ
– Аға, сатира – қоғамдық аурулардың симптомын анықтайды десек, сол «дертті» емдеуде қаншалықты қауқарлы? Сын садақ – шын сабақ болып жүр ме?
– Сатира – атам заманнан келе жатқан жанр. Ол жоғалған жоқ. Қоғамдық ауруларды анықтайды, анықтай да береді. Бірақ, әрі қарай емдей алмайды. Оның дәрісі жоқ, болғанның өзінде күші жоқ. Теңеу сөзбен айтсақ, ауруханасы да жоқ. Өйткені, әлеуметтік желі дамыған кезде кімнің кім екенін айыра алмай қалдық. Қазір кәсіби әнші мен артистер көрінбей қалды. Кім көрінген ақын, кім көрінген әнші, кім көрінген жазушы, бәрі сатирик, одан қалды сыншы. Сол секілді нағыз сатирамен айналысатындар қоғамда көрінбей, жұтылды. Тарақанға у шашқан кезде бастапқыда қырылып қалады да, кейін сол уға бейімделеді. Біздің қоғамда да сондай. Сатираның уына уланып жатқан ешкім жоқ.
– Әдетте, поэзия мен прозаға қатысты мүшәйра мен байқаудан көз ашпаймыз. Ал сатираға сирек өткізіледі. Бұл сатириктердің сап түзеуіне кедергі, жауынгер жанрдың жер бауырлауына себеп емес пе? Қалай ойлайсыз?
– Иә, расымен сатира бойынша өткізілетін байқау аз. Республика бойынша сатира байқауы Ақтөбеде өткізіліп келе жатыр. Яғни, 2020 жылдан бері бастау алған «Әдебиет. Қоғам. Рух» атты байқауда сатира жанры бар. Осыдан 2 жыл бұрын қатысып, Үмбетбай Уайдин атындағы жүлдені иеленгенмін. Биыл қыркүйек айында тағы өтеді. Сондай-ақ, «Екі езу» театрының 2002 жылдан бері 2 жылда бір рет ұйымдастыратын «Айтқыштар Ақтөбеде» фестивалін атасақ болады. «Үздік автор» номинациясы бойынша үздік сатирикті анықтаймыз. Ал республикада мұндай байқаулар жоқтың қасы. 2001 жылы Алматыда І республикалық әзіл-сықақ фестивалі басталып, бір-ақ рет өтті де, әрі қарай ғұмыры қысқа болып, тоқтады. Одан кейін Бауыржан Ибрагимов ағамыз «Бауыржан Fest» жобасын қолға алып, ол да кейін тоқтап қалды. 5 жылдан бері Қостанай облысында сатирик, жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» деген әзіл-сықақ фестивалі өткізіледі. Осыған қатысып, бес рет жүлдені жеңіп алдық. Қызылорда облысы Арал қаласында Құдайберген Сұлтанбаев атында бір фестиваль өткені есімде. Шиелі ауданында да «Мейірманның шәкірттері» атты байқау ұйымдастырылған. Ара-тұра мұндай байқаулар болғанымен, поэзия мен прозаға қарағанда аз.
Негізі қай жерде сатираға жанашыр адам бар, фестиваль сонда өтеді. Мақтанғаным емес, бірақ Ақтөбеде мен болмасам, «Айтқыштар Ақтөбеде» қолға алынбас еді. Бір жағынан сатириктер аз. Олардың күші жете бермейді. Мысалы, Шымкенттен Мұхтар Шерім мен Сая Қасымбекті ғана танимын. Шымкентте 500 жазушы бар дейді, соның екеуі ғана сатира жазатын болса, әрі қарай бағамдай беріңіз. Аз. Ақтөбедегі 20-ға жуық жазушының екеуі сатира жазады. Классик ағамыз Төрежан Мәңдібай және мен. Сатирик аз болғаннан кейін де немқұрайды қарап, «осыған кім қатысар?» деген ой туындауы мүмкін.
Қазір тас лақтырсаң, ақынның шекесіне барып тиеді. Ақын көп. Қазақ өзі өлең жазуға құмар ғой. Ақын емесі де өлең жазып, көбі сатираға бойлай бермейді. Меніңше, байқаудың аз өткізілу себебі де осында. Сонымен қатар, сатираға мемлекеттік қолдау керек. Әрбір сатириктің кітабын шығарып, материалдық және моральдық тұрғыда қолдаған жөн. Өйткені, бұрын «Ара» журналы мемлекет қолдаған кезде қалай болды? Бір «Ара» журналы бүкіл Қазақстанды дірілдетті ғой. Оған бір адам, бір бастық шығатын болса, жұмысымен қоштаса бастайды. Біреу туралы фельетон жазылса сескенеді. Бізде қазір сатирадан ешкім сескенбейді. Мысалы, бір мақала жазсам өзім кінәлі болып, «осыны неге жаздым?» деп жиналыстарда ұялып немесе қорқып отырамын. «Сен жазыпсың-ау, керемет!» деп ешкім айтпайды. Неге депутаттар талқыға салмайды. «Осындай мәселе айтылыпты» деп мемлекеттік деңгейде көтерілмей тұр.
МАҚСАТ – ЕЛДІ ДҮРЛІКТІРУ ЕМЕС
– «Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады». Демек, күлкі – қуатты қару. Ал, адамның «қалай» және «қай нәрсеге» күлуі ой-өрісінің қай деңгейде екенінен хабар береді. Сіздіңше, қазір қоғам қалай күліп жүр? Қымбат күлкінің салмағын ұмытпадық па?
– Көпен көкеміз «Күлкі – күштілердің қаруы» деп айтып кетті. Он жылдай «Тамаша» ойын-сауық отауында автор болып жұмыс істедім. «Тамашаның» шекпенінен шықтық. Көрерменге ұсынылған көріністің көбі ой салатын. Астарлы күлкі. Қазір біздің театр да солай. Әрбір әзілдің ішінде сананы сілкіп алатын ой, қозғайтын мәселесі, қоғамның дерті айтылады. Сатираға ешкім тарқылдап күлмейді. Ал қазіргі күлкі жеңіл. Өйткені қысқа әрі жылдам нәрсеге үйреніп кеттік. Дарақы күлкі көбейді. Көрермен де соны қалап тұрады. Мысалы, театрда қоғамның мәселесін көтеретін әзіл жазып, артистер сахнаға алып шықса, көрерменге ұнамайды. Сөйтіп басқа театрлардың қойылымын, болмаса КВН-шиктерді айтып, «сендер соған жете алмайсыңдар» деп салыстырады. Сайып келгенде, әрбір театрдың өз саясаты, формасы, сахнасы бар ғой. Біз халықты емес, халық бізді тәрбиелеп кетті. Көрермен не айтады, соны қоюмыз керек. Соны басқа театрлар жасап, үйретіп тастады. Негізі ол дұрыс емес. Әр театрдың репертуарын халық қабылдау керек. Тәрбиелік мәні, айтатын ойына зер салмайды. Ал біз кез келген адамның айтқанымен жүреміз. Осындай деңгейге түсіп кеттік. Күлкінің де, әннің де арзандап кеткені сол. Мағынасы бар әндер филармонияда ғана айтылады, ал көпшілік концертіне билет алып келмейді. Ал дөрекі, анайы сөздері бар әннің тыңдарманы біраз. Біз сонда қандай халге жеттік?
– «Есекті тышқан теуіп өлтіріпті». Осы қысқа көлемді сатираңызда біраз дүниенің басын ашып жазасыз. Астарлы. Айтыңызшы, мақтамен бауыздаудың қиындығы неде? Ал қаламыңыз қалағаныңызды жазуда еркін жорғалай ма? Әлде кейін шегеріп, жылы жабатын сәттер бола ма?
– Қоғам, орта жазуға итермелейді. Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында бес жыл директор болдым. Сол аралықта бір кітап жаздым. Өйткені үйде немесе кабинетте отырсам, ештеңе көрмеймін, жаза алмаймын. Сыртқа шығып, көпшілік жерге барсам, ой туады, түрлі оқиға көз алдыма келеді. Театрда түрлі образды көріп, «Түйреуіш» атты кітап жаздым. Оның алдында «Қатираның құрт зауыты», «Ауылдағы айтқыштар» деген екі кітабымды оқырман қауымға ұсындым. Бұдан бөлек, тағы екі кітапты бастап, жазып қойдым. Анығында, мақтамен бауыздау – сатираның стилі ғой. Театрда директор болып жүргенімде әлеуметтік саланы, идеологияны жүргізетін облыс әкімінің орынбасары болды. Мерекелік концерттердің алдында дайындықты көріп, қабылдарда «мынадай ән мен би әкімге ұнамайды», «қызыл түс әкімге ұнамайды» деп ананы-мынаны айтып, мазаны алады. Содан «Мұртты мені құртты» деп әзіл жазғам. Мұрты бар адамнан қорқамын. Бір күні әлгі кісі «сіз мені жазған жоқсыз ба?» деп келіп тұр. «Қалай сізді жаздым? Мұрты бар адам көп емес пе? Көшеде де толып жүр» дедім. Мақтамен бауыздау да сондай сияқты ғой. Аты-жөні аталмағанымен, өзі іштей сезеді. Адам өзі түсініп келеді.
Мемлекеттік театр болғанан кейін шамалы жан-жағымызға қараймыз. Жалғыз өзім емеспін. Қаншама театр артисі еңбекақы алып, отбасын асырап отыр. Сондықтан, кейбір жазбамды жасырып қоямын. Бәлкім, зейнетке шыққанда кітап шығарсам, соған жариялайтын шығармын. Негізі шама-шарқымыз келгенше қоғам дертін айтамыз ғой. Мақсат – елді дүрліктіру емес. Біреудің мінін айтқанда да жеткізе білу керек. Ойдан қосып көркейтудің керегі жоқ. Мен қалай көремін, солай жазамын. Қазір әдебиет пен мәдениетте де жүрмін. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деуші еді. Шүкір, 30 жыл болды, суға кеткем жоқ.
МЕНІҢШЕ, АҚТӨБЕДЕ ДЕМОКРАТИЯ БАР
– Қызметте де қарымды еңбек етіп жүрсіз. Осы орайда, ширек ғасырдан асқан «Екі езу» театры жайында сөз қозғасаңыз. Зілі жоқ әзіл көбейген кезеңде сахналық қойылымдарды қалай саралайсыз? Көрерменді қуантуда, мазмұнды кеш өткізуде мән беретін тұсыңыз қайсы?
– Көпшілік Нұрлыбек Жұбатқанның есімін танытқан «Екі езу», «Екі езудің» атын шығарған Нұрлыбек Жұбатқан дейді. Әуелгіде театр емес, 1998 жылы күлкі клубы болып құрылды. Ол уақытта облыстық «Ақтөбе» газетінің мәдениет бөлімінде тілші болып жұмыс істедім. Бастапқыда Ақтөбенің талантты 4-5 қыз-жігіті болды. Әлеуметтік желі де жоқ. Жаяу жүріп, афиша жабыстырғанымыз есімде. Алғашқы концертіміз 1998 жылы 21-22 наурыз күні өтті. Екі күн концертте аншлаг болып, халықтың қошеметін көріп қуандық. Бір жылдың ішінде жан-жағымыздағы облыстардың сахнасын жаулап алдық. Қыстыгүні Қызылордаға барып, бүкіл ауданын аралап, Атырау, Ақтауға дейін жол жүріп, халықтың ықыласын сездік. Сөйтіп 2005 жылы Алматыда Республика сарайында концерт қойдық. Қазір енді театрымызға 27 жыл. 2001 жылы мемлекеттің қарамағына өттік. Оның да өз қызығы бар. 2000 жылы Атырау облысы «Екі езу» театрын «мемлекеттік театр етеміз, үй, машина, штат бөлеміз, аристерге айлық төлейміз» деп жұмысқа шақырды. Сол жылдары мәдениетті қолдау жылы ғой. Бірақ, бізге демеу көрсеткен ешкім болмады, өз-өзімізбен концерт беріп жүрдік. Табыс таппаймыз, десек те халықтың көңілін көтерсек болды дедік. Ол кезде газеттен де өз еркіммен шығып кеткенмін. «Атырауға барсақ па, бармасақ па?» деп ойландық. Бір апта уақыт берген болатын. Сөйтіп, өзім қызмет еткен «Ақтөбе» газетіне барып, ағаларымнан ақыл сұрадым. Журналистерге де жаңалық керек. Газеттің бірінші бетіне «Екі езуге» Атыраудың құда түскені рас па?» деп айқайлатып тақырып қойып, мақала жазыпты. Сол уақыттағы облыс әкімінің қолына түсіпті. Мүмкін, көмекшілері жеткізді ме, қайдан білейін. Содан үйге қоңырау шалыпты, анам «сені облыс әкімінің орынбасары Амангелді Қабашұлы шақырып жатыр» деді. Неге шақырғанын түсінбедім, газетке жарияланғанын да білмеймін. Содан артынып-тартынып барсам, бәрі жылы күтіп алды. Газетті көрсетіп, «мынау рас па, қайда бара жатырсыңдар?» деген сұрағына «рас аға, әлі ойланып жүрміз, бірақ кететін шығармыз» дедім. «Жеке театрмыз, қайда баратынымды өзім білемін» деймін ғой. Сөйтсем, әкім «қалсын, қандай көмек керек, киім тігіп берейік пе, жоқ әлде аппаратура алайық па, микроавтобус керек пе?» депті. Оларды бір рет алып бергенімен, әкім де, орынбасар да бұл орыннан ауысатынын, басқа әкім келіп, басқаша саясат жүргізетінін айтып, одан да «Атыраудың ұсынысы сияқты мемлекеттік театр етсеңіздер, қаламын» деп ойымды білдірдім. 1 сәуір «Күлкі керуені» театрының бес жылдығына қатысу үшін Алматыға ұшып кеттім. Сол күні түстен кейін сүйінші хабар қуантты. Ертеңіне келсем, «Екі езу» эстрадалық миниатюра театры ашылсын, 17-18 штат берілсін» деп облыс әкімі бұйрық шығарыпты. Сол штатты әлі ұстап келе жатырмын. Тек екеуі қысқарып, 15 болды. Өз алдына мемлекеттік театр еді, қазір филармония жанына қосып жіберді. Бюджеттен айлық аламыз, бірақ директор деген статус жоқ. Есепшіміз болған еді, оны да қысқартып тастады. Өз алдымызға дербес болғанда дамып едік, жоспарды өзіміз құрамыз, өзіміз шешеміз, өзіміздің қаражатымыз болды. Мысалы, мен қызмет ететін өнер орталығында он ұжым бар. Былай қарағанда, бір әйелге бір бала баққан артық па әлде он бала ма? Анау-мынау ұсақ-түйектер бізге жетпей қалады. Бірақ жаман емеспіз, әйтеуір. Тек болашақта «Екі езуді» қайтадан бөлек алып шыққым келеді. Өйткені, сатира театры саусақпен санарлық. Жалпы, Қазақстанда мемлекеттік сатира театры екеу. Бірі – Шымкентте қалалық әзіл-сықақ театры, екіншісі – «Екі езу». Басқа қалаларда атымен жоқ. Театрлар бар, бірақ жеке.
Бір жағынан қуанамын, кім көрінгеннің жобасын бұлай мемлекет қаржыландырмайды. Қолдап отырғанына алғыс. Біз енді тентек баламыз ғой. Арасында ананы айтып қаламыз, көрсетіп қоямыз. Осы уақытқа дейін ешкім қысым көрсеткен жоқ. 30 жыл болды «неге бұлай қоясың, былай айтпа» деген әңгіме болған емес. Басқа облысқа жауап бере алмаймын, меніңше, Ақтөбеде демократия бар.
Репертуарға келсек, Шымкентте Мұхтар Шерім ағаммен жақсы байланыстамын. Бір-бірімізге сыйластығымыз жоғары. Мықты сатирик. Ақыл-кеңесін айтып тұрады. Театр репертуарына әзіл әңгімелерін енгіздім. Сейіт Кенжеахметов аға – әкемдей болған кісі. Ол да білгенімен бөлісетін. Көпен көкемізбен де жақсы қарым-қатынаста болдым.
– Сатирадағы қолтаңбаңызға қанықпыз. Тіпті бастан өткерген оқиғаларды майын тамызып жазасыз. Бұл тұрғыда бөлек жинақ шығару ойда бар ма? Жоспарыңызбен бөліссеңіз…
– Бір оқиғаға куә болсам, соны жазғым кеп тұрады. Жазбасам, тыншымаймын. Көлікте келе жатсам да, отырсам да, тұрсам да сол нәрсе миымда маза бермейді. Толық жазып, әлеуметтік желіге жүктеп, көпшілікпен бөліскенде рақаттанамын. Жоғарыда айтып өткенімдей, екі жинақ жазып қойдым. Бірі – сатиралық төртінші туындым, келесісі – балалық шағым жайындағы кітап. Жүріс-тұрысымның бәрі комедия ғой негізі. Қаражат табылса, қолдау білдіретін кәсіпкерлер болса, шығарамын. Қолжазбам дайын тұр. Мен туралы кітап жазамын деп жас қаламгер көптен бері қолқа салып жүр. Ойланып отырмын. Биыл өнерде жүргеніме 30 жыл болады екен. Жалпы, мерейтойды жек көремін, 30-40 жас деп, атап өткен емеспін. Әзіл ғана емес, ән де жазамын. Оны өзім орындаймын. Демек, шығармашылығыма 30 жыл толуына орай есеп беріп, концерт өткізуге болады.
ШЫНДЫҚТЫ ҚОҒАМ ҚАБЫЛДАУҒА ӘЛІ ДАЙЫН ЕМЕС
– Аға, шындықтың табиғатына неліктен тек шырқырау мен шырылдау тән?
– Қазір шындық көп айтылмайды, оны бәрі мойындайтын шығар. Шындық айтқан адам қудалауға түседі. Жеке адамның бетіне де тура сөйлесең, сені жау көреді. Өйткені, шындықты қоғам қабылдауға әлі дайын емес. Шындықты айтатын азаматтар бар, көріп те, естіп те жүрмін. Шындықты да шырылдатып айтатын кезең туады деп ойлаймын. Себебі, өтірік өрге тез өрмелегенімен, түбінде шындық өтірікті басып озатыны анық. Ол күнге де бұйырса жетеміз. Ол кезде Қазақстан әлемдегі ең мықты мемлекетке айналады. Сонда шындық болады. Ал өтірік бар жерде ешқандай өсу жоқ. Барынша шындықты қолдаймын. Оның да айтылу жолы бар. Тұспалдап жеткізбесең, тіке айтудан ешкімге жақпай қаласың.
– Сіз үшін ең қадірлі сөз қандай? Ал өмірлік ұраныңыз ше?
– Әкем марқұм «біреудің ала жібін аттама» деуші еді. Осы сөзде қанша мән-мағына жатыр. Өмірлік ұраным – өтірік айтпау, қарапайым болу. Ешкімді жасқа бөлмей, үлкенмен үлкенше, баламен балаша сөйлесемін. Бәрімен тіл табысуға тырысамын. Өзімнің өмірдерегіме зер салып, шығармашылық жолыма үңілсем, жетістігім де аз емес. Соған қарамастан, «мен үйттім-бүйттім» деп көкірегімді көтермегенмін.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!